Тоқтарбек Таңатқан (Қытай)
Әлемдік додаға Қытай елінің атынан шаршы алаңға шығатын Тоқтарбек Таңатқанды (Tanglatihan Tuohetaerbieke) былтыр «Еlorda CUP» турниріне келгенде әңгімеге тартқан едік. «Қытайдың бокс королі» деген алтын белбеуге төрт рет ие болған Тоқтарбектің бағындырған белесі биік. Өзінің мықты екенін 1,5 млрд халқы бар Қытайда ғана емес, бірнеше рет шетелде өткен халықаралық турнирде де дәлелдеді. 2021 жылы Токио Олимпиадасында 75 кило салмақта сынға түскен ол 1/8 финалда болашақ Олимпиада чемпионы бразилиялық Эберт Соузаға небәрі 2:3 есебімен есе жібергені көз алдымызда. Қандасымыз 1996 жылы 18 қарашада Қытайдың Алтай өңірінің Тарлан деген ауылында дүниеге келген.
Т.Таңатқан (сол жақта)
«Жоспарым – әлем чемпионаты мен Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсету. Жалпы, менің арманым – Париж Олимпиадасында топ жарып, халқымды қуантқым келеді», дейді Тоқтарбек.
Бүгінде 80 кило салмақта қолғап түйістіріп жүрген Тоқтарбектің Ташкенттегі аяқ алысы жақсы. Алғашқы кездесуінде армениялық Амбардзум Хакобянды айқын басымдықпен жеңді.
Байқоныс Данабек (Қытай)
Б.Данабек (сол жақта)
Байқоныс Данабек (Bayikewuzi Danabieke) туралы деректер әлеуметтік желіде аздау. Дегенмен Байқоныстың былтыр «Еlorda CUP» турниріне қатысқанынан хабардармыз. Астанада өткен доданың бірінші жекпе-жегінде жеңіске жеткенімен, келесі кезеңде оның жолын өзбек боксшысы кесті. Бұл жолы әлем чемпионатында Байқоныс кішігірім сенсация жасады. Алдымен ол хорват боксшысы Лука Пратьячичті 4:1 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті. 4 мамырда 2021 жылғы әлем чемпионатының финалисі, әскерилер арасында әлем біріншілігінің қола жүлдегері, төрт дүркін Армения чемпионы Давит Чалоянмен жұдырықтасып, төрешілердің басым дауысымен жеңіске жетті.
Руслан Абдуллаев (Өзбекстан)
Өзбекстан туы астында өнер көрсететін Руслан Абдуллаев (Ruslan Abdullaev) – әлем чемпионатында басты фавориттің бірі. 63,5 кило салмақта сынға түсіп жатқан Русланды біздің боксшылар жақсы таниды. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ол Оңтүстік Қазақстан облысы атынан жастар арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, жартылай финалда Сабыржан Аққалықовтан жеңілген еді. Пандемия кезінде Руслан коронавирус инфекциясын жұқтырып, біршама жарысқа қатыса алған жоқ. Көп уақыт өтпей Өзбекстанға қайта оралып, 2021 жылдың желтоқсан айында ішкі біріншілікте топ жарды. Жеңімпаз атанып қана қоймай Руфат Рыскиев атындағы Өзбекстанның үздік боксшысына берілетін кубокті иеленді.
Р.Абдуллаев (сол жақта)
Руслан былтыр қараша айында Иордания астанасы Амманда өткен сары құрлық біріншілігінде 63,5 кг салмақта сынға түсіп, Азия чемпионы атанды. Ол жарыстың 1/16 финалында жапондық Сунсуке Китамотодан, 1/8 финалында жерлесіміз Санатәлі Төлтаевтан, ширек финалда филиппиндік Джеймс Паликтеннен, жартылай финалда тайваньдық Луи Чу Алиден басым түсті. Финалда тәжірибелі үнді боксшысы Шива Тапаны екінші раундта таза жеңді.
Ташкенттегі әлем біріншілігін 21 жастағы Абдуллаев өте жақсы бастап, Пуэрто-Рико спортшысы Мануэл Фебусты 5:0 есебімен еш қиындықсыз ұтты. Өзбек бапкерлері Русланға үлкен сенім артып отыр, оны чемпиондық атаққа басты үміткерлердің бірі ретінде бағалайды. 63,5 килода ел намысын қорғауға барған Санатәлі Төлтаев 1/16 финалдық айқаста маврикиялық Ришар Колиннге есе жіберді. Енді бұл салмақта қандасымыз Руслан Абдуллаевқа жанкүйер болатынымыз сөзсіз.
Жалпы, Өзбекстан құрамасы сапында әлем біріншілігінің қола жүлдегері, Азия чемпионатының финалисі Мадияр Сайдрахимов деген қандасымыз да бар. 92 кило салмақта жұдырықтасатын Мадияр 2021 жылы Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Мадияр 1/16 финалда тәжірибелі Беларусь боксшысы Владислав Смягликовтан, 1/8 финалда отандасымыз Айбек Оралбайдан, ширек финалда ағылшын Льюис Уильямстан басым түсті. Жартылай финалда Куба қабыланы Хулио Сесар Ла Круздан ұтылып, әлем біріншілігінің қола жүлдесін місе тұтты.
Бекнұр Қали
(Моңғолия)
92 кило салмақ дәрежесінде Моңғолия құрамасымен бірге Ташкентке аттанған тағы бір қандасымыз Бекнұр Қали (Byeknur Khali) алғашқы айналымда жарақатына байланысты босниялық Дземал Боснякқа қарсы кездесуге шықпай, әлемдік додамен қош айтысты. Десе де 3,5 млн халқы бар моңғолдардың арасынан өз салмағыңда №1 боксшы болу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Сондықтан Бекнұрдың жеңісі әлі алда деп білеміз.
Б.Қали мен Қ.Қайсанай
Жалпы, Моңғолия құрамасы сапында бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бапкер Қайнар Қайсанай Бекнұрдың денсаулығын ойлады ма екен, рингке шығарған жоқ. Жалпы, Қайнар Баян-Өлкеде талай мықты боксшыны баптады. Ерболат Төлекұлы кезінде бокстан 91 кило салмақ дәрежесінде Моңғолия чемпионы атанды. Жолдасбек Тақтияналұлы (49 кг), Нұрлан Асқарұлы (52 кг), Еркін Жамантайұлы (60 кг) секілді қандастарымыз Моңғолия чемпионатының қола жүлдегерлері.
Азат Махметов
(Бахрейн)
Жоғарыда айтылған боксшылардың барлығы да жат елде туып-өскен қандастарымыз. Ендігі екі боксшымыз – Қазақстанда туып, өзге елдің намысын қорғап жүргендер. Соның бірі – Азат Махметов (Azat Makhmetov).
А.Махметов (сол жақта)
51 килода жұдырықтасатын жерлесіміз Қазақстан чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Екі жыл бұрын азаматтығын ауыстырған Азат Бахрейн атынан рингке шығуға мүмкіндік алды. Былтыр Азия чемпионатында жолы болмап еді, Ташкенттегі әлем чемпионатында жүлде үшін бар күшін жұмсайтыны сөзсіз. Азат 4 мамырда Италияның бес дүркін чемпионы Алессио Камиолоны төрешілердің шешімімен жеңіп кетті. Енді ол Эрислан Ромеро Рейеспен шаршы алаңға шығады. Азат кубалық боксшыдан басым түссе, онда өзбек Хасанбой Дусматовқа қарсылас атануы мүмкін.
А.Махметов тілшілерге берген сұхбатында елімізде жеңіл салмақта бәсекелестіктің өте жоғары екенін, сол себепті халықаралық аренада өнер көрсету мақсатында осындай шешімге барғанын айтады.
– Біздің құрамада бәсекелестік өте жоғары. Бірінші-екінші нөмірлі боксшылардың деңгейінде аса бір айырмашылық байқалмайды. Ал менің жасым 30-дан асты. Құрамада үшінші нөмірлі боксшы болып жүре бергім келмейді. Әркімнің өз жолы бар. Сол себепті ағамның көмегімен ұсыныстарды қарай бастадым. Солардың ішінде Бахрейннің шарттары ұнап, ұсынысты қабылдадым. Елімізде жеке жаттықтырушым Марат Манашев көмектеседі, оның бала кезінен бері шәкіртімін, – дейді Азат.
Еуропада екі халықаралық турнирде жеңіске жеткен Азат әлем чемпионатына алтын алу үшін келгенін айтады. Сондай-ақ ол кез келген айқасқа дайын екенін, қарсыластың атақ-даңқына қарамайтынын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Азат Махметов – Атбасар бокс мектебінің түлегі. 2015 жылдан 2016 жылға дейін «Астана Арландары» жартылай кәсіби бокс клубының мүшесі болды. Жастар арасындағы Қазақстан чемпионы, ересектер арасындағы ел чемпионы және күміс жүлдегері, Мажарстан, Польша, Таиланд, Сербия, Финляндиядағы көптеген халықаралық турнирдің жеңімпазы, жүлдегері. 2017 жылы Бакуде өткен Ислам ойындарының чемпионы.
Әнуар Мұзапаров (Түркия)
Кезінде Қазақстан ұлттық құрамасында өнер көрсеткен 31 жастағы Әнуар Мұзапаров (Anvar Muzaparov) қазір Түркияның атынан 54 килода әлем чемпионатына қатысып жатыр. Әнуар – еліміздегі барлық жарыста жеңімпаз атанған боксшы. Әлем чемпионы Сәкен Бибосыновты кезінде ел чемпионатында алтын жүлдесіз қалдырған. Еліміздің 4 дүркін жеңімпазы. Студенттер арасында әлем және Азия чемпионы. Бірақ соңғы жылдары Сәкен Бибосынов, Махмұт Сабырхан секілді «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер Әнуарға бокс қолғабын шегеге ерте ілуіне «көмектесті».
Ә.Мұзапаров (оң жақта)
Алайда бокс қолғабын шегеге ілгеннен кейін Түркияға қоныс аударған Әнуардың екінші тынысы ашылғандай. Аз уақыт ішінде өзін спорттық қалпына қайта келіп, Түркия чемпионатында 54 кило салмақта бақ сынап, жеңімпаз атанды. Ташкенттегі әлем чемпионатында Әнуар 1/16 финалда Моңғолия боксшысы Доржнямбумен кездесіп, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Оның келесі қарсыласы – әлем чемпионатының барлық жүлдесін жинаған Куба қабыланы Йосвани Вейтия.
54 кило салмақта Түрікменстан құрамасы сапында Дәулет Мұқанов (Dovlet Muhanov) есімді көзіміз шалып қалды. Нақты қай ұлт екені белгісіз, алайда Дәулет алғашқы кездесуінде-ақ мажарстандық Истван Жакаға 0:5 есебімен есе жіберді. Сондай-ақ 75 килодағы Сұлтан Османли (Sultan Osmanli) деген Түркия боксшысы қазақ болуы әбден мүмкін.
Бір қызығы, әлем чемпионатына құрамасын бастап келген қазақ топырағынан шыққан бапкерлер де бар. Марокко құрамасы боксшыларын Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ерік Алғабек жаттықтырады. Ол бір кездері еліміздің қыздар құрамасын жаттықтырған. Сербия құрамасының бапкерлері қатарында Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Болат Ниязымбетов бар екенін айта кеткен жөн. Болат Кеңесбекұлы – бұған дейін Түркияның жастар құрамасы мен Ирактың негізгі құрамасын баптаған білікті маман. Бүгінде сербтер сапында ресейлік бірнеше спортшы бар екенін ескерсек, Болат баптаған боксшылар жүлдесіз қайтпайтыны белгілі.
Түрікменстан құрамасы бапкерлерінің сапында Теңелбек Жұмақұлов та жүр. Соңғы кезде жаттықтырушы Т.Жұмақұлов тәрбиелеген түрікмен боксшылары жастар арасында халықаралық жарыстарда жүлде алып жүр.
Түркия ұлттық құрама командасының жаттықтырушысы қызметінде Ерғали Бекмырзаев түрік бауырларымыздан бір жүлдегер шығаратынына сенімдіміз. Ерғали Бекмырзаев қыздар арасында әлемнің үш дүркін жүлдегері, екі дүркін Азия чемпионы Жайна Шекербекованың бапкері екені белгілі.
Ташкенттегі бокстан өтіп жатқан әлемдік дода қандастарымыздың спорттың осы түрінен төрткүл дүниенің төрінде өз орны бар екенін әйгіледі. Күні ертең жеңіс тұғырында қандастар иық тіресіп тұрса, бүкіл қазақтың мерейі емес пе! Сол тарихи сәтке ел болып куә болайық, халық болып қуанайық деген ниет біздікі.
P.S. Айтпақшы, Өзбекстанның бокс федерациясының вице-президенті Сәкен Полатов деген қандасымыз да өзбек ағайындарымыздың әлемдік аренада атой салуына өз үлесін қосып жүрген көрінеді.