Балалар • 04 Мамыр, 2023

Күн тәртібінде – балалар қауіпсіздігі

272 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте білім беру нысандарының қауіпсіздігі және кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзу әрекеттерінің алдын алу мәселелері талқыланды.

Күн тәртібінде – балалар қауіпсіздігі

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларды, мектептерді және басқа да оқу орындарын Шұғыл әрекет ету бас­қар­масының орталығына қосыл­ған бақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, сондай-ақ ли­цензияланған күзетпен қамтамасыз ету үдерісі жаңа оқу жылы бастал­ғанға дейін аяқталуға тиіс.

Терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес оқушылар мен персонал саны 100 адамнан асатын білім беру нысандары бейнебақылаумен және ескерту жүйесімен жабдықталуға тиіс. 300-ден 700-ге дейін адам саны бар оқу орындары Шұғыл әрекет ету басқарма орталығына қосылған дабыл түймелері мен камераларымен жабдықталуға тиіс, ал 700-ден астам адамға лицензияланған күзет агенттіктері қызмет көрсетуі керек.

Алайда кейбір аймақтар белгі­ленген мерзімге дейін үлгер­мейін деп отыр. Мысалы, Алматы мен Түркістан облыстары айтарлықтай артта қалып, бұл аймақтарда камераларды Шұғыл әрекет ету басқарма орталығына қосуға және кәсіби күзетпен қамтамасыз етуге қаржы бөлу мәселесі әлі де өзекті.

«Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте маңыз­ды мәселе. Жаңа оқу жылы бас­тал­ғанға дейін, яғни 1 қыркүйекке дейін барлық өңір оқу орындарын техни­камен қамтамасыз етіп, қажетті шарт­тар жасасуы керек. Балалардың қауіп­сіздігі үшін жауапкершілік білім беру мекемелерінің басшыларына жүктелуге тиіс. Бұл шаралар тексеруші органдар үшін енгізілмейді. Олар балалардың мүд­де­лерін ескеріп, оларды қорғауға бағыт­талған», деп атап өтті Алтай Көлгінов.

Талқылау қорытындысы бо­йынша вице-премьер жа­уапты мемлекеттік органдарға инженерлік-техникалық жаб­дыққа қойылатын талаптарды күшейту бөлігінде білім беру нысандарын терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа өзгерістер енгізу жөнін­де шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан басқа, әкімдіктер мамыр айының соңына дейін оқу орындарын қауіпсіздік жүйе­лерімен жабдықтауды қаржы­ландыру мәселелерін шешуі керек.

Жасөспірімдер қылмысы да өзекті болып тұр. Бас прокура­тураның мәлі­метінше, 2022 жыл­дың қорытын­дысы бойынша кәме­летке тол­мағандар жасаған қылмыс – 13,5%, ауыр қылмыстар 36,5%-ға өсуі байқалады.

Оқу-ағарту министрлігі мәселеге әсер ететін негізгі себептер ретінде ата-аналардың отбасындағы тәрбие үдерісінен алшақтауын және интер­нет-мазмұнның теріс әсерін атайды. Буллинг жағдайларының көбеюі үлкен алаңдаушылық тудырады. Осыған байланысты мектеп­тер­дегі психо­логиялық көмек қыз­метін күшейту, сондай-ақ мамандар­дың кәсіби біліктілігін арттыру жоспарланған.

Кәмелетке толмағандар ара­сы­н­­да қылмыстың өсуіне жас­өс­­пі­­рімдердің бос уақытының тиім­­ді ұйымдастырылмағаны да әсер етеді.

«Кәмелетке толмағандар арасын­дағы қылмыстың өсуі байқалады, бұл мәселені шешу керек. Жұмысты жүйелі жолға қою, балаларды сабақ­тан тыс іс-шараларға тартудың жаңа форматтарын табу, буллингке қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесін зерделеу, педагогтерді отбасының әлеуметтік портретін құ­рас­тыру әдістеріне оқыту бағ­дар­ламасын әзірлеу, баланың маза­сыздық деңгейін анықтау бойынша электрондық сауалнама жүргізу қажет»,  деп атап өтті вице-премьер.

Кеңес қорытындысы бойынша Алтай Көлгінов мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді. Балалардың құқықтары мен әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдауды жеделдету тапсырылды.