Мемлекеттік маңызы айрықша марапатты Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев қарт майдангердің үйіне арнайы барып салтанатты түрде табыс етті. «Халық қаһарманы» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын Жұлдыз» бен «Отан» ордені де зор құрметпен табысталды. Сонымен қатар ардақты ардагерге мемлекеттік қолдау ретінде 1,5 миллион теңгенің сертификаты мен теледидар тарту етілді. Одан бөлек қарт майдангерге Президенттің атынан әскери оркестр құрмет көрсетіп, «Жеңіс күні» әнін шырқады.
Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы 30 маусымда бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген. Мектеп бітірген 1941 жылы Абыралы аудандық әскери комитетіне әскер қатарына шақырылып, Отан қорғауға аттанады. Алайда жиырмадағы жалындап тұрған жас әскери жаттығу алаңына емес, нағыз майданның ортасына түскен еді. Отты жылдар жайында қарт майдангердің өзі: «Семей қаласында генерал-майор Кирзимовтің басшылығымен 105-дивизия құрылды. Дивизия құрамында бірыңғай семейлік балалар болдық. Алдымен бізді Өскеменге, одан әрі Жамбылға, содан кейін Горький облысының Гороховецкий лагеріне жіберді. Лагерьде арнайы жаттығудан өтіп, әрі қарай бірден майданға аттандық», деп еске алады.
Ол небәрі 17 жасында майданға аттанып, Екінші дүниежүзілік соғысты түгел өткерген. Ардагер ауыр шайқастарға қатысып, төрт рет жараланған. Харьковты азат етуде, Сталинград түбіндегі шайқастарда ерен ерлік көрсеткен.
1941-1945 жылдың 9 мамыры аралығында Сталинград, І Украина, І Беларусь, ІІІ Балтық майдандарындағы шайқастарға қатысқан. 1946 жылдың маусым айында майданнан оралған соң, партияда және мемлекеттік органдарда басшылық қызметте болған. Атап айтсақ, КОКП Семей облыстық комитетінде, содан кейін Жаңасемей, Новопокровка аудандарының атқару комитетінде басшылық қызмет атқарған.
1977-1982 жылдары «Түрксіб» кеңшары партия комитетінің хатшысы қызметін абыроймен атқарып, құрметті демалысқа шықты.
«Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Ғасырдан астам ғұмыр кешкен соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдин 102 жаста. Амандық болса, маусым айында 103 жасқа толатын қарт майдангер алты бала тәрбиелеп өсірген. Балаларынан 10 немере, 12 шөбере сүйіп отыр.