Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларды, мектептерді және басқа да оқу орындарын Шұғыл әрекет ету басқармасының орталығына қосылған бақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, сондай-ақ лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету үдерісі жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуға тиіс.
Терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес оқушылар мен персонал саны 100 адамнан асатын білім беру нысандары бейнебақылаумен және ескерту жүйесімен жабдықталуға тиіс. 300-ден 700-ге дейін адам саны бар оқу орындары Шұғыл әрекет ету басқарма орталығына қосылған дабыл түймелері мен камераларымен жабдықталуға тиіс, ал 700-ден астам адамға лицензияланған күзет агенттіктері қызмет көрсетуі керек.
Алайда кейбір аймақтар белгіленген мерзімге дейін үлгермейін деп отыр. Мысалы, Алматы мен Түркістан облыстары айтарлықтай артта қалып, бұл аймақтарда камераларды Шұғыл әрекет ету басқарма орталығына қосуға және кәсіби күзетпен қамтамасыз етуге қаржы бөлу мәселесі әлі де өзекті.
«Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін, яғни 1 қыркүйекке дейін барлық өңір оқу орындарын техникамен қамтамасыз етіп, қажетті шарттар жасасуы керек. Балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік білім беру мекемелерінің басшыларына жүктелуге тиіс. Бұл шаралар тексеруші органдар үшін енгізілмейді. Олар балалардың мүдделерін ескеріп, оларды қорғауға бағытталған», деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Талқылау қорытындысы бойынша вице-премьер жауапты мемлекеттік органдарға инженерлік-техникалық жабдыққа қойылатын талаптарды күшейту бөлігінде білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан басқа, әкімдіктер мамыр айының соңына дейін оқу орындарын қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтауды қаржыландыру мәселелерін шешуі керек.
Жасөспірімдер қылмысы да өзекті болып тұр. Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс – 13,5%, ауыр қылмыстар 36,5%-ға өсуі байқалады.
Оқу-ағарту министрлігі мәселеге әсер ететін негізгі себептер ретінде ата-аналардың отбасындағы тәрбие үдерісінен алшақтауын және интернет-мазмұнның теріс әсерін атайды. Буллинг жағдайларының көбеюі үлкен алаңдаушылық тудырады. Осыған байланысты мектептердегі психологиялық көмек қызметін күшейту, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жоспарланған.
Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуіне жасөспірімдердің бос уақытының тиімді ұйымдастырылмағаны да әсер етеді.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуі байқалады, бұл мәселені шешу керек. Жұмысты жүйелі жолға қою, балаларды сабақтан тыс іс-шараларға тартудың жаңа форматтарын табу, буллингке қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесін зерделеу, педагогтерді отбасының әлеуметтік портретін құрастыру әдістеріне оқыту бағдарламасын әзірлеу, баланың мазасыздық деңгейін анықтау бойынша электрондық сауалнама жүргізу қажет», деп атап өтті вице-премьер.
Кеңес қорытындысы бойынша Алтай Көлгінов мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді. Балалардың құқықтары мен әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдауды жеделдету тапсырылды.