Қоғам • 05 Мамыр, 2023

Мәулен Әшімбаев: Мүгедектер құқығы қорғалады

415 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күніне орай Facebook-те жазба жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Мүгедектер құқығы қорғалады

«Бүгін – Халықаралық мүгедектер құқығын қорғау күні. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғау мәселесіне қалың жұртшылықтың назарын аудару үшін қолға алынған игі бастамалардың бірі. Жалпы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, қазіргі таңда әлемде мүгедектігі бар адамдардың саны 1 млрд-тан асады. Бұл көрсеткіш жер бетіндегі халықтың 15 пайызына жуығын құрайды. Оның ішінде 100 млн-нан астамы балалар екенін атап өткен жөн», деп жазды М.Әшімбаев.

Оның айтуынша, аталған мәселе біздің еліміз үшін де өзекті. Бүгінде Қазақстанда 700 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат болса, оның 14 пайызға жуығы 18 жасқа дейінгі балалар.

«Шын мәнінде, бұл санаттағы азаматтарға өз құқықтарын қорғау оңай емес. Олар көбіне осы бағытта түрлі кедергілер мен қиындықтарға тап болып жатады. Сондықтан инклюзивті қоғам құру, мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын сақтау, оларды сапалы біліммен және жұмыспен қамту мәселелері үнемі Мемлекет басшысының назарында. Бұл бағыт еліміздегі әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін де айта кеткен абзал.

Бүгінге дейін Қазақстанда осы салада ауқымды жұмыс атқарылды. Десек те, алдымызда одан да зор міндеттер тұр. Сондықтан қазір Сенат инклюзия мәселелері жөніндегі арнайы заң жобасына бастамашылық жасау жұмыстарын қолға алды. Мұндай құжат мүгедектігі бар азаматтарымыздың құқығын қорғауды одан әрі күшейте түсері сөзсіз.

Халқымыз «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді. Сол себепті, мүдделі тараптарды инклюзивті қоғам құру жолындағы осындай игілікті іске белсенді қатысуға және өздерінің ұсыныс-пікірлерін білдіруге шақырамыз», делінген жазбада.