Аймақтар • 03 Мамыр, 2023

Құлпынай егемін деп құлшынып отыр

291 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қа­зақ агротехникалық зерттеу универси­тетінің студенті Ағзам Расылхан оқудан бос уақытында ауылына келіп, құлпынай егуді қолға алды. «Әулиеата Феникс» құс фабри­касында өндірістік тәжірибеден өткен жас жігіт жаңа кәсіпті жолға қоюға барынша ниеттеніп отыр.

Құлпынай егемін деп құлшынып отыр

Ағзамның отбасындағы үлкен­дер жағы ауыл шаруашылығына бейім жандар екен. Көктемгі дала жұмыстарын еңсергеннен кейін ұлы­мен бірге шағын алқапқа құлпы­най егіп, отбасылық табысты арт­тыруға бел шешіп кіріспек. Сту­денттің айтуынша, бірінші жылы отбасы мүшелерімен бірге 30 соттық алқапты игеруге ден қоймақ.

«Шынтуайтына келгенде, біздің үйдің адамдары мал және егін ша­руа­шылығына бұрыннан бейім­делген. Биылдан бастап, құлпынай егуге құлшынып отырған жайымыз бар. Турасын айтсам, жұрт табыс көзіне теліп жүрген бұл кәсіп біздің отбасы үшін бейтаныс әлем екені рас. Әйткенмен, ата-анам мен бауырларымның осы бір қада­мы­ма шынайы қолдау білдіріп отыр­ғаны қуантады.

Құлпынай егудің машақаты көп екенін жақсы білемін. Біріншіден, жердің құнарлылығы басты рөлге ие болса, екіншіден, дайын алқапқа тыңайтқыш себу керек. Онсыз іс өн­бей­ді. Сондай-ақ арық-атызды тазар­ту жұмыстарына ден қойған ләзім. Осы үдерістің бәрі сәтімен іске асқанда ғана ойдағыдай өнім алуға болады. Ал бұл жұмыстар табанды еңбекті қажет етеді», дейді А.Расылхан.

Оның айтуынша, әуелде құлпы­най өсірудің қыр-сырын көршілес Түркістан облысына қарасты Қа­зы­­­ғұрт ауданындағы достарынан естіп, қызығушылығы оянған екен. Кейіннен дақылдың қалай бапта­­ла­ты­нын өз көзімен көру үшін Қазы­ғұрт­қа арнайы барыпты да. Қаз­ғұрттық достарының іскерлігіне тән­­­ті болған ол өзі де құлпынай өсі­­ру­дің жолдарын жан-жақты қарас­­тырған.

«Қазығұрт жақта құлпынайды молынан өсіріп, ішкі нарықты таза өніммен қамтамасыз етіп отырған азаматтардың қарасы қалың екеніне көзім жетті. Олар жылына 1 гектар жерден 15-20 тоннаға дейін өнім алады. Түсінген адам үшін бұл деге­ніңіз – әжептеуір табыстың көзі ғой. Алдағы күндері құлпынай көшет­терін ауылы­мызға алып келіп, ал­қап­қа орналастыратын боламыз. Одан кейін аталған дақылды баптау жұ­мыстарын қолға алуға ниет­тіміз.

Жаңа істі қолға алған жастың сөзіне сенсек, ол 30 соттық алқап­қа құлпынайдың «Алба», «Аль­бион», «Клери» деп аталатын тұқым­дары­нан алынған көшеттерді отыр­ғыз­бақ. Қажетті 20 мың көшетті көрші өңірден әкелуді жоспарлап отыр.

Ақиқатын айтсам, қандай да бір жұмысты бастар кезде, оның мехнаты аз емес екенін сезінемін. Осы жылы еккен құлпынай жақсы өнім берсе, алдағы уақытта алқап көлемін ұлғайту жоспарымда бар. Арнайы қондырғылары бар жаңа технологияны қолдану арқылы өнім көлемін арттыру мәселесін де қаперден шы­ғармаймыз. Өйткені қазір барлық дүниенің көркеюі жаңа технолгияны тиімді пайдалануға байланысты болып тұр. Ал су мәселесіне келсек, ешқандай қиындық жоқ. Ағын су ал­қаптың басына жетіп тұр», дейді ол.

Ағзам жаңа технологияның өнім көлемін арттыратынына бек сенімді. Сол үшін де бақша дақылын тамшылатып суару технологиясы арқылы баптауға ниетті. Қазіргі таң­да жұмсақ пластиктен жасалған су құбырын, құлпынай көшетін орналастыратын топыраққа қажетті арнайы қара клеен­каны дайындап қойған.

Жастайынан еңбек даласында шыныққан Ағзам бүгінде құлпы­най өсіру ісін қолға алуға құлшы­нып отырса, ілгеріде жүйрік баптап, көкпар тартыпты. Әрине, ат­тың жалында өскен жуалылық жігіт­тер үшін бұл таңсық емес. Кейін­нен құс шаруашылығына ден қойыпты. Оның қорасында тауық­тың «Брама», «Амрокс», «Адлер» және тағы басқа түрі бар. Ол тауық өсіруді өзі­нің хоббиі санай­ды. Әр тұқым әр қора­да бөлек тұр. Ана­лық тауықтан жи­нал­ған жұмыртқаны да жан-жақ­қа жіберіп, өткізіп отыр. Жас кәсіп­кер тауық асыраумен қатар, инкубатордан балапан шығару ісіне де айрықша ден қойған.

 «Турасын айтсақ, әркім өзіне ұнаған іспен айналысқаннан ұтыл­майтыны даусыз. Мен де өз қалауыма сай еңбек етіп, жұмысымның рахатын көріп жүрген жанмын. Үйдегі бауырларыммен бірге қызмет етіп жүргенімізге қатты қуана­мыз. Дала жұмысы адамды ширата түсетіні сөзсіз. Соны қаперден шығармаған жөн. Ал қандай да бір жаңа кәсіппен қосымша айналысу дегеніңіз – отбасының табысын үстемелейтіні даусыз. Қысқа­сы, өзіме қолға алған кәсібім ұнайды. Бар ынта-жігеріммен еңбектенгендіктен болар, жұмыстан жаным жай табады. 

Құлпынайдың жөні бөлек қой. Ал тауық түрлерін асырау да мехнаты көп шаруа екені рас. Дер кезінде жемін беру, дәрісін уақтылы егу, витаминмен қамтамасыз ету де оңай емес. Әсіресе, жұмыртқаны жарып шыққан сап-сары балапандар қамқорлықты көп қажет етеді. Оған өз балаңа қарағандай қарауың керек», дейді А.Расылхан.

Нәсібін кәсібінен іздеген жас жігіт жұмыртқа арқылы балапан басып шығаратын инкубаторды қомақты қаржыға сатып алыпты. Сөзіне сенсек, қондырғы арқылы бір демде 1 056 бас балапанға дейін басып шығаруға болады екен.

Бала күнінен еңбекке араласқан Ағзам шаршау дегенді білмейді. Ол дала жұмысы адамды шаршатпайтынына, қайта ширықтыра түсетініне бек сенімді. Құлпынай өсіруді құнттаған азаматтың бұдан басқа да жоба-жоспары мен арман-мақсаттары баршылық. Алайда Ағзам алдымен құлпынай өсіру ісін мықтап жолға қойғысы келеді.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Бәйтерек ауылы