Ресейде тұрғанымен, ұлттық өнерден тамыр үзбеген домбырашылар бұл күйді Құрманғазы кесенесінің алдында тартты. Домбырашылардың арасында ересектер де, балалар да бар.
– Қазақтың ұлы композиторы, күйші, домбырашы Құрманғазы Сағырбайұлының мерейтойына орай челлендж бастауды жөн көрдік. Біз – Астрахан облысының домбырашылары челленджімізді Атырау облысына жолдаймыз, – дейді Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығының директоры Амангелді Әбілғазиев.
Құрманғазы Сағырбайұлы Ресей Федерациясындағы Алтынжар ауылында жерленген. Бұл ауыл Астрахан облысының Володар ауданында орналасқан. Аталған ауылда тұратын қандастардың қатары көп.
– Алтынжар ауылында 2005 жылы Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталығы ашылды. Қазір аталған орталық Астрахан облысындағы маңызды мәдени және танымал туристік нысандарының біріне айналды. Біздің орталыққа алыс-жақын шетелдерден жыл сайын 1000-ға жуық адам келеді. Туристерге Құрманғазы Сағырбайұлының, онымен замандас болған қазақтардың өмірі туралы мағлұмат береміз, – дейді Амангелді Әбілғазиев.
Оның айтуынша, орталықтағы музейде ұлы күйшінің шығармашылығы мен өмірінен сыр шертетін түрлі экспонат қойылған. Орталық жанынан құрылған «Самал» қазақ музыкалық ансамблі мен «Белый город» орыс музыкалық ансамблінде 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Дені – қандастарымыз, арасында 25 домбырашы бар.
Атырау облысы