Форумның мақсаты – ұлт тарихындағы кемеңгер тұлғалардың парасат пайымын зерделеу, олардың ой-мұрасын, тәлімдік қасиетін жаңғырту, ұлттық тәрбие желісін сақтай отырып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру.
Университет ректорының кеңесшісі, белгілі қаламгер әрі әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек, Өзбекәлі Жәнібековтің тәрбие қайраткерлігі хақында сөз сөйледі. Жазушы «Мектеп ұстазы. Жастар ұстазы. Ұлт ұстазы» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Қ.Ергөбек қазақтың қазіргі тарихында өзіндік орны бар бірегей тұлға жайлы тың деректермен бөлісті. Еңбек жолын ауыл мектебінде қарапайым ұстаздықтан бастаған Ө.Жәнібековтің ұстаздық қабілетін айшықтап, жастардың көшбасшысы, идеологиялық жұмыстың қозғаушы күші санатындағы қайраткерлік қасиетін жоғары бағалады. Елден ерек қарымы, тағылымды еңбегі жөнінде мол мағлұматтармен мазмұнды баяндап берді.
– Өзбекәлі Жәнібеков – ұлт ұстазы. Ұжым университетті қоғам қайраткерінің есімімен атасақ деген ұсынысын көпшілікке білдіріп отыр. Ал бүгін осы ұсынысты жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде «Өзбекәлі Жәнібеков орталығын» аштық. Мұны – қоғам қайраткеріне деген құрмет, игілікті іс деп білген абзал, – деді ол.
Өз кезегінде «Орталық ұлт тарихындағы біртуар тұлғаның этнографиялық бай мұрасын зерттеуге қызмет етеді», деді ғалымдар. Яғни ұлттық құндылықтарды, қазақ мәдениетінің қалыптасу үрдісі мен даму белестерін ғылыми тұрғыда дәйектеледі. Сол арқылы педагог-мамандардың білімі мен тәжірибесі бұрынғыдан да кеңейе түспек.
Иә, Ө.Жәнібеков ұлттық руханиятқа өлшеусіз үлес қосқан тұлға болғаны сөзсіз. Ол жоғары лауазымды қызмет атқарған тұста қазақ мәдениеті жақсы дамыды. Қайраткер ұлттық мәдени құндылықтарды қайта түлетіп жаңғыртуға көп күш салғанын білеміз. Осылайша оның елге сіңірген еңбегі ұлт ұстазы деген абыройлы атаққа бөледі.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми өкілдерінен бөлек, мемлекеттік органдардың жауапты тұлғалары, республикадағы жоғары оқу орындарының әлеуметтік және тәрбие істері бойынша проректорлары, оқу орындарының салалық департамент басшылары, студенттік өзін өзі басқару ұйымдарының өкілдері қатысты.
Университеттің бас ғимаратында «Қазығұрт» фольклорлық ансамблінің өнерімен және «Ұстазға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталған форум қонақтарына «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында» археологиялық көрмесі мен студенттердің «Тарихи тұлғалар жастар көзімен» атты сурет және қолөнер шеберлерінің көрмесі таныстырылды.
Ал басқосудың ресми бөлімі «Тарихи тұлғалар» көрінісімен бастау алды. Жоғары оқу орындарының алқалы мәжілісіне Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Серғазы Әбілхайыров қатысып, келген қонақтарға құттықтау лебізін білдірді. Сонымен бірге ол биік азаматтық мәртебесі бар ұлы тұлғаларды құрметтеуге, олардың есімдерін халық жадында жаңғыртуға арналған елдік жиынның Шымкент қаласында өтуін үлкен мәртебе деп бағалап, халықтың тұғырлы тұлғаларының өмірлік жолы ұлттық тарихи сабақтастықтың үздіксіз дәстүрін жалғайтынын атап өтті.
Бұдан бөлек Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары А.Абылайханның «Бабалар аңсаған парасатты, кемел ұрпақ» және Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Г.Сүгірбаеваның «Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті трансформациясы және ұлттық код» тақырыбындағы баяндамалары тыңдалды. Университет басшысы Г.Сүгірбаева форум жұмысына қатысуға келген азаматтардың ізгі ниет, ықыластарына ерекше ілтипат білдіріп, оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігі жөнінде кең мағлұмат бере кетті. Ректор өз баяндамасында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің 2020 жылдан бастап білім берудегі заманауи трендтерге сәйкес трансформацияның жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Сондай-ақ осынау бастамалар сапалы заманауи білім, іргелі инновациялық ғылым, рухани құндылыққа негізделген тәрбие, дамыған инфрақұрылым басымдықтары бойынша іске асырылып жатқанына тоқталды.
Жаңа форматтағы педагогтерді даярлауда рухани кемелдену мен ұлттық кодты негізге алған университет кешенді ребрендинг жүргізгенін, нәтижесінде оқу орнының жаңа логотипі бекітіліп, оқу ғимараттарына «Шаңырақ», «Тұмар», «Қазына» сынды ұлттық атаулар берілгенін мәлімдеді. Негізгі аудиториялар «Ұлы дала», «Мәңгілік ел» деген атауларға ие болса, мәжіліс залы «Қазақстан» атауымен аталатынын хабарлады. Оқу орнының сайты да түрленіп, жаңа тартымды форматқа көшірілгенін жеткізді. Сонымен бірге ұлттық танымның өрісін кеңейтуде бірнеше халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылғанын, университет ғалымдарының бастамасымен ұлттық код тақырыбы бойынша тың мазмұнды ғылыми жобаларды іске асыру қолға алынғанын баяндады.
Форум барысында спикерлер тарапынан «Ұлы ұстаз – Әл-Фараби», «Абай Құнанбаевтың «Толық адам» ілімі және қазіргі жастар», «Әл-Фараби және Шәкәрім мұрасындағы «Кемел адам» мәселесі», «Ы.Алтынсарин мұралары тәрбие құралы ретінде», «Ұлы даланың ұлы қыздары», «Студенттік жастар арасында есірткі және нашақорлықтың алдын алу жұмыстары, кездесетін мәселелер мен шешу жолдары», «Академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы жастардың үлесі», «Әлихан Бөкейханов және Алаш ағартушылары ұлттық тәрбие туралы», «Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегі және жастар тәрбиесі», «Цифрлық технологиялар патриоттық тәрбие берудің құралы ретінде» тақырыптары бойынша баяндамалар тыңдалды.
Жиынның екінші бөлігінде университетке келген қонақтар оқу ордасының қоғамдық кәсіптер даярлау орталығының үйірме жетекшілері өткізген «Ұлттық код – рухани болмыс кілті» шеберлік сабақтарын тамашалады. Жоғары оқу орындарының проректорларына арналып «Мағжан Жұмабаевтың мұрасы негізінде балаларды цифрлық ойындармен тәрбиелеу мен оқыту», «Жоғары білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмысын ұйымдастыру әдістемелігі» семинарлары ұйымдастырылып, «ашық микрофон» форматында жиылған көпшілік бір-бірімен пікір алмасты.
Ал студенттік өзін өзі басқару ұйымдарының өкілдері үшін көшбасшылық қасиет психологиялық тренингі өткізіліп, жастар өздерінің мәселесіне арналған пікір алмасу алаңында бас қосты. Келелі жиын университет жастарының гала-концертімен жалғасын тапты.
Осы тұста айта кету керек, биыл «Қазақстан Республикасындағы жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленіп, бекітілді. Аталған құжатта басым бағыттардың негізгісі ретінде отандық ғалымдар санын арттыру, ғылыми экожүйені нығайту, ғылымның экономикадағы үлесін арттыру, университеттік ғылымды дамыту, ғылымды басқарудың тетіктерін жетілдіру секілді міндеттер айқындалған.
Өз кезегінде Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде өткен жылы ғылымды қолдауға 200 млн теңгеге жуық қаржы бағытталды. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру аясында 6 жоба іске асырылып, оның 3-і «Жас ғалым» бағытына арналды. Ал 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға 13 жоба ұсынылды. Университетте соңғы екі жылда 90-нан астам мақала халықаралық рецензияланатын журналдарда жарияланса, 20 әдеби туынды авторлық куәлік иеленді. 5 оқытушы-профессор «Болашақ» стипендиясының иегері санатында ғылыми тағылымдамадан өтті. Ғылыми зерттеу жұмыстарын университетішілік қаржыландыру шеңберінде 8,5 млн теңгеге 8 жоба іріктеліп, іске асырылып жатыр. Биыл бұл бағытқа қаралған қаржы 13,5 млн теңгеге жетті. Соңғы үш жыл көлемінде университет базасында 6 – халықаралық, 4 – республикалық ғылыми конференция өтіп, осы кезеңде 74 студент халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Өзара ынтымақтастықты арттыру мақсатында Тәжікстанның Худжанд мемлекеттік университеті, еліміздің Мемлекеттік орталық музейі, «Қазақстан халқына» және «Kemel Bolashaq» қорларымен әріптестік байланыстар орнатылған.
Сонымен екі күнге жалғасқан республикалық форумға қатысушылары «Жаңарған, жаңғырған, түрленген Түркістан» тақырыбы аясында Түркістан облысы аумағындағы мәдени-тарихи орындармен де танысып қайтты.