Он алты орындық шағын автобуста ине шаншар орын жоқ. Өтірік емес, дәл 30 адам бармыз-ау. Қалаға қатынайтын көлік аяғы сирек, үлгеру үшін ұмтылып кіріп жатырмыз. Біреудің аяғын басып, тағы бірінің төсін сипай, үшіншінің балтырдан жоғарғы, белден төмен тұсына тізе тіреп, түрегеп тұрамыз.
Көлік сырғанап барып тағы тоқтап еді, жүргіншілер күңкілдеп берді. «Онсыз да аяқ қоятын орын жоқ. Ақшадан өлдіңдер ме? Үсті-үстіне тиеп…» деп шопырды тілдеп жатыр. Тізгіншінің дәті берік пе, әлде еті өліп кеткен бе, мыңқ етпеді. Есесіне, есік аузындағы ақша жинаушы бала шап ете түсті: «Қария адам екен, әкелерің бар шығар, үсітіп өлтіресіңдер ме? Әйда, орын беріңдер…»
Мінген жолаушы шынымен үлкен кісі. Өзі сұр түсті драп пальтоның сыртынан қыртыстарының пүліші сыдырылып, ақжемденіп кеткен жасыл шапан киген, белін қыздардың қол сөмкесінің бауымен шарт буған шал екен. Аяз сорып, қырым етсіз бетін күлгіндендіріп жіберіпті, жасаураған көзінен тамған болу керек шала қырылған сирек сақалының тұқылына мұз тоқтапты. Алдынғы орында сығылысып отырған жуан жамбасты апай қасына қонжиған кекселеу келіншекті құйрығымен қаға-маға тұрып, орын берді. Шал отырды. Көлік қозғалды.
– Ата, жол ақысын төлеңіз – деді екі көзімен жолды бағып, жалқы аяғымен есікке жабысып тұрған кондуктор.
– Балам, мен ардагермін!
Қарияның сөзі әлі нық екен. Жіңішке сөмкенің бауымен буылған шапанның өңірін ашып, әлденені іздеп жатыр. Қиыстау тұрған біз пақыр оны зейнеткердің куәлігі шығар деп ек, жоқ, «Участник Великой Отечественной войны» деген медаль екен. Жүрек тұсына қадап алған соны көрсетіп әлек.
– Аташка, давай, ветеран, метераныңды білмеймін, прайез төле, бізде лгөт жоқ. 90 теңгені толық төлейсің.
«Уа, сабаз-ай!..» Менің ішкі ойымды оқып қойғандай әйелдер жамырай жөнелді.
– Әкеңдей адамға неге әкіреңдейсің…
– Ақшадан өлдің бе…
– Ардагерлерді ардақтау керек, онсыз да аз қалды…
«Қойыңдаршы, қол көтерген шалдың бәрін тегін тасысын деген заң жоқ, осы суықта таңнан тұрып ақша үшін жүрміз. Төлесін давай, әйтпесе тастап кетемін», деп оңай қайтпайтынын анық білдіріп қойды кондуктор бала да. Манағы «Қария адам екен, әкелерің бар шығар, үсітіп өлтіресіңдер ме? Әйда, орын беріңдер…», деген сөзді басқа біреу айтқан сияқты.
– Қой құрысын, мә, ал, здашын бер, – деді қария «қызыққұлақ» 200 теңгелікті шығарып жатып тамағын кенеп, – Он жасымнан бастап соғыс көрдім, дәл сендей тәрбиесізді бірінші көруім…
– Аташка, жұмыс солай. Сосын мен үшін соғысқандай бұлданбасаңшы…
Баланың аузы жабылар емес. Ешкім қайтып үндемеді. 281-бағыттағы шағын автобус 1-Алматы вокзалына келіп те қалды. Көліктен түстік. Мегаполистің май сіңген ауасын кеуде кере жұтқанның өзі қуаныш қой. Манағы қария аяғын сүйрете басып 30-нөмірлі үлкен автобусқа мініп барады екен. Езуіме күлкі үйірілді. Құдай сақтасын, қарияға күліп не көрініпті, басымызға келер, бізде шал болармыз. Фашистерді Берлинге дейін түре қуған қайран біздің қариялар арада уақыт өткенде сол немістер жасаған автобусқа қысылып мініп, қымтырылып түсетінін білсе ғой…
Былтыр 9 мамырда балалармен Орталықтағы саябаққа бардық. Мәңгілік алауды көрдік. Панфиловшылар монументінің алдына суретке түстік. Бәрі демалыс күнгі көңіл күй болатын. Тек, ұлдар мына жазуды оқығанша: «Велика Россия, а отступать некуда. Позади Москва». Политрук В.Клочков.
– Неге «Велика Россия»?
– Енді соғыс кезіндегі сөз ғой...
– Қай соғыс?
– Отан...
– «За нами Москва» деп тұр ғой, біздің Отанымыз Қазақстан емес пе?..
«Қойыңдаршы, жүріңдер көгершіндерге жем берейік».
Кептерлер семіз екен...