Салтанатты жиынның ресми бөлігінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов сөз алып, жауынгерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Бүгін – халқымыздың батырлығын айғақтайтын және отансүйгіштіктің шынайы белгісін көрсететін мереке. Бабаларымыз «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» кең-байтақ даламызды қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманаттап қалдырған. Ендігі жерде бұл аманатқа адал болу – бүгінгі ұрпақтың перзенттік парызы. Тарих қойнауындағы ерлікке толы жеңісті жолымыз ұрпақ жадында мәңгі сақталуға тиіс. Биыл еліміздің Қарулы Күштерінің құрылғанына 31 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ұлттық әскеріміз даму жағынан биікке өрледі. Соның нәтижесінде Қарулы Күштеріміз жылдан-жылға қуатын арттырып келеді. Бүгінде дайындық деңгейі жоғары, жауынгерлік рухы асқақ, заманауи қару-жарақпен, техникалармен жабдықталған ұлттық әскермен мақтана аламыз. Айтылар әңгіменің тобықтай түйіні, айбынды әскеріміз – тұғырлы Тәуелсіздігіміз мен мемлекетіміздің берік қорғаны», деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сондай-ақ қала басшысы әлемде қалыптасқан күрделі геосаяси ахуал ел Тәуелсіздігі мен территориялық тұтастықты қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін бұрынғы кезбен салыстырғанда өзекті ете түскенін атап өтті. Осыған байланысты қала әкімі сөзінің соңын «Отан қорғау – перзенттік парыз, мәртебелі міндет. Еліміздің тыныштығы мен жеріміздің тұтастығын сақтау жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген ержүрек жауынгерлеріміздің еңбегі ерен. Халқымыз антына адал, сертіне берік перзенттерін әрқашан қадір тұтады», деген оймен аяқтады.
Салтанатты іс-шарада шаһар басшысы бірқатар әскери қызметкерді мінсіз қызметі үшін арнайы марапаттады. Сонымен бірге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Мереке Көшекбаев Қарулы Күштердің ардагерлері мен жауынгерлерді мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік басқосу соңы Шымкент әскери гарнизонының сарбаздары және қаладағы әскери оқу орындарының курсанттары мен эстрада жұлдыздары әзірлеген мерекелік концертке ұласты.
ШЫМКЕНТ