Тарих • 04 Мамыр, 2023

Елге аман жеткізген екі ауыз сөз

219 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ес білген шақтан Жеңіс күні жақындағанда үлкендердің «Елге жете алмай қалған қайран боздақтар-ай, қай топырақта қалдыңдар екен?», деп қанды соғыс құрбандарын еске алып отыратынын естуші едік. Сол сұрапыл от жылдар талай жанның өмірін қиды, талайы із-түзсіз жоғалды. Енді бірі қол-аяғын беріп, мүгедек болып елге оралды. Біздің бүгінгі әңгімеміз – соғыста ауыр жараланып, қасиетті екі сөздің арқасында туған жерге аман жеткен майдангер туралы хикая.

Елге аман жеткізген екі ауыз сөз

Бұл әңгімені мен Ақмола облысына қарасты Тайтөбе ауылының ту­масы Раушан Хамитқызының аузы­­нан естіген едім. Астанадан 25 ша­қырым жердегі Тайтөбе елді меке­нінің күнбатысында, Нұра өзенінің жағасында кезінде Алқа-Қарасу атты Бәймен байдың ауылы қоныстаныпты. Олар Бәймен, Бәйет және Сәйет деген үш ағайынды болған. Раушан Хамитқызы да осы тұқымнан тараған ұрпақ.

– Ағаларымыздың көпшілігі ұстаз­ еді. Бәйет бабаның немересі Ха­сен Әлиакпаров майданнан жеңіл жа­рақат­пен оралған. Алғашында Петро­павлда көп жыл ұстаз болып, кейін Қорғалжын ауданы орталығында ұстаз­дығын жалғастырды. Зейнетке шыққан соң, Астанаға келіп, 80-нен асып қайтыс болды, – дейді кейіп­керіміз.

Оның айтуынша, бірде осы ағасы Петропавлда тұрғанда өзі қатар­лас бір майдангермен кездесіп қала­ды. Өзінің танкист болғанын, бір ауыр шайқаста қатты жараланып, неміс­терге тұтқынға түскенін айтқан әлгі ар­да­гер мұның Ақмоладан екенін есті­ген­де мына оқиғаны баяндап беріпті:

«Германияда госпитальда жатқан­да екі аяғы тізеден жоғары кесіліп, екі қолымен жер тіреп жүрген Әбдірахман Қазыкенов деген қазақ болды, дейді ол. – Біздің армия немістерді жеңіп, 9 мамырда соғыс аяқталды. Сол кезде өз елінің жараланған азаматтарын алып кету үшін ең алғаш болып Түркия мемлекеті келді. 7-8 түріктің дәлізден өткенін көрген Әбдірахман палатаның есігін ашып қойып, әлгі өткен адамдардың жолын тосып отырады. Жаралы жерлестерін аралаған соң, дәлізбен қайтып келе жатқан олардың алдынан шыққан Әбдірахман екі қолын кеудесіне қойып: «Ассалаумағалейкүм», деп сәлемдесіпті. Екі аяғынан айырылып, жерде домалап жатқан адамға жалт қарасқан түріктер өзара бір нәрсе сөйлеседі. Сөз арасында «мұсыл­ман» деп жатқанын түсіне қалған Әбдірахман: «Лә иләһә иллаллаһ, мұсылманмын», депті. Сол кезде араларындағы бастығы қолымен ишара жасап: «Мына кісіні де алыңдар», деп нұсқау беріпті. Сол жерде түріктер госпиталь ашып, ауыр жаралыларды емдеуге қалдырып, қалғандарын өз елдеріне алып кетеді. Сен Ақмоладан болсаң білетін шығарсың, сол Қазы­кенов деген азамат елге жетті ме екен?», деп сұрайды әлгі майдангер.

– Хасен ағай Әбдірахман ағаның елге аман келгенін, аяғына протез салып жүргенін айтып береді. Және ол екеуінің жақын туыс болып келетінін, соғыстан оралған соң да ұстаздығын жалғастырып, үйленіп, балалы-ша­ғалы болғанын әңгімелейді. Сонда қызылжарлық ардагер бұл жаңалыққа қатты қуанып, көзіне жас алыпты...

«Екі қолымен жер таянып жүр­генде, кескен жерлерін дәкемен таңып, сыртынан қап кигізіп қойса да, екі аяқ­тың орнынан аққан қан еденді жуып жүрген еді. Шіркін-ай, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі деген осы екен ғой», деп күңіреніпті майдангер...

– Олар үш ағайынды болатын, үшеуі де соғысқа қатысады. Үлкен ағасы Хамит Әлиакпаров майданда қаза табады. Одан кейінгісі Мұха­медрахым (Шоқан) Әлиакпаров майданнан өкпесінде снаряд сынығы­мен оралады. Елге келгеннен кейін ұстаз­дығын Тайтөбе, Талдыкөл мектеп­терінде жалғастырып, 1956 жылы қайтыс болды. Ағайынды үшеуінен де ұрпақ бар, – дейді Раушан Хамитқызы.

Соғыс ардагері Әбдірахман Қазы­ке­новтің екі аяқтан айырылып, аса қиын жағдайға ұшыраса да елге аман-есен жетіп, кейін бақытты ғұмыр кешуіне себепші болған – «Асса­лаумағалейкүм» және «Лә иләһә иллаллаһ» деген екі қасиетті сөздің шарапаты десек, қателесе қоймаспыз. Егер ол түрік азаматтарына жолығып қалып, өзінің мұсылман екендігін осы сөздерімен білдірмегенде жағдайы қандай болар еді, кім білсін...