Өткен жылы «Қарағанды жастары» бағдарламасына облыстық бюджеттен 1 млрд, «Отбасы банкі» 500 млн теңге бөлген еді. Соның арқасында қарағандылық 92 жас маман баспаналы болды. Ал биыл бұл бағдарламаға 3,5 млрд теңгеге бөлініп, 196 несие берілгелі отыр.
Шарты бойынша бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Ол үшін оның бір жылдан кем емес еңбек өтілі болуы шарт. Ипотекалық бағдарлама аясында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, жоғары оқу орындары және әлеуметтік сала қызметкерлерінің баспаналы болуға мүмкіндігі бар. Биыл бұл тізім тағы толықты. Енді жеңілдетілген баспана үшін коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері де өтініш бере алады.
– Бұл игі бастамаға республика бойынша алғаш болып, біздің облысымыздың моноқалалары да қосыла бастады. Мәселен, қазіргі таңда Теміртау қаласында өтініштерді тіркеу қарастырылуда. Ал жыл соңына дейін бұл тізімге Балқаш пен Саран қалалары да қосылады, дейді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Рауан Таран.
Берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – бұрынғысынша 20 млн теңге. Үміткердің қарыз сомасының кемінде 10% шамасында бастапқы жарнасы болуы тиіс. Баспана 5%-бен рәсімделеді. Қарыздың ең ұзақ мерзімі –19 жыл.
Баспананы жаңа, әрі қайталама нарықтан таңдауға рұқсат. Қайталама нарықтағы тұрғын үй құрылысының салынған жылы 1973 жылдан төмен болмауы қажет. Ипотекалық қарыз беру туралы шешімді арнайы комиссия бағдарлама шарттарына сәйкес шығарады.
Қарағанды