Көпсалалы облыстық балалар ауруханасында ол 3 баланың бүйрек, көкет, өкпе, бауырына операция жасап, жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасты.
«Алдымен, туған жеріме келіп қуанып тұрмын. Облыс тарихи Жетісу деген атауын алып жатыр екен. Құттықтаймын. Талдықорғанда менің әкем Мұхтар Арын атында мектеп-гимназия бар. Биыл – білім ордасының 30 жылдық мерейтойы. Соған орай 3 балаға қайырымдылық операцияларын жүргізуді жөн көрдік. Бәрі сәтті өтеді деп сенемін. Біздің кішкентай балапандарымыз аман болып, қазақтың балалары көбейе берсін. Біз берген ем шипа болып, балдырғандар шапқылап кетсін», деді Н.Арын.
Одан кейін тәжірибелі дәрігер «Туған елге тағзым» акциясы аясында облыстың медициналық мекемелерінде шеберлік сабағын өткізді. Осы уақытқа дейін 25 мыңнан аса операция жасаған маман оның екі мыңға жуығын қайырымдылыққа арнаған екен. Балалардың ата-аналары дәрігердің игілікті ісіне алғыс жаудырды.
Қазір талдықорғандық дәрігерлер күрделі операцияларды алысқа сілтемей, ақылдасып, өздері жасап жүр. Мәселен, былтыр өткен Сергей Алексеевский есімді сырқатқа өкпе обыры диагнозы қойылған. Бірақ онкологтер жүрек-қан тамырлары патологиясына байланысты оған операция жасай алмапты. Осыдан кейін байланысты облыстық көпсалалы клиниканың онкологтері мен Талдықорған қаласының облыстық кардиологиялық орталығының мамандары шұғыл консилиум жинады. Сөйтіп, 62 жастағы науқасқа бір мезгілде аралас операция жасау туралы шешім қабылданды. Операция Жетісу облысы кардиологиялық орталығының базасында жасалды.
«Талдықорған қаласының кардиологиялық орталығында дәрігерлер бірегей күрделі операция жасады. Операция облыстық көпсалалы клиниканың дәрігерлерімен бірлесіп жүргізілді. Науқаста жүректің ишемиялық ауруы, ауыр коронарлық патология, клапан жеткіліксіздігі, ритмнің бұзылуы және ілеспе диагнозы қойылған. Науқаста сол жақ өкпенің қатерлі ісігі бар», дейді кардиологиялық орталықтың директоры Нұрсан Сейітұлы.
Облыстық көпсалалы клиниканың директоры Мадияр Өмірбаевтың айтуынша, операция сәтті өткен. Бұдан әрі мамандандырылған емдеу жоспарланып отыр. Операциялық материалды гистологиялық зерттеуден кейін химиотерапия курстары, сондай-ақ ісік генінің мутациясын болдырмау үшін молекулалық-генетикалық зерттеу жүргізілмек.
Науқас күрделі операциядан соң 2 сағаттан кейін толық есін жиып, келесі күні таңертең палатаға ауыстырылған. Қазір Сергей Алексеевский кардиологиялық орталықта алғашқы оңалтудан өтіп жүр. Бір аптадан кейін үйіне оралуға мүмкіндік бар. Алайда бір жыл ішінде ол дәрігерлердің қатаң бақылауында болады және облыстық көпсалалы клиникада емделуді жалғастырады.
Жетісу облысы