Расында да, Әзаға майдандағы жанкештілігімен, Отан үшін жанын пида қылуға деген өжеттігімен халқына пана бола білді. «Адамдардан шеге жасап қақса егер, одан артық мықты шеге болмас еді» деп ақын жырлағандай, ұлтын сақтап қалу жолында Әзаға – нағыз мықты шегедей болат болмыс, мәрт мінез танытқан қаһарман.
Ал жанын салып, талантын сығып жазғандарымен халқына дана бола білді. Ол әр жүрекке махаббаттан пана соқты. Сирек жаратылыс болатын себебі – ол адамгершілікпен суарылған пәк періштедей таза, жаны мөлдір тұлға болатын. Кеудесінде бір түйір дәндей өзімшілдігі мен тәкаппарлығы болмаса, ол адам жұмақ төрінен орын алмақшы. Сондай құрметке лайықтылар қатарында шығар-ау...
Әзаға жүрегі махаббатпен нұрланған. Өкпесінде өкпеге титтей орын жоқ. Бауыры тек бауырмалдықты балалатқан. Жанары мейірімге мелдектеп тұрушы еді. Бар болмысы адамгершіліктің, кішіпейілдіктің, сүйіспеншіліктің асыл құймасындай жарқырайтын.
Осы жазда Әзаға рухына арнап ұрпақтары Алматыдан әдейі барып, туған жері Қалбатауда ас берді, Құран оқытты. Сондағы Жеңіс саябағында Әзағаға бір зеңбірек телінген екен, халық жапырыла тағзым етісіп жатыр. Бір кезде «ұшты, ұшты» деп әлдекімдер даурығысып қалсын, елең етіп маңайымызға көз салып едік, ештеңе көре алмадық. Әлгі адам «Әне, махаббат ұшып барады, Әзілхан атаның махаббаты қалықтап барады» деп ду күлдірмесін бе?
Махаббатпен бұланған адам – ең күшті адам! Сонда махаббат аллеясы бар, кейіпкерлері Ербол мен Меңтайға ескерткіш қойылған. Жас жұбайлар осы қасиетті жерде үлкендерден бата алып, махаббаттың құдіретті жолына аттанады екен. Алдымызға келіп, иіліп бата сұраған жас жұбайларға Әзағаның мақамымен тілектестік білдірдік.
* * *
Екінші дүниежүзілік соғыста батарея командирі болған аға сержант Әзілхан Нұршайықовтың 1943 жылы алғы шепте жүріп Жамбылға жазған хатын өмірінің маңызды оқиғасына санауынан да жүрек қалауының маздағын сезінетіндейміз.
Әзаға соғыста 786 күн болғанын таратып айтып, жадында небір өшпестей қашалған мезеттерін ерекше мәнмен құнарландыратын.
Жамбыл атасына алғашқы хатын 1938 жылы мектепте жүріп өлеңмен жазған. Онысы қабырға газетіне, сосын аудандық газетке жарияланған. Содан атасының әр өлеңін іздеп жүріп жаттайды. Жауһар жырларын жүрегіне қысып майданға ала кетеді.
1943 жылдың көктемінде «Атамыз Жамбыл ақынға» деп ұзақ толғау жазады да, оған 100-дербес атқыштар бригадасының командирлері мен жауынгерлері қол қойып жөнелтеді. Көп кешікпей ұлы Жамбыл «Жүз жасаған жүректен» деп жауап қайтарады. Оны бригада жауынгерлеріне өзі оқып береді. Кейбіреулерінің көзінен жас парлайды. Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» ұран-өлеңін соңғы демі үзілер сәтте алқынып айтқан өздерінің жауынгер-досын естеріне алады. Осы кезде оқ борап кетіп, жауына өлеңмен өршеленгендей боп шайқасқа шығады...
Әзаға осы «Атамыз Жамбыл ақынға» деген өлеңін 1943 жылы әскери баспадан шығарады. Тұңғыш та соңғы өлең кітабы еді бұл. Жыр киесінен жасқанып, прозаға бұлтартпастай бет бұрады.
Ол Жамбыл атасынаң қолын алмақ болып ыстық аңсармен жүргенде, жыр баһадүрі Жеңістен бір айдан соң өмірден өтіп кетеді. Өкпесіне беріш боп қатқан ең үлкен өкініші осы еді.
Жамбыл атасына енді қандай құрмет көрсетемін деп, көп ойланып, ақынның 150 жылдығы қарсаңында «Жамбылға хат» кітабын бір досы арқылы Меккеге беріп жіберіп, бұл шығармасын «қажы» атандырады. Әрине, ұлы Жамбылдың рухына бас игендік қой. «Ақиқат пен аңызды» жазу барысында да Жамбыл атасына іштей сыйынып, дәрмен сұрайтын. Ұзынағаштағы Жамбыл музейіне барып тұруды жаны сүйетін еді. Рухына бас иеді, мінажат етеді. Кейде жазудан тоқырағанда Жамбыл бабасының басына әдейілеп барып, ұлы ақынның «қызыл жолбарысын» көргендей болып, шабыттанып қайтатын.
* * *
1970 жылы «Махаббат, қызық мол жылдар» атты қолжазбаны жолдастық парызбен алған ақын Мұзафар Әлімбаев: «Суынбай тұрып, ыстық күйімде айтсам: Шарап бермей масарттың, жиырма бес жасқа жасарттың... Жеңісіңмен құттықтаймын! Азаматсың! Азаматсың!» деген екен. Иә, бұл қарасөзбен жырланған махаббат дастаны іспеттес туынды әр жүректі салған жерден қызындырып, тулатып жіберуімен жасындай жарқыл иеленетін. Кезінде мектепте Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббатын» тығылып оқитын едік. Бүркіт пен Бәтестің ыстық сүйісетін жерінде ұрлық жасағаннан бетер ұялатын едік. Ата-анамыз көріп қалса, масқара болатындай қорынушы едік.
Бұл романды ересектеу кезімізде оқыдық. «Қызыл көрпе» оқиғасынан ұстамдылық, қызды аялай білу, махаббат періштесін қадірлеу секілді сезімдерді жүрегімізге байладық. Пәктік, адалдық, адамгершілік асыл қасиеттерді бойымызға дарытуға талпындық.
«Махаббат, қызық мол жылдар» – Ауған соғысында болып қайтқан кітап. Бейкүнә жауынгердің қойнына тығып оқып жүрген кітаптың жарылыстан қалған 18 бетін ауған соғысының ардагері Қожахмет Пәрмәшев жиыстырып алып, Әзағаның қолына тапсырады. Сондағы қарт майдангердің көз жасын тыя алмауы көпті толқытқан еді.
Ал Әзағаның өзі майданда төрт жыл бойы «Абай жолы» романын қолтығына қысып оқып, жауынгерлерге де сіміртіп, жұлмаланған күйінде оқытушысы Мұхтар Әуезовке көрсететіні бар ғой. Сонда ұлы Мұхаң кітабын сипалалап тұрып «Пәлі, оқ-дәрінің иісіне ысталыпты ғой» деп жүзі күреңіте томсырайып қалған екен-ау!
* * *
Ал Әзілхан Нұршайықовтың «Әскери күнделігі» неге араға біраз уақыт салып барып жарық көргенін қалай түсіндіруге болар еді? Күнделіктің құндылығы туралы не айтуға болады?
«Әскери күнделік» 2010 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрді. 2 мың данамен. Сұраныс күшті болды. Көп кітапхананың қолы жетпеді. Оның құндылығы сол, соғыстың әр күнін шежірелеп тасқа басып берді. Соғыс тақырыбы – зерттеушілерге таптырмас еңбек. Тарихшылардың негізгі құралы ретінде уақыт өткен сайын бағасын еселемек. Бұл шыққаны «Әскери күнделіктің» бірінші кітабы ғана. Екіншісі әлі қолжазба күйінде тұруы мүмкін.
Тағы бір «Күнделік-1982 жыл» деп аталатын еңбегін автор Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай 2010 жылы шығарып кетті. Күнделіктерінің бұл 1982 жылғысын таңдап алуының себебі – осы жылы халық батыры дүниеден өткен еді.
Үйіндегі өзі көрсеткен жатын бөлмесіндегі темір шкаф қаншама қолжазбаға сіресіп тұр десеңізші. Онда әдеби күнделіктері, тұрмыс күнделіктері сықап тұр. Басып шығарып, айналымға түсіру біздердің еншіміздегі келелі іс секілді. Парызымыз!
* * *
Әзағаның майдандағы, әдебиеттегі ерліктері еліктіре түсуімен де жүрек баурайды.
19 жасында Отан үшін отқа түскен Әзаға майдандағы 786 күнін ерлікке балайды. Зеңбірекшілер командирі болды. 9 тоннадан астам ыстық қорғасын құйыппын жау бағытына дейтін өзі. Бұл шамамен 1 миллион винтовканың оғына тең нәрсе. Ойлаудың өзі қорқынышты! Бұл ерлік емей не?
Әкесі Нұршайық Украинада, оның інісі Ниғап Ленинград майданында ерлікпен қаза тапты. Бір шаңырақтың тіреуі өзі болып қалып, елге аман оралды. Келсе, Мұхтар шешесі қайғыдан көз жұмыпты. Бұл ерлікке пара-пар қайғы зобалаңы емес пе?
Әзағаның майдандағы тағы бір ерлігі, ол қарша бораған оқтан бас ала алмай жүріп майдандық басылымдарда қызмет етіп, өлеңдері мен очерктерін, мақалаларын жазуы еді. Қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы алғаш рет қалам тартуының өзі неге тұрады?
Әдебиеттегі ерлігі: журналистік пен жазушылықты қос қанатындай тең ұстады. Тілші, облыстық, республикалық газеттердің бас редакторы, «Социалистік Қазақстан» газетінің Павлодар облысы бойынша меншікті тілшісі, осы газет редакторының орынбасары болды.
«Қазақ әдебиетінен» жаламен қуылып, екі жыл жалақысыз отырғанда да мойымады, қаламын «сорып», нәпақа тапты. Балаларын асырай алмаған кейбір сәтте достары Мырзабек Дүйсенов пен Тұрсынбек Кәкішұлы үйлеріне сылтаумен келіп, кетерлерінде балаларына білдіртпей ақша ұсына қоятын.
Журналистикадағы осындай ерліктерін екінші қанаты іспетті жазушылық машығы одан әрмен үстемелеп отырды. «Махаббат, қызық мол жылдар» мен «Ақиқат пен аңыз» романдары – соның айғағы. Бұлар – әдебиеттегі ерліктің нағыз үлгісі еді.
* * *
Әзаға афоризмдерінің әсері жөнінде қалың оқырман әңгіме тиегін ағытуға құмар. Мақал-мәтелге татырлық тапқыр сөздері көп болатын. Қайсыбірін айтайын. «Ұрпақта немере тәтті, Тұрмыста татулық тәтті» дейтін. Ол кісінің отбасылық бақытқа кенелуінің бір сыры осында жатса керек.
«Кітап арқала, арқаңа батпайды» дейтін. Мерейтойларда кітап тасып әкеліп үлестіретін. Кентаудағы Меңтайдың 75 жылдығына сөйтті. «Егемен Қазақстан» газетінің 90 жылдығына 90 кітап әкеліп, редакцияда таратқан.
Әрине, мұндай үлгінің маған да әсері болды. Мен де сөйтетін болдым. Биыл жазда Қызбелдегі мектебімнің 100 жылдығына осынша кітап сыйладым. Қалбатау, Амангелді аудандық кітапханасына да біраз кітапты жеткізіп бермекпін.
Ал мынадай афоризмдері жазу адамын қанаттандыра түсетін:«Жіңішке жазушылықтан, Жуан журналистігім артық»; «Газеттің сөзі өткір, Тілшінің көзі өткір»; «Жақсы редактор түзейді, Жаман редактор күзейді»; «Кітап оқымайтын журналист – киіз журналист»; «Маскүнем журналистің блокноты да арақ сасиды»; «Талантсыз журналист – тиексіз домбырамен тең», т.б.
Достық туралы да біраз афоризмі бар. Өз ұстазы Мұқан Иманжановты аса құрмет тұтты. Маған өсиет еткендей болып ол туралы мақала жазып тұруды өтінді. Ол аманатын орындадым. Әлі де жалғастырмақпын.
«Қаламсабыңды тастама!» деп Ә.Нұршайықов 60 жасқа толғанымда мақала жазды. Және де бұған «Талабыңды жасқама!» деп тақырыпша қосып қойды. Тапқырлық емей немене?
* * *
Әзаға «Қасиеттеп, құрметтеп, Сенің махаббатыңды. Ұрпаққа үлгі болсын деп, Алашқа жайдым атыңды», деп 54 жыл бірге өмір сүрген жары Халима Өзбақанова-Нұршайықоваға өлең арнаған еді. Екеуінің сыйластығы туралы аңызға бергісіз әңгіме айтуға болады.
Халима жастайынан аурушаң болған. Әзілхан жігітінің келешегін аяп, оны басқа қызға бұрғысы келгенімен, Әзағаң жігіттігін танытады. Шексіз сүйген соң да қыр соңынан қалмайды. Жақсы жар таңдай білді.
«Мәңгілік махаббат жыры» «Өлке» баспасынан шықты. Оған мәңгілік махаббат жырын арнады. Басына ақ күмбез соқты. Қасына өзі барып мәңгілікке жантайды. «Қазақ қатынын мақтамайды, сенікі не?» деп достары әзіл-шыны аралас шымшылағанда да «сол шартты бұзған мен ғана болып қалайын» деп, Халимасын мадақтаудан жаңылмайтын.
«Махаббат жыршысы» атанған ол Тәж-Махалға бара алмағанына өкінетін. Сол өкінішінің орнын мен толтырып, 2016 жылы әдейі «махаббат тәжіне» тағзым еттім. Алғаш барған М.Әуезов, Т.Ахтанов, т.б. жолымен жетіп, Әзаға аманатын орындағандай болдым. Үндістан билеушісі Жахан Шахқа әйелі Мүмтаз үш өсиет айтады ғой: «Балаларымды жақсы бақ. Әйел алма. Маған әлем таңданатындай ақ мавзолей соқ!» Жары осының бәрін орындады.
Әзаға да сөйтті ғой. Халимасының елеусіздеу етіп: «Қозы Көрпеш – Баяндай бір молада жатсақшы...» деп айта салған назын жерге тастамай ақ күмбез орнатты... Соған тәу етуге барғанда: «Сенен артық жан тумас, Туса туар артылмас. Бір өзіңнен басқаға, Ынтықтығым айтылмас» деп Абай аңсарындай арман-зарын төгетін.
* * *
Әзаға шығармашылығының насихатталуы, ұмытылмауы қандай деңгейде екендігіне оқырмандар, алаңдаулы, әрине!
Осы жазда барып көрдік, Ақбұзаудағы Халима екеуі тұрған үй қараусыз қалған. Бірлік ауылының әкімі орталықтағы саябақта Әзаға ескерткішін қоюды жоспарлап отыр екен. Бірақ оны сырт көмегінсіз атқару оңай емес екендігі белгілі.
Жасыратыны жоқ, насихатталуы бәсеңсіді. 100 жылдық мерейтойына жоспар жасап, тиісті министрлікке ұсынғанбыз. Сенаторға хат жазғанбыз. Жазушы Айгүл Кемелбаеваның Әзағаның өзі оқып ұнатқан керемет киносценарийі бар, «Махаббат, қызық мол жылдар» деп аталатын. Соны әлі де назарға алуымыз керек сияқты. Семей театры спектакаль қойды.
Күнделіктерінің толық қолжазбаларын шығаруға мән берілсе. Оның әдеби және тұрмыстық нұсқаларын жазушы шкафын өзі ашып көрсеткен еді. Дәптерлері самсап тұр.
Өзі айтатын, «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» романдарыммен қоса үштомдық «Өмір өрнектері» менің атымды ұмыттырмауға тиіс деп. Мұның да жалғас қолжазбалары бар екенін білеміз. Жариялау – парыз.
Кезінде «Махаббат жыршысы» музейін Алматыда ашуды қарастырғанбыз. Парламент депутаттарын жұмылдырып, қала әкіміне жазған өтінішіміз аяқсыз қалды.
Әзағаның оқырмандарынан келген хаттар – 3 томдай, оқырмандарға жазған өз хаттары – 2 томдай көлемде. Неткен тиянақтылық десеңізші. Ал қалам қайраткерлерінің берген автографы – 1500, өзі берген қолтаңбалары – 1000 үстіне шығады екен. Жарыққа сұранып тұрған қолжазбалар емес пе?
Ә.Нұршайықовтың 100 жылдығын атап өту жөнінде Президент Қ.Тоқаевқа ұрпақтары атынан хат жазылды. Әзаға оның әкесі Кемелмен дос болған, Қасым-Жомарт Кемелұлымен де сол достықты жалғастырған еді. Астанаға келгенде қабылдауында болып, кітаптар алмасатын. Әзағаның мына бір естелігінен үзінді келтіре кетсек, артық болмас: «Кемел қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі болды. Өзі таңдап алып, негізін қалаған детективтік жанрда алдына жан салған жоқ. Осы тақырыпта оннан аса кітап жариялап, чекистер өмірінен алынып жазылған таңдаулы шығармаларға республика бойынша жарияланған бірінші бәйгені төрт рет жеңіп алып, төрт рет лауреат болды. Қазақ жазушыларынан Кемелден басқа мұндай атаққа ие болған ешкім жоқ».
* * *
Әзілхан ағаның жанында көп жүрдік, баталы қарт екеніне көзіміз жеткен. Бата беруге айрықша мән беретін еді. Оның баталары әлі толық зерттелмей жүр. Бәрін жинастырса, кәдімгідей бүйірі толық кітап болар еді. Талант өзі сан қырлы болады ғой. Әзаға ауызекі сөйлегенде көмейінен өлең, тақпақ, бата суырылып түсіп жататындай еді. Ауызша айтқан әңгімелеріне атақты Ғабит тамсанатын болған ғой.
«Махаббат, қызық мол жылдардың» оқиғасын алғаш айтып бергенде, Ғафу Қайырбеков орнынан ұшып тұрып, «Әзаға, осыны бір аптада жазуды бастамасаңыз, оқиғасын мен жазып қоямын» деп арсалаңдай еркелеген ғой. Содан Әзаға шұғыл еңбек демалысын алып, жазуға отырады. Сонда ақ қағаз алдына шарт жүгініп: «Кірістім, кірістім! Сапалы жазуға тиіспін» деп өзіне-өзі бата берген екен.
Кейде отырыстың дәреже-деңгейіне қарай баталарын үлкен бата, кіші бата деп сапаластырып қоятын. Мысалы, сәби тұсауын кесіп жатып былай дейтін: «Бақытты бол, балақай! Бақыт– байлық емес, еңбекшілдік, еркіндік, ептілік. Осы үшеуін ұмытпа!» Осы сөздерімді сәби құлағына әбден есі кіргенше қайталап, жаттатыруды сізге міндет етемін, деп оның анасына жауапкершілік те жүктей салатын.
Әлдебір қонақта отырып берген батасын әріден шұбалтып, былай қайыратын: Ұрпақ ерен, өнерлі, заманға келісті болсын! Үрім-бұтақ, шөберең өркенді, өрісті болсын!
Ал үлкен баталарын салтанатты жиындарда былайша беруші еді:
Қазақстан картасындағы жер аман болсын!
Сол жерді мекендеген ел аман болсын!
Ол елдің ұйытқысы қазақтар аман болсын!
Қазақтармен қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан, қоңсылар аман болсын!
Аналар аман болсын,
Аналардан туған балалар аман болсын!
Жер бетінен өшпейтін ұлы халыққа айналып,
Қазақ халқы мәңгі жасасын!
Ақ батам қабыл болсын!
Әумин!
Міне, Әзағаң үлкен батасын осылай беретін.
Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты