Қоғам • 04 Мамыр, 2023

Визасыз режим: Келісімге әлі қол қойылған жоқ

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай мен Қазақстан арасындағы байланысты дамыту мақсатында визасыз режим енгізу жоспарланып жатыр. Бірақ көпшілік бұл шешімді қызу талқылап, қарсы екенін білдірген. Осыған қатысты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Визасыз режим: Келісімге әлі қол қойылған жоқ

Екі ел арасында туризмді дамыту мәселелері 8 жыл бұрын басталып, қолға алынған. Нәтижесінде, Қытай азаматтарына уақытша визасыз режімі енгізілген. 

«Соңғы кездері Қазақстан мен Қытай арасында визадан босату туралы келісімге қарсы ой-пікірлер өрбіп жатыр. Ол келісімге әлі қол қойылмады. Қытай азаматтары өткен жылдың жазынан бастап 14 күнге визасыз келе алады. Енді 14 күнге келетін азаматтар, 30 күнге келе алады. Бұл - бір. Қазақстан азаматтары тура сол сияқты Қытайда визасыз 30 күн бола алады. Бұл келісімге қол қойылған жағдайда жүзеге асады. Бұл туристік немесе іскерлік сапар ғана бола алады. Екі тараптың азаматтары да жұмыс істей алмайды. Бұл режимді бұзатын болса, олар жазаланады», деді Смадияров.

Ал сарапшылардың пайымынша, бұл шын мәнінде туристердің келуін арттырып, туристік экономиканы дамытады. Сондай-ақ шетел инвесторлары мен бизнесмендеріне қолайлы жағдай туғызады.

Қазақстан - Қытайдың негізгі сауда серіктесі. Екі ел арасындағы тауар айналымы 24 млрд АҚШ долларынан асады.

СІМ мәліметінше, визасыз режім сауда қарым-қатынасын одан әрі жандандыруға мүмкіндік береді. 

«Визасыз режім Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк көлігінің жүргізушілеріне визасыз кіруге мүмкіндік туғызады. Бұл біраз мәселені шешеді. Қос ел арасындағы сауда-саттық өсіп, өңіраралық ынтымақтастық нығаяды, экономикамызға әсер етеді. Егер шекараны жауып тастасақ, эффект басқаша болады. Шекараны ашқаннан кейін жұмыс істеуіміз керек. Қытай – алпауыт экономикасы бар мемлекет. Орталық Азияда Қытаймен визасыз режім орнатқан жалғыз мемлекетпіз. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есептейміз», дейді ол.

Айбек Смадияров келісімге мамыр айында қол қойылатынын айтты.