Технология • 04 Мамыр, 2023

«Digital Farabi» студенттер форумы өтті

254 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Digital Farabi» студенттік ІТ форумы өтіп, онда саланың білікті мамандары, ірі компания басшылары, бизнес өкілдері мен инвесторлар бас қосты.

«Digital Farabi» студенттер форумы өтті

ІТ мамандарын даярлау, түлектерге арналған бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру, студенттік ІТ стартаптарды дамытуды мақсат еткен форумға ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев қатысып, форумның студенттер үшін IT-технологиялар саласында тәжірибе жинақтап, өз дағдыларын нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-мамандар даярлау» міндетін қойғаны белгілі. Бүгінде әлемдік нарықты IT саласында 100 млн мамандардың жетіспеушілігі алаңдатады.  2025 жылға қарай бұл сұраныс 200 миллионға дейін артуы ықтимал. ҚазҰУ әрдайым студенттерге сапалы білім беруге және олардың өзін-өзі жан-жақты дамуы мен шығармашылық жұмыстарын іске асыруға барлық жағдай жасай жасай отырып,  әр салада жетістікке жеткен түлектер мен талантты жастардың басын қосатын диалогтар ұйымдастыруда», деді Жансейіт Түймебаев.  

Пр
Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде «ASUS» компаниясының техникалық менеджері Амантай Алтанұлы, Factorial Incubator бағдарламасының негізін қалаушы Арман Сүлейменов, Цинхуа университетінің профессоры Чжан Вушэн, «ZTE» маркетинг бойынша жетекші сарапшысы Егор Манюков, «Baiterek Venture Fund» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі әрі кәсіпкер Дана Блиева және өзге де сарапшылар мен кәсіпкерлер баяндама жасап, IT әлемнің өзекті мәселелерін талқылады.

Форум аясында студент жастарға арналған бос орындар жәрмеңкесі өтті. Жастарға мемлекеттік мекемелер, ЖШС, екінші деңгейдегі банктер, ірі компаниялар жұмыс ұсынды. Сонымен қатар студенттер аталған мекемелерден жазғы өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды.

Университеттегі жас ғалымдардың инновациялық жобаларын көпшілікке кеңінен таныстыру мақсатында студенттік ІТ стартаптар көрмесі,  сондай-ақ білім алушы жастар арасында «FIFA PS5»  жарысы өтті.

Форум соңында үздік стартаптардың авторлары мен  «FIFA PS5» жеңімпаздарына диплом және бағалы сыйлықтар берілді.