Тарих • 09 Мамыр, 2023

Батырлармен бауырластық

260 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көрнекті қаламгер Қабдыкәрім Ыдырысовтың шығар­ма­­шылығында соғыс тақырыбы ерекше орын алады. 13 жасынан бастап қанқұйлы соғыстың елге салған лаңын бастан кешірген Қабдыкәрім – ауылдағы аңырап қалған жетім-жесірдің көз жасын өлең оқып, домбыра «сабалап үйреніп» ән айтып жүріп сүртіп, жұ­батқан ұрпақтың өкілі.

Батырлармен бауырластық

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ең қызығы, есейіп арман қуып Алматыға барғанында Қабдыкәрім Ыдырысов әйгілі Бауыржан Момыш­ұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Махмет Қайырбаев, Қасым Қайсенов ескілді ұлтымыздың батырларымен сыйласып өткен. Олардың бірқатарына жыр, дастан арнағанын да білеміз. Халық жазушысы, майдангер Әзілхан Нұршайықов бір естелігінде 1955 жылы Ермак ауданында атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істейтін дос-жолдасы, Кеңес Одағының Баты­ры Махмет Қайырбаевтың үйіне қонақ болғанын айтады. Сонда Қабдыкәріммен алғаш танысып көріскен. «Алматыдан қонаққа келген адам жай емес, Махметтің жақсы көретін жан досы екен», деп сипаттайды. Бір кезде Махметтің әйелі Сәбира Әзекеңе бұрылып: «Әзеке, бұл екі жетім бір-біріне көрген қорлықтарын айтып тауыса алмай жатыр», дейді. «Қалай «жетім?», деп елең еткен Әзекеңе аздан кейін барлық мән-жай белгілі болады. Сөйтсе, Махмет Қайырбаев пен Қабдыкәрім Ыдырысов екеуі де «халық жауының» балалары екен. «1948 жылы сол кезде облыстық атқару комитетінің төрағасы Құрман Дияров жас маман Қабдыкәрімді «ел тани бер» деп Семейдің Бесқарағай ауданына жібереді. Аудан орталығы Бораста Қабдыкәрім аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Кеңес Одағының Батыры Махмет Қайырбаевпен танысып, екеуі аудан аралауға шығады. Екеуі де жол үстінде терең білісіп, «халық жауының» баласы, рухани туыс болып шығады. Сол күннен бастап екі «жетім» сырлас, сыйлас, дос болып кетеді. Қабдыкәрім оқу іздеп 1952 жылы Алматыға аттанады. Үш жылдан кейін екі дос қайта кездесіп, өткен өмірлерін еске алып, әңгіме соғып отыр», деп жазады Әзілхан Нұршайықов. Шын мәнінде, Қабдыкәрім Ыдырысов пен Махмет Қайырбаев ғұмыр бойы сыйласып өткен. Ақын батырдың өмірі туралы «Әке жолы» поэмасында да келтіреді.

Қадыкәрім Ыдырысовтың өмірінде айшықты орын алатын тағы бір тұлға – атақты партизан, жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов. Екі тұлғаның қай уақытта танысқаны Қасым Қайсеновтің естелігінде бар. Ол Қабдыкәрім інісімен Жазушылар одағында, ақын Жұмағали Саинді іздеп барғанында, Жұмекең әдеттегідей бір жас жігітпен сөйлесіп тұр екен дейді. «Сөздерін бөлмейін деп жақындамадым. Бір кезде Жұмекең мені көріп: «Бері кел», деп қасына шақырды. Мен жақын барған соң: «Мына ағаң – партизан. Партизан болғанда Украинаны дүрліктірген атақты партизан, украиндықтар оны Вася дейді», деп мені асыра мақтады. Мен ыңғайсызданып қалдым. «Мынау Қабдыкәрім Ыдырысов деген ақын інің, танысып қой», деп жас жігітті таныстырды. Екеуміз қол алысып амандастық. Ол мені «Вася дегендері несі?» деп күліп, мәз болып қалды. Осы сәттен бастап екеуміз ағалы-інілідей етене жақын болып кеттік. Бұл орта бойлы, жайдары, ақ сары жігіт. Біраз үйреніскен соң өзінің құрбыларымен әзілдескендей мені әзілге бұрып, баурап алды. Оның өлең­дерін газет-журналдардан жиі оқи­тын­мын. Көңілді кездерінде ол ән де салатын. Қолына домбырасын алып, Естай атаның «Қорланын» аңырататын еді. Тыңдаушы біздердің көзімізге жас келмейтіні аз болушы еді. «Қорланды» Қабдыкәрімдей айтатын әншіні естіген емеспіз дейтін тыңдаған ағалары. Шынында да солай еді. Өзі жүрегі нәзік ақын адам «Қорланды» аяқтап ауыр күрсінетін. Оны сүйіп құ­шақтайтын едім. Не керек, сол ас­қақ әнші жанның сол шабытты әнін күй­та­бақ­қа кім түсірді дейсің! Тыңдап отырып, менің жан дүнием егіліп, көзіме жас толып кетті. Естай атаның бұл әнін 1939 жылы пойыздың жүк таситын вагонында оның жиені Хамза Өмірбаевтың аузынан естіген едім», деп көпшілік біле бермейтін сырымен бөліседі. Қабдыкәрім ақынның Қасым Қайсеновпен әр кездері түскен сурет­тері сақталған. Со­ған қарап, әрдайым олар­дың әңгімесі мән­ді бол­ғанын ұғы­намыз.

1945 жылы фашистік орда – Рейс­таг­қа алғашқы Жеңіс туын тіккен әйгілі батыр Рақымжан Қош­қар­баев­тың ерлігі кезінде кеңес өкі­меті та­ра­пынан дер кезінде баға­лан­баса да, қазақ халқы оны әуелден батыр тұтты. Қабдыкәрім ақын да Рақымжан аға­­сы­ның ерлігін паш етіп, өскелең оқырманға насихаттауға еңбек сіңірді. Міне, қолымызда сырты қызыл жұқа кітап. Атауы – «Батыр ағай», Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігіне арналған дастан. Балаларға арналған шығармасы жеке кітап болып та басылды, өлең «Батыр қазақ» атауымен 1978 жылы таңдамалы жинағына кірді. Рақымжан Қошқарбаевпен әртүрлі уақытта түскен суреттері ақын інісімен ілтипаты бөлек болғанын меңзесе ке­рек. Төмендегі суретте Рақымжан Қош­қарбаев ағасымен өткен ғасырдың 70-жылдары Баян­ауыл жеріне келген сәтте түскенге ұқ­сайды.

Қ.Ыдырысовтың жайлы мінезі, ақ-адал көңілін ағалары айрықша бағалағаны байқалады. Оның Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев секілді ақын-жазушылармен етене араласып, сыйласқанын көптеген суреттен көреміз. Араластығы туралы дерек қолымызда болмаса да, бірнеше суретінде Қабдыкәрім Ыдырысов Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлымен бірге тұр. Мына бір суретте әйгілі батырмен бір шипажайда әңгіме-дүкен құрып отырған сынды. Алдағы уақытта білетін адамдардан сұрастырып жүріп, бұл туралы да мәліметтерді толықтырармыз.

 

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ,

Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

 

ПАВЛОДАР