Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асыруды бастады. Кәсіпкерлер алдында кесе-көлденең тұратын әртүрлі әкімшілік кедергілерді азайтып, құжаттарды рәсімдеу кезінде оларды әуре-сарсаңға түсірмеуді көздеген жоба аясында агенттіктің облыс бойынша департамент мамандары «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен бірлесіп тиісті жұмыстар ұйымдастырып келеді. Проблемалық мәселелерді талдау үшін әлеуметтік желілерде, оның ішінде «Атамекен» палатасының интернет ресурстарында кері байланыс арналары іске қосылды.
Кәсіпкерлердің жігерін құм, талабын ұн қылып отырған мәселелердің негізгісі жер учаскелерін пайдалану мерзімін ұзарту, бизнес жүргізуде атқарушы органдардан түрлі келісімдер алу болып отыр. Тіпті атқарған жұмыстарының ақысын ала алмай әуреге түсіп жүргендер де аз емес. Кездесулердің бірінде департамент өкілдеріне бір жеке кәсіпкер жер учаскесін жалға беру мерзімін ұзартудан қалалық жер комиссиясы негізсіз бас тартқаны жөнінде өтініш білдірген. Алты ай бойы нақты жауап ала алмай қажыған кәсіпкердің мәселесін тексеру барысында былтыр әкімдік 7 кәсіпкердің дәл осындай өтінішін аяқсыз қалдырғаны белгілі болды.
Департамент пен жергілікті атқарушы органның бірлесе талқылауынан кейін кәсіпкерлердің өтініштері қайта қаралып, жер телімін жалға беру мерзімін ұзарту туралы шешім шығарылды. Тағы бір кәсіпкер квазимемлекеттік ұйыммен шарт жасасып, кеніштердің ғимараттары мен нысандарын реконструкциялаған. Бәрі бітіп, ақы төлейтін кез жеткенде квазимемлекеттік мекеме бастапқы жобалау-сметалық құжаттаманы түзету қажеттігін алға тартып, жұмысты қабылдамай тастайды. Осыдан кейін табан ақы, маңдай терінің өтеуін ала алмаған кәсіпкердің сабылысы басталады.
Істі тексеру кезінде шартта және техникалық ерекшелікте бастапқы жобалау-сметалық құжаттамасына түзету көзделмегені белгілі болды. Демек, квазимемлекеттік ұйымның қойып отырған талабы заңсыз. Департамент түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннен кейін кәсіпкерге 88,7 млн теңге толық төленді. Тексеру барысында жергілікті атқарушы орган тарапынан жеке балабақшаларды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруда біраз кәсіпкердің құқықтары шектелгені анықталды. Мысалы, қалалық білім бөліміне қарасты 206 жеке мектепке дейінгі ұйымдардың елу бесін қаржыландыру – 10,5, ал дәл осындай 99 балабақшаға төлем 9 сағаттық коэффициентпен жүргізілгені белгілі болды. Департаменттің араласуынан кейін қалалық білім бөлімі 99 жеке балабақшаны 10,5 сағаттық коэффицентпен қаржыландыру жөнінде шешім қабылдап, жалпы бөлінетін қаражат көлемі 828 млн теңгеге ұлғайды.
Қызылорда облысы