– Сіздердің әсем елдеріңізге қайта келгеніме қуаныштымын. Мен бұған дейін де Қазақстанда бірнеше мәрте болғанмын, бірақ FIFA президенті ретінде алғаш рет келуім. Осы сапарларымнан түсінгенім, Қазақстанды футбол елі деп толыққанды айтуға болады екен. Таңертең ел Президентімен кездестім. Ол кісіні де үлкен футбол жанкүйері деп еститінмін. Ал оған бүгін өзім толық көз жеткіздім. Қазақстан билігі кейінгі жылдары футболды, инфрақұрылымды дамытуда ауқымды істер атқарып жатыр. Бұл мемлекет үшін де, үкімет үшін де өте маңызды. Президенттеріңізбен кездесу барысында біз осы мәселе төңірегінде әңгімелестік. Яғни футболды әрі қарай қалай дамытуға болады, ол үшін не істеу керек, инвесторларды қайдан табамыз және Қазақстанда қандай турнирлер өткізуге болатыны туралы пікір алмастық. FIFA мен Қазақстан үшін бұқаралық футболды дамыту өте маңызды. Сондықтан біз инфрақұрылымды дамытуға және жаңа спорт алаңдарының бойы көтеруіне инвестиция салатын боламыз. Бұл біздің болашағымыз үшін және футболды жақсы көретін балаларымыз үшін маңызды.
– Жуырда Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Еуропаның азулы құрамасы – Данияны тізе бүктіріп, тарихи жеңіске қол жеткізген болатын. Бұл матчтан хабарыңыз бар деп ойлаймын. Осы ойын туралы не айтасыз?
– Бұл – екі құрама үшін де өте қиын матч болды. Бірақ сіздердің футболшыларыңыз Еуропадағы ең үздік құрамалардың бірін жеңуге ерік-жігері жетті. Сондықтан бұл – Қазақстан құрамасының тарихындағы ең маңызды жеңістердің бірі болды. Өйткені бұл қатардағы жолдастық ойын емес. Әрине, Данияның Қазақстанға тек жеңіс үшін келгені әу баста белгілі еді, бірақ олар өз жанкүйерлерін қуанта алмады. Ал өз кезегінде бұл жеңіс жас әрі тарихи мәдениетке бай мемлекет үшін айтулы жеңістердің бірі болды. Былтырғы Ұлттар лигасында да Қазақстан құрамасы өте сәтті өнер көрсеткенін білемін. Осыған қарап-ақ, Қазақстан футболы дұрыс бағытта дамып келе жатқанын байқауға болады.
– Қазақстандағы футбол инфрақұрылымы проблемалары туралы не айта аласыз? Ол мәселені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Футбол – әлемде шұғылдануға ең оңай әрі қарапайым спорт түрі. Оған тек алаң мен доп болса болды. Алаң болмаса да, сіз футбол ойнай бересіз, бірақ алаңның болғаны дұрыс. Яғни инфрақұрылымға инвестиция салу өте маңызды. FIFA-ға келетін болсақ, бізде әлемнің барлық қауымдастықтарына, соның ішінде инфрақұрылымы сәл артта қалып қойған елдерге көмектесетін арнайы бағдарлама бар. Біз бұл мәселені Қазақстан футбол федерациясының басшылығымен талқыладық. Егер Қазақстан FIFA аясындағы кез келген турнирді өткізгісі келсе, алдымен инфрақұрылымды ретке келтіруі керек. Астанадағы стадион өте әдемі, бірақ бүкіл бір ел үшін бір ғана стадион аздық етеді. Осындай стадиондарды көптеп салу керек. Ал ол үшін мемлекетке инвестиция тарту қажет. Қазақстан мен FIFA бірлесе жұмыс істесе, болашақта сіздердің елдеріңізде алаңдар мен стадиондардың көп болатынына сенімдімін. Суық ауа райы үшін мұнда жабық ареналар қажет. Бұл бағытта біз жұмыс істеп жатырмыз.
– Сіздің бұл сапарыңыз тек Қазақстанға ғана емес, Орталық Азиядағы мемлекеттерге жоспарланғанын жақсы білеміз. Айтыңызшы, Орталық Азия елдері жаһандық деңгейдегі маңызды іс-шараларды қабылдауға дайын ба? Жалпы ауқымды турнирлерді осы аймақта өткізу FIFA-ның алдағы жоспарларында бар ма?
– Орталық Азияда жастар, жасөспірімдер және одан кіші жастағылар арасындағы әлем чемпионаттарын өткізуге болады. Бірақ, әрине, ол үшін әлі біраз жұмыс істеу керек. Біз әлем чемпионатын ұйымдастырамыз, өткіземіз деп кесіп айта алмаймыз. Ол үшін бізде белгілі бір стратегия болуы керек. Сондай-ақ әлем чемпионатын өткізуге жоспар, мерзім қажет. Бүгін біз ҚФФ президентімен осы әңгіме төңірегінде сөйлестік. Егер алдағы уақытта Қазақстанда және оның көрші мемлекеттерінде әлем чемпионатын өткізуге барлық жағдайлар жасалатын болса, онда неге әлем біріншілігін өткізбеске? FIFA әлемнің кез келген бұрышында үлкен жарыстарды өткізуге дайын. Сондықтан бәріміз осы мақсатта жұмыс істеуіміз керек.