Құрылыс • 06 Мамыр, 2023

Қараталдағы құрылыс нысандары. Бірі артық, бірі кем…

313 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылындағы орта мектепте 300-ге жуық бала тәлім алады. Өткен ғасырдың 70 жылдары қабырғасы қаланған білім ордасына күрделі жөндеу жүргізу үшін қазынадан 1,6 млрд теңге бөлінген еді. Бұл қаражат – негізінен 960 балалық мектепке арналған қаржы. Егер нысан заманауи тұрғыда қайта жаңғырып ашылатын болса, 60 пайызы бос қалатын түрі бар. Шағын ауылға үлкен мектеп шырай бергенімен, мерейін шығаратын шәкірт тапшы. Ал мамандар оны әу баста ескермеген.

Қараталдағы құрылыс нысандары. Бірі артық, бірі кем…

Суреттерді түсірген Дмитрий Ерофеев

Мыңға жуық балаға арналған орта мектеп көздеген оқушының екіден бірін де жинай алмаған. Негізі, жинай да алмайды. Неге десеңіз, Кәлпе ауылының 2 мыңнан аса ғана тұрғыны бар. Мұны көзбен көрген басшысы Бейбіт Исабаев мамандардың ісінің шалалығына қайран қалды.

– Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді. Кейбір облыстарда балалар үш ауысымды мектепте оқып жүр. Ал мұнда 960 балаға арналған білім ошағында мектепке дейінгі бүлдіршіндерді қосқанда 400-ге жуық бала ғана бар. 60% орын бос. Сондықтан мектепті көрші ауылдың балалары қызығып келетіндей, дарынды балалар білім алатындай жасау керек. Ол үшін мектеп директорының нақты жоспары болуы шарт. Құрылысшыларға мына кабинетте домбырадан, қолөнер, биден үйірме ашамын, бөлмені былай жасаңыз деп тұруыңыз керек. Мен сізді жоспары дайын, тың идеялары бар шығар деп арнайы шақырдым. Сіз не жасайтыныңызды әлі білмейсіз. Келесі айда әкіміңізбен бірге келіп, нақты қандай жұмыстар атқарылатынын баяндаңыз, – деді Б.Исабаев.

впр

Үш қабатты ғимарат 6 блоктан тұрады (оқу блогы, спорт зал, әкімшілік блогы, т.б.). Мектеп 960 орынға арналғанымен, қазір мұнда небәрі 300-дей ғана бала оқиды. Осыған байланысты облыс әкімі ғимараттың пайдалы алаңын тиімді қолданудың нақты жоспарын жасауды, сол қатарда үйірмелер жұмысын дамытуды тапсырды.

Мектеп директоры Салтанат Қалы­қованың айтуынша, мектеп жанында мектепке дейінгі шағын орталық жұмыс істемек. Волейболдан, күрестен қосымша сабақтар жоспарланып отыр, педагогтер оқушыларды домбыра тартуға үйретіп, би үйірмесін ашуға ниетті. Облыс әкімі бұл ауқымның әлі де жеткіліксіз екенін, сондықтан көрші ауылдардың балаларын да қосымша білім беруге тартып, қызықтыру үшін жоспарды бүге-шігесіне дейін ойластырып, кеңінен қарастыру керек екенін жеткізді.

Кәлпе орта мектебіне күрделі жөндеу жұмысы ақпан айында басталған. Мұнда сейсмокүшейту жұмыстары қызу жүріп жатыр. «Sheberbuild» ЖШС бүгінде жұмыстардың жалпы көлемінің 30 пайызын орындаған. Серіктестіктің атқарушы директоры Мейрам Сүйіндіковтің айтуынша, кесте бойынша құрылыс жұмыстары қаңтар айында бітуге тиіс, дегенмен мектепті оған дейін, яғни жаңа оқу жылы қарсаңында тапсыру жоспарланып отыр.

Қазір жұмысқа 75 адам жұмыл­дырылып, 3 бірлік техника тартылған. Нәтижесінде, бөлшектеу жұмыстары аяқ­талған, терезелер ауыстырылып, электр сымдары тартылып, оған қоса қа­быр­­ғаларына сейсмокүшейту жасалуда, маңайын абаттандыруға да дайындық жасалып жатыр. Жөндеу жұмыстары уа­қы­тылы, кесте бойынша жүргізіліп жатыр.

Білім ордасын толық аралап шыққан облыс басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды, іші жылы болуы керек екенін айтты. Сондай-ақ аудан әкіміне мектеп ауласындағы ағаштарды тұрғындармен және экологтармен келісе отырып кесу, аулаға жас ағаш кө­шеттерін отырғызу, абаттандыру-кө­галдандыру жұмысын жүргізуді жүк­теді.

«Sheber Build» мердігер компаниясы Кәлпе ауылында 200 орындық Мәдениет үйін де салып жатыр. Мұнда қазір 15 адам жұмыс істеп жүр. Жұмыстар ақпан айын­да басталған, бірақ жобаға түзетулер енгізілуіне байланысты кестеден 20 күндей кешігуде. Атқарушы директор мамыр айында құрылыс қарқыны артып, кестені қуып жететінін, сөйтіп, нысанның мерзімінде іске қосылатынына сендірді. Қыркүйекте Мәдениет үйі пайдалануға бе­ріледі деген жоспар бар.

Бір қабатты ғимараттың жалпы алаңы шамамен 740 шаршы метр, ғимаратта мәжіліс залы, үйірмелерге арналған бөл­мелер қарастырылған. Сол сияқты ком­пания нысан аумағын абаттандыру, кө­галдандыру жұмыстарын да атқарады. Осы нысанның дәл жанынан жаңа спорт ғимараты салынады. Блокты-модульді спорт кешені шілденің соңына қарай ашы­лады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімі келесі кезекте Қанабек ауылында орналасқан, қатты дауылдан кейін шатырын жел ұшырып кеткен Қ.Байсейітов орта мектебіне бас сұқты. 1991 жылы салынған мектептің шатырына 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Мектептің қабырғалары қызыл кірпіштен, шатыры темір шифермен жабылған. Шатырдың жалпы ауданы – 1 645,6 шаршы метр. Қатты соққан дауыл шамамен 700 шаршы метр шатырды ұшырып кеткен. Қазір нысанда шатырдың бүлінген бөлігін ауыс­тыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, карниздер де ауыстырылуда. Б.Исабаев жауапты мамандарға құрылысты сапалы жасауды, мектептің айналасын ретке келтіруді жүктеді.

Сапар барысында өңір басшысы Үштөбе қаласындағы 100 орынды гуманитарлық колледж бен 30 орынды жатақхананың құрылысымен де танысты. Мұнда 96 адам жұмыс істейді екен. Колледж ғимараты өткелдермен байланысқан 5 блоктан тұрады. 1-блокта үш қабатты ғимарат, пән кабинеттері мен зертханалар орналасады. 2-блок – екі қабатты ғимарат. 1-2-қабаттарда әкім­шілік-шаруашылық, медициналық кабинеттер орналасады. 3-4-5-блоктар – екі қабатты ғимараттар, онда спорт зал, асхана, акт залы, оқу залы қарастырылған. Білім ошағының жатақханасын толықтай аралап шыққан облыс әкімі құрылыстың сапасына көңілі толмайтынын жеткізіп, жауапты адамдарды сынға алды.

– Кәлпеде сонау 1970 жылы са­лынған мектеп ғимаратының мұрты да бұ­зылмаған. Ал сендердің кеше құйған бетондарың бүгін үгітілейін деп тұр. Кірпіш те талапқа сай қаланбаған. Оймақ­тай ғана жерді қыста құйғанбыз деп сылтау айтып тұрсыңдар. Құрылыс сапасы нашар. Мен ескерткен жерлерді қайта жасаңыздар, – деді ол.

Облыс әкімі гуманитарлық бағыт­тағы колледждің еңбек нарығына бейім­делуі керек екенін ескертті. «Аудан­да металлургиялық кремний өн­дірі­сіне, сүт және ет фермаларына, балық шаруашылығына қандай маман­дар қажеттігін ескере отырып, жаңа ма­мандықтарды оқытуды қолға алыңыздар. Соған сай керекті құрал-жабдықтарды алыңыздар. Әйтеуір ашылса болды деп кез келген мамандықты оқытуға болмайды. Кәсіпорындарға керек маман даярлаңыздар, – деді Б.Исабаев.

Келесі кезекте Үштөбе қаласындағы өлкетану мұражайының құрылыс жұ­мыстарын көрді. Жертөлесі бар 2 қа­батты ғимараттың жалпы ауданы – 2 520 шаршы метр. Мұражайда үш көрме залы қарастырылған. Оның экспозициялық залдарында 185 экспонат сақталады. 2021 жылдың 21 желтоқсанында басталған құрылыс жұмыстары кестеден 30 күнге кешігіп келеді. Қазір іргетасы үшін қа­заншұңқыр қазылып, құрылысшылар іске кіріскен. Әзірге мұнда 25 адам жұмыс істеуде. Мердігер «Sheberbuild» ЖШС құрылысты уақытылы бітіру үшін бар күшімізді саламыз деп отыр.

Облыс басшысы мұражай қасбетіне қандай материал қолданылатыны ма­ңызды екенін қадап айтты. «Мұражай – тарихи-мәдени орынға айналатын іргелі нысан. Сондықтан оның ішкі құ­рылымымен қатар сыртқы кейпінің айшықты болуы да аса маңызды. Қасбетке пайдаланылатын материалдарға жіті қарау керек. Және қасбетті безендіру ісімен жеке бригада айналысуға тиіс», деген өңір басшысы қасбетке травертин қолдану керек деген шешімге тоқталды.

Одан бөлек алдағы уақытта ауданда салынатын құрылыс жұмыстарының жобасы таныстырылды. Атап айтсақ, Кәлпе ауылында блоктық-модульдік спорт кешені, Көпбірлік ауылында спорттық модульдік ғимарат, Елтай және Айту би ауылында спорт-ойын алаңдары салынып, К.Тоқаев атындағы саябақты, Үштөбе қаласындағы саябақтарды күрделі жөндеу, Оян мен Кәлпе ауылында абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек. Үштөбе қаласында биыл барлығы 13 шақырым жол жөнделіп, абаттандырылады. Жөндеуі ұзаққа созылып кеткен Төле би көшесіне келетін болсақ, оған қажетті қаражат бөлінді, осы айда газ желілерін тарту жұмыс­тары аяқталғаннан кейін көшеге асфальт төселеді.

Меценаттар да осы жерде өз жобаларын ұсынды. Құрылыс компаниялары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсету мақсатында өз қаражаты есебінен түрлі елді мекендерде спорт нысандарын салуға, әлеуметтік нысандарды жөндеуге және аз қамтылған отбасылар үшін тұрғын үй салуға ниетті.

 

Жетісу облысы