Шынайы махаббат шекара мен шектеулерге қарамайды. Шуақты көктем айының соңында Застанционный кентіндегі ЕЦ – 166/23 мекемесінде тергеу тұтқынында отырған Кенжебек пен Айнұрдың неке қию рәсімі болып өтті. Осынау қарапайымдау ғана салтанаттың қуанышы мен наласы жас жұбайлар мен ата-аналардың, тілектес жамағаттың жүрегін шымырлата тербеткені анық. Жанардан үзіліп түскен жасты, үміт болып жарқыраған отты көрудің өзі оңай емес еді.
Көкшетау қалалық АХАЖ бөлімінің бастығы Жанат Тәшенова жас жұбайларға неке куәліктерін тапсырып, қиыншылығы мен қызығы қатар тұрар өмірде бір-біріне сүйеу болып, жұптасып тіршілік кешулеріне, діңгегі берік шаңырақ құруларына тілектестігін білдірді. Сондай-ақ қуаныш иелерін мекеменің аға заң кеңесшісі, әділет лейтенанты Айгүл Сайымбетова құттықтады.
ЕЦ – 166/23 мекемесінің бастығы Жанат Мұқашев жас жұбайларға құтты болсын айтып, қос жүректің жарасым табуы адам өміріндегі ең үлкен бақыт екендігін еске салды. “Тәуелсіз мемлекетіміздің заңдары мен демократиялық қағидалары азаматтардың тең құқықтығына кепілдік беріп, бақытты өмір сүруіне қамқорлық жасайды,–деді ол. – Мұндай өтініштер бізде аракідік болып тұрады. Оны қолдаймыз. Өйткені, жаза басқан жандардың көкірегіндегі үміт сәулесі сөнбеуі тиіс”.
Махаббат – құдірет! Құдірет қолдап жүрсін сендерді, жас жұбайлар! “Адасқанның айыбы жоқ, қазығын қайта айналып тапқан соң” дейді халқымыз. Тек бойларыңда сендерге жазған отбасылық өмірдің ауыр салмағын көтеруге жетерлік жігер мен төзім болғай. Той рәсімінің еркіндікте өтпегені өкінішті, әрине. Бірақ, жастар жанарындағы жалын сол еркіндікке ұмтылысты байқатып тұрғанына қуандық.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы.