Аймақтар • 03 Мамыр, 2023

Өңір халқымен кездесу

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, өңір тұрғындары­мен кездесті. Сондай-ақ ол тұң­ғыш рет Әулиеата төрінде ұйымдастырылған «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық экономикалық инвестициялық форумына қатысты.

Өңір халқымен кездесу

Тұрғындармен кездесу барысында А.Шакқалиев әлеу­меттік маңызы зор азық-түлік тауарларының баға­сын реттеу бағытында атқары­лып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты әңгімеледі. Сонымен қатар кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Бірінші вице-министрдің сөзіне сенсек, Үкімет негізгі азық-түлік бағасының өсу қарқынын тоқтатуға ден қойып отыр. Кейінгі бірнеше аптаның бедерінде бағаның шарықтауы 0,1 пайыз шегінде болған. Жыл басынан бері 3,4 пайызды құраған. Биылғы маусымаралық кезеңде 139,5 мың тонна өнім қалыптастырылып, бүгінге дейін 58,4 мың тонна өнім сатылған. Оның ішінде картоп 27,5 мың тонна, сәбіз 11 мың тонна, пияз 10 мың тонна, қырыққабат 9,9 мың тоннаға жеткен.

Басқосу барысында өңір тұр­ғындары базарларды жаң­ғыр­ту, жергілікті өнімдерді сату бо­йынша туындаған мәселелерді көтерді. Нақтырақ айтсақ, «Жібек жолы» базарының басшысы Саят Жанболатов базарларды жаңғырту мәселесіне тоқталды. Атап айтқанда, базар иелеріне нысанды заманауи форматқа келтіру үшін қандай мемлекеттік қолдауды пайдалануға болатынын сұрады.

Өз сөзінде А.Шакқалиев министрлік мемлекеттік қолдау құрал­дарын іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлады. Ауданы кемінде бір мың шаршы метр сауда, ойын-сауық орталықтарын қоспағанда, сауда қызметіндегі құрылыс, сауда орта­лықтарын, қазіргі заманғы фор­маттағы сауда объектілерін және көпфункционалды ке­шен­дерді кеңейту жобалары сый­ақысының пайыздық мөлшер­лемесінің бір бөлігін субсидиялау болжанып отырғанын айтты.

Кездесуде сөз алған «Көк­жиек-2030» ЖШС Бас директоры Әбдіқали Бегімбетов өз өнімін сата алмай отырғанын жеткізді. Бұл мәселе мезетінде шешімін тапты. «Нұрислам» супермаркетінің директоры Серік Қарымсақов сүт өнімдерін қабылдауға дайын екенін айтып, «Көкжиек-2030» ЖШС директорымен жан-жақты әңгі­мелесуге дайын екенін жеткізді. Өңір тұрғындарымен кездесу соңында БАҚ өкілдерінің қаты­суымен брифинг ұйым­дас­тырылып, журналистер тарапы­нан қойыл­ған сауалдарға А.Шакқалиев жан-жақты жауап берді.

Іссапар барысында Арман Шакқалиев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қаладағы «Нұрислам» сауда желісіне барды. Сауда объекті­леріндегі бағамен таныс­қан бірінші вице-министр мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті кеңінен қолдау жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ Арман Шакқалиев Қордай ауданында орналасқан көкөніс қоймасының қызметімен танысты. Компания пияз­ды сақтауға маманданған. Кейіннен бірінші-вице-министр Қордай ауданы әкімдігінде өңір басшыларымен кездесіп, онда ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өнімді сатқанға дейін сақтауға келісімшарт жасауға мүмкіндік беретін форвардтық сатып алу мәселелерін талқыланды.

А.Шакқалиев өңірге іссапары барысында «Zhambyl Economic and Investment Forum-2023» халықаралық экономикалық инвестициялық форумының пленарлық отырысына, «Қазақ­станның үздік тауары» көрме-конкурсы жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысты.

 

Жамбыл облысы