«Атқаратын қызмет уақыттан да көбейіп кетті», – деген екен бір ізгі ғұлама. Тұжырымнан алатын тағылым көп. Осы ой оразаға дөп келгендей. Өйткені, шарапаты мен шапағаты мол Рамазан айында Ұлы Аллаға ұнамды әрбір игі амалдың сауабы сансыз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ораза ұста, өйткені, оған тең келер құлшылық жоқ», – дегені санамызға салмақ салатындай-ақ сөз.
Оразадағы ой: мүміннің бір минуты...
Қайбір күні ғаламторда әншілердің оразасы жайлы жаңалық жылт етті. Сауалдамаға жауап берген өнер өкілі (есімі маңызды емес-ау): «Уақытым жоқ, жұмысым көп», – деп әдемі «сытылып» шығыпты. Елдің пікірін білмек ниетпен төмендегі жазбаларға көз жүгірттік. Ойға қонымды пікір қалдырыпты біреу. Оқып көрейік: «Сонда не, оразаны тек жұмыссыздар ғана ұстай ма?». «Ә, бәрекелді», дедік іштей.
Иә, қоғамда біз білмейтін адамдар көп. Қара жұмыс жасап, нәпақасын табады һәм аузы берік. Өзіміздің де бұған көзіміз жетті. Өткен жолы бір кісіні теміржол вокзалынан ауылына шығарып саларда арба сүйрейтін жігіттердің көмегіне жүгіндік. Келесі күні тағы бір кісіні күтіп алдық. Тағы да сол жүзі таныс жігіттер. Ахуал сұрасып, әңгімелестік. «Тергеушілік» әдетімізге басып, сұрақты алма-кезек қоямыз. Сөйтсек, олар ауыз бекіткен болып шықты. Күн болса ыстық. Тас төбеңді тесіп жіберердей. Тамақ-таңдайлары кеуіп кеткен.
«Жұмысты таңғы жетіден бастаймыз. Кешкі 9-10-ға дейін жүк тасимыз. Пойыз көп келе бермейтін түс мезгілінде аздап тынығып аламыз да қайтадан іске кірісеміз. Аузымыз берік екен деп үйде жатып алу бізге, жастарға жараспайды. Бала-шағаны кім асырайды сосын», – дейді ентіккен Жасұлан. Салқындатқыштың (кондиционер) астында ауызашар уақытын «аңдыған» біздерге кейіпкеріміздің бұл сөзі әсер етпей қоймады.
Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз адал жолмен еңбек еткен жан, жұмыс істейтін қарулы қол Алланың алдында сүйкімді, ұнамды екенін өсиет етіпті. Әділетті халифа хазіреті Омардың (р.а.) да сөзі ғибратқа толы: «Араларыңыздағы адамдар көктен алтын немесе күміс жаумағанын көре тұра: «Уа, Алла, мені ризықтандыр», – деп ризығын іздеместен бұрын отырмасын!» Исламда отбасын асырау, оның жауапкершілігі садақаның абзалы саналады. Оның үстіне ораза ұстап, адал жолмен ризық іздеген жандарға Жаратушымыздың жарылқауы шексіз.
Күні кеше техникалық қызмет көрсету орталығында (СТО деп жүрміз ғой) болдық. Марат, Жұмабек, Ғалымжан дейтін жігіттерді бұрыннан танитынбыз. Олар да ораза. Күні бойы көлік жөндейді, сынған, майысқан тұсын түзулейді, бояйды, қысқасы, қол еңбегі. Біз бұдан ауыз бекітуге жұмыс кедергі емес екенін түсіндік. Жігіттер де жігерлі. Иманның бал дәмін татып көрген адам одан (оразадан) қалайша бас тартсын?!
Құдси хадисте Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық», – дейді.
«Таңнан кешке дейін көлік жуамын. Былай күндері бір тамшы судың қадіріне жете бермейміз. Көлік жуғанда суды сағаттап пайдаланамыз. Шөлдің адамға ауыр тиетіні белгілі жәйт қой. Бірақ шыдаймыз. Мұнда 8 жігіт ауысыммен жұмыс істейді. Бәрі ораза ұстайды. Судың ортасында жүріп, оны ішпеу сабырлылығыңды сынайды екен. Бірақ кешке ауыз ашқанда бір жұтым судың өзі үлкен нығмет екенін түсінесің», – деді Дәулет Мейірбекұлы бізбен әңгімесінде.
«Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас...»
Шығыс даналығында: «Нағыз рақат – рақатты тәрк ету», – деген тәмсіл бар. Рамазан – нәпсі рахатына бұғау салатын сәт. Сынаптай сырғыған уақыт десеңші. Ораза кеше ғана басталған сыңайлы еді. Біраз күн өте шығыпты. Уақыт жайлы айтқанда хазіреті Әлидің (р.а.) сөзі еріксіз еске түседі: «Уақыт – қылыш. Егер сіз оны шаппайтын болсаңыз, ол сізді шабады». Абайша айтсақ:
«Сағаттың шықылдағы емес ермек,
Һәмишә өмір өтпек – ол білдірмек.
Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас,
Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек».
Рамазан – сауап «сауатын» сәт. Игі істердің сауабы еселеніп жазылатын айда бір минутты мейлінше жақсылыққа арнасақ. Ауыз бекітпеген адам үшін әлі де кеш емес. Жақсылықтың кеші жоқ деп ұғынған ұлтпыз. Мұндай мүмкіндіктің енді қайта айналып келетініне ешкім уәде бере алмас. Сағат сатып алсақ та, уақыт сатып алу мүмкін емес. Осыны ұғу ләзім. Ораза қабыл, иман кәміл болсын!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз бөлімінің меңгерушісі.