Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Тіпті қазір базбіреулер «блогерлер дәстүрлі журналистерді алмастыруы мүмкін» деген пікір айтып жүр. Осы орайда, «блогер деген кім?», «оның жауапкершілігі бар ма?» деген заңды сауал туындайды. Сарапшылар блогер мен әлеуметтік желі белсендісінің айырмашылығы бар екенін, журналист пен блогер тең емес екенін алға тартады. Күні кеше Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа азаматтардың әлеуметтік желілердегі мәлімдемелері үшін жауапкершілігі туралы мәселе көтерді.
«Осыдан он шақты жыл бұрын «блогер» деген сөз қазақ қоғамына алғаш енгенде – біз оларды сапалы контент жасайтын жас мамандар деп қабылдаған едік. Алғашында бәлкім солай болған да шығар, бірақ қазір «блогер» деген кім? Қазір өзін блогермін деп жүргендердің дені – ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай жолмен баю мақсатында кез келген адамға жала жабудан тайынбайтын, бопсалап ақша табатын, атаққұмар, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар. Өзін блогер санап жүргендердің басым бөлігі шын мәнінде блогтың не екенін түсініп жүр деп айта алмаймыз. Көпшілігі ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқандай сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі «хайп» ұйымдастырып әлек. Дәл осы блогерлер талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да себеп болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншасы денсаулығынан айырылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге?», дейді А.Баққожаев.
Депутаттың айтуынша, кейінгі кезде блогерлер елдегі түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, жалған ақпарат таратады. Осыған байланысты олардың әрекетін майшаммен қарауға шақырып отыр. Бұған мысал ретінде Қордай оқиғасына тоқталды.
«Жеке азаматтардың ішкен-жегенін, киген киіміне дейін аңдып, қоғамда кибербуллинг жасап жүрген блогерлер тобы тағы бар. Өкінішке қарай, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастарымыз осы блогерлерге еліктеп, жатыпішерлікке әуестеніп барады, олар ұлтымызға жат мәдениет пен теріс идеологияны бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ осы блогерлердің сөзіне сеніп, шетелге күңдікке түскен қыздарымыз қаншама? Біз қысқа ғана уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып кеткендейміз. Бұл – қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс. Ал мұның бәрі біздегі заңнамада блогер мәртебесі айқындалмағаннан. Жауапкершіліктің жоқ екенін сезінген мұндай адамдар әрине, ойына келгенін істейді», дейді А.Баққожаев.
Оның айтуынша, халыққа шын жанашыр блогерлер баршылық. Депутат көпбалалы жалғызбасты аналарға, мүгедек жандарға жәрдем беріп, әлеуметтік желі арқылы халыққа пайдасын тигізіп жүрген жерлестеріне алғысын білдірді. Оқырманға қызықты әрі пайдалы ақпарат таратып, жеке блогын жүргізіп жүргендерге де қояр кінәсі жоқ екенін жеткізді.
«Бірақ әлеуметтік желілерін пайдаланып, азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделеріне зиян келтіретін жалған ақпарат таратқаны үшін оларға қолданылатын шара қарастырылмаған. Сол себепті оларда ешқандай жауапкершілік жоқ. Артын зерттеп, шындық па, жоқ па бастарын қатырмайды. Бастысы – шу. Бастысы – сөз. Кімнің болмасын алдында дікіңдеп, беттен алып, жеке басына тиіседі. Сөз бостандығы деген осы ма? Біз осылайша тұтастай бір мамандықты қор қылып отырмыз. Журналистердің көбі жұмыссыз. Олардың білімі де, талабы да бар. Олардың блогерлерден айырмашылығы – әдепті, сондықтан да жұмыссыз», дейді А.Баққожаев.
Осыған байланысты депутат заң жобасында сала мамандары бір кісідей атсалысуы қажеттігіне тоқталды. Оның пайымдауынша, ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінуге тиіс.
Мәселен, PR менеджер Алмас Тоқабаев депутаттың пікірімен келіседі. Оның айтуынша, артық кеткен блогерлер жауапкершілікке тартылмай, видео кешірім сұрап құтылып кетеді.
«Депутаттың сөзінің жаны бар. Толықтай болмаса да, жартылай келісемін. Бұған екі себеп бар. Біріншісі, біздегі заңдар – Азаматтық, Қылмыстық кодекстер дұрыс жұмыс істемейді. Яғни блогерлер артық сөйлеп қояды, сеператизмге шақырады, жеке басқа өтеді. Осындай оқиғаның бәрінде блогер жазаланбайды. Көбі бейнеүндеу жасап, кешірім сұрау арқылы құтылып кетеді. Ал олардың жазаланбауы адамға еркіндік беріп, одан сайын құтыра түседі», дейді А.Тоқабаев.
Сондай-ақ сарапшы блогерлер көбіне мемлекеттік қызметкерлерді бопсалайтынын алға тартады. Әсіресе, мемлекеттік бюджетке қатысы бар адамдарды нысанаға алады. Ал ондай қызметкерлердің қолы таза болмағандықтан, бопсаға көнеді. Сөйтіп, блогерлер сұраған қаржыны тауып береді.
«Жағдайдың дәл осындай болуына мемлекеттің ақпараттық саясатының жүйесіздігі әсер етіп отыр. Өйткені мемлекет тарапынан түсіндіру, ақпарат жеткізу, ақпараттық шабуылды қайтару секілді әрекеттер жеткілікті дамымаған. Ал ақпарат жоқ жерде оның орнын басқа нәрсе толтырады. Қазіргі таңда мұны атқарып отырған блогерлер. Әрине, блогерлердің ішінде шынайы ақпарат жеткізгісі, біліммен бөлгісі келетіндер бар. Бірақ дезинформация, жалған ақпарат тарату арқылы халық арасында дүрбелең тудыруға, белгілі бір қаржылық мақсатты көздеу арқылы бопсамен айналысатындар да табылады», дейді А.Тоқабаев.
Мұндай пікірді әлеуметтік желі белсенділері мен танымал тұлғалар да айтып жатыр. Мысалы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың блогер мәртебесі мәселесін көтеріп, Үкімет басшысы мен Бас прокурорға сауал жолдауын жөн санайды.
«Қазақта «қыздырманың қызыл тіліне еріп» деген тіркес бар. Бүгінде ашық ақпараттық кеңістікте айғайға сүрен қосқан, құрыққа сырық жалғаған, өздерін «блогер» деп ат қойып, айдарлап алған бір топ бар. «Самауырын суалды дегенді Самарқанды су алды» деп жеткізетін блогерсымақтарға бақылауды күшейткен жөн-ақ», дейді Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы.
Өкінішке қарай, миллиондаған оқырманы бар желі белсенділері кейде тексерілмеген жалған ақпараттарды жариялап жіберетіні жасырын емес. Ал мұндай жағдайда оларға ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Тек бүкіл ел болып шулағанда ғана кешірім сұрап құтылады. Ендеше, блогердің мәртебесін заңмен айқындайтын кез келгені анық.
Айта кетейік, бүгінде елімізде БАҚ саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жан-жақты жүріп жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамда қызу талқыланған «Масс-медиа туралы» заң жобасынан бөлек «Интернет-жарнама және онлайн платформалар туралы» заң жобасын әзірлеу үстінде.