Тарих • 06 Мамыр, 2023

Жаудың 11 танкісін жойған Жұмаш Рахметовтің ерлігі ескерусіз қалмауға тиіс

241 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ғаламторды ақтарсаңыз «Список танкистов-асов Второй мировой войны» деп аталатын тізім бар. Қалыптасқан тәртіп бойынша шайқас кезінде 5 танк жойған танкист «үздік танкист» атанады. Қазақ жауынгері Ж.Рахметовтің есімі «ас-танкистердің» тізімінде 11 танкті жойған деп көрсетіліп, 82-реттік санымен жазулы тұр. Қазақтан шыққан ас-танкист Жұмаш Рахметов туралы біз не білеміз?

Жаудың 11 танкісін жойған Жұмаш Рахметовтің ерлігі ескерусіз қалмауға тиіс

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ол 1919 жылы Қарсақбайда туған, Сызрань танк училищесін бітірген. Әскер қатарына 1939 жылы алынған. Негізі ол сол кезде училищеге жіберілген болуы мүмкін. Өйткені 1941 жылғы 25 қазаннан бастап соғысқа қатысқан. 1942 жылғы 13 желтоқсанда «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған қазақ жауынгеріне 19 желтоқсанда аға лейтенант атағы берілген. Өкініштісі сол, арада небәрі бірнеше күн өткенде, яғни, 23 желтоқсанда кезекті шайқаста ауыр жараланған Ж.Рахметов қаза табады.

явап

«Халық жадында» сайтындағы құжаттарға қарағанда 1943 жылғы 13 қаңтарда Ж.Рахметов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады. Бірақ ұсыныс жоғары жақтан қолдау таппаған. Арада жылдан аса уақыт өткенде ғана яғни, 1944 жылғы 8 ақпанда 22-әскердің қолбасшысы, генерал-лейтенант Юшкевич пен Әскери кеңес­тің мүшесі Катковтың және армия штабының бастығы, генерал-майор Дроновтың қолдары қойылған №35 бұйрық бойынша Ж.Рахметовке I дәрежелі «Отан соғысы» ордені берілген. Бұл орден оған Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған ұсыныс-хаттың негізінде берілгені анық. Ж.Рахметовті бұл орденге ұсыну туралы жеке ұсыныс – хат туралы дерек байқалмайды.

Осы ретте, Ж.Рахметовке «Батыр атағы неге берілмеді?» деген сұрақ туады. Әрине, оның нақты себебін ешкім де тап басып айта алмайды. Бұл сұрақтың жауабы тарихтың тылсым жұмбағына айналып, мәңгілікке құпия күйінде қалды. Бірақ біз «Жұмаш Рахметов қазақ болғасын берілме­ген» деген ойдан аулақ болуымыз керек. Неге? Өйт­кені әлгі ас-танкистердің тізімінің ең басында бірін­ші болып Дмитрий Федорович Лавринен­ко­ның есімі жазулы тұр. Ол 52 танкіні жойып жібер­ген. Д.Лавриненко 1941 жылғы 5 желтоқ­сан­да Батыр атағына ұсынылған. Ұсыныста оның жаудың әртүрлі деңгейдегі 37 танкісін жойып жібергені жазылған. Бірақ Д.Лавриненкоға Ба­тыр атағы берілмеген. Өйткені марапаттама қаға­зы­на қарасаңыз, 16-әскердің қолбасшысы, генерал-­лейтенант Рокоссовскийдің бұл ұсыныспен келіспей, «достоин правительственный награды орден Ленина» деп қол қойғанын көресіз. Сөйтіп, 1941 жылғы 22 желтоқсанда оны «Ленин» орденімен марапаттау туралы бұйрық шығады. Амал не, Дмитрий Федорович өзінің бұл марапатын кеудесіне тақпақ түгілі естіп те үлгермеген еді. Өйткені ол 18 желтоқсанда кезекті ұрыс кезінде қаза табады. Д.Лавриненкоға Кеңес Одағының Батыры атағы тек 1990 жылдың 5 мамырында, Жеңістің 45 жылдығы қарсаңында ғана берілген.

Жалпы, Бірінші Гвардиялық танк бригадасынан Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғандардың бәріне дерлік бұл атақ берілмегені байқалады. Айталық, осы бригаданың танкистері Кульдин Иван Петрович, Молчанов Пётр Семёнович, Бессарабов Георгий Иванович, Самохин Константин Михайлович те Батыр атағына ұсынылғанмен, оларға да берілмеген. Кеңес Одағының Батыры атанған Духов Алексей Михайлович пен Бурда Александр Фёдоровичке де мәртебелі атақ екінші рет ұсынылғанда ғана берілген. Тіпті «Ленин» орденіне ұсынылған Стороженко Василий Яковлевичке көсемнің орденінің орнына «Қызыл Ту» ордені берілген. Соған қарағанда, әскери шенеуніктердің арасында да бір-бірін аяқтан шалу жағдаяттары орын алғанға ұқсайды. Мұны басқаша пайымдау мүмкін емес.

Біз кештеу естіп-білгеніміз болмаса Жұмаш Рахметов туралы әскери тарихшылар, қарулас жолдастары өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап өздерінің мақала естеліктерінде жазып отырған. Мысалы, ресейлік жауынгер-жазушы Фабиан Гарин 1963 жылы «Цветы на танках» деген кітап шығарады. Осы кітапта танк ротасының командирі болған П.А. Заскольконың естелігінде батыр жерлесіміз туралы да айтылады. Кезінде ешкім аңғара қоймаған. Айтпақшы, П.А.Засколько – Ж.Рахметовті 1942 жылғы 20 қарашада «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсыну туралы хатқа қол қойған адам.

Давыдов Василий Александрович, Ярошенко Василий Владимирович шығарған, 2007 жылы басылған «Книга памяти первогвардейцев-танкистов 1941-1945 гг» деген кітапта Ж.Рахметов туралы барлық дерлік мағлұмат бар. Бұл ретте өзі де майданда танкист болған В.В. Ярошенко мұрағаттардан, тиісті мекемелерден керекті деректерді ыждағаттылықпен жинастырғаны байқалады. Ярошенконың тапсыруымен берілген анықтамаға бір көз жүгіртіп өтсеңіз көп нәрсе айқындалады.

 Үздік танкист, қаһарман қазақ Жұмаш Рах­метовтің есімі де, ерлігі де белгілі болғалы он жыл­дан аса уақыт өтті. Осы жылдар аралығында оның есімін дәріптейтін, ерлігін елге паш ететін қандай қарекет істедік? Ештеңе де. 2020 жылы Парламент Мәжілісінің 29 депутаты сол тұстағы Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановқа соғыс кезінде Батыр атағына ұсынылып, бірақ сол атақты алмаған батырлардың ерлігін дәріптеп, есімдерін құрметтеу керектігін айтып, хат жолдады. Сол хатта Ж.Рахметовтің де есімі аталып, оның ерлігін дәріптеу туралы ұсыныстар айтқан. Бірақ ұсыныс сол қағаз күйінде қалып қойды. Дегенмен ерлік ешқашан ескірмейтіні есімізден шықпағаны жөн. Ел де жаңару үстінде. Жұмаш Рахметовтің кіндік қаны тамған өңірде жаңадан Ұлытау облысы құрылды. Облыс басшысы ел тарихын түгендеуге атсалысып жүрген азамат. Берік Әбдіғалиұлы «Ұмытылған қаһармандар» кітабында Ж.Рахметов туралы да жазған болатын.

Тәуелсіздіктің арқасында Жұмаш Рахметов­тің есімі де, ерлігі де елге жетті. Ендігі мәсе­ле – оны сол ерлігіне сай ел болып дәріптеу және оның тұлғасын бүгінгі һәм ертеңге ұрпаққа үлгі ету. Ерлігі – аян, батырлығы – белгілі қаһар­ман қазақтың бұдан былай ешқандай құрметсіз ­қала бергені, айналып келгенде елдігімізге сын ­­емес пе?!

 

Ұлытау облысы