2023 жылдың бірінші тоқсанында мүмкіндігі шектеулі жандар интернет арқылы жолаушылар пойыздарына 100 мыңнан астам жеңілдікті билет сатып алды.
Электрондық билетті сатып алудың жолы оп-оңай. Интернеті бар құрылғыға отырып bilet.railways.kz сайты арқылы сатып алуға болады. Оны ресімдеу үшін жолаушы төлқұжат деректерін, ЖСН, мүгедектік туралы анықтама нөмірін және eGov mobile-дан алынған алты таңбалы әлеуметтік ID кодын көрсете отырып тіркелуі қажет.
Жеңілдікті билет сатып алуға қамдансаңыз, мәліметтеріңіздің барлығын тексеру автоматты түрде жүргізіледі. Деректерді онлайн режімде тексергеннен кейін сату жүйесі таңдалған орынға төмен баға жеңілдігін қолдануға мүмкіндік береді. Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар маршруттар бойынша жол жүру билетінің құнынан 50% жеңілдік, «Тальгоның» коммерциялық маршруттары бойынша мамандандырылған купелерге (ерекше қажеттіліктері бар жолаушы мен ілесіп жүретін адам үшін) 70% жеңілдік көзделген.
Жеңілдікті жол жүру құжаттарын ресімдеу рәсімін жеңілдету үшін ҚТЖ Еңбек министрлігінің «Әлеуметтік көмек» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізуде. Осыдан кейін жолаушы тек ЖСН көрсете отырып, жеңілдікті билеттерді рәсімдей алады.
Ұлттық тасымалдаушы пойыздарына мүгедектер мен оларға ілесіп жүретін адамдарға арналған орындары бар мамандандырылған вагондар енгізуде. «Жолаушылар тасымалы» АҚ паркінде ерекше жолаушылардың қажеттіліктеріне жауап беретін 80 купе вагоны бар. Оның 20-сы – Тальго вагондары.
2025 жылға қарай әлеуметтік маңызы бар маршруттар қозғалуы нашар адамдар үшін ыңғайлы вагондармен толық қамтамасыз етілу жоспарлануда. Оның коммерциялық пойыздар құрамындағы үлесі – шамамен 90%. 2023 жылдың соңына дейін 13 вагонда ерекше адамдарды тасымалдау үшін бір-бір купе қайта жабдықталады. 2030 жылға дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың жайлы сапары үшін купесі бар 46 вагон сатып алу жоспарланып отыр.
Онымен қоса, мүмкіндігі шектеулі жандар пойыз билетін тікелей вокзал кассалары арқылы да сатып ала алады.