Спорт • 10 Мамыр, 2023

Қос мықты тең тарасты

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше футболдан УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы кездесуін тама­шаладық. Бұл бәсекеде Мадридтің «Реалы» мен «Манчестер Сити» клубтары күш сынасты.

Қос мықты тең тарасты

Әйгілі «Сантьяго Бернабеу» стадио­нындағы матчты 63 485 көрермен тамашалады. Ойын тізгінін бірден қолға алған қонақтар жиі-жиі шабуылдады. Әсіресе Кевин Де Брёйне мен Родриго Эрнандестің тепкен соққылары өте қауіпті болды. Екеуін де Тибо Куртуа бұрыштан әзер алып шықты. «Реал» қарымта шабуылдарға ғана жүгінді. Осы көрініс жарты сағатқа дейін жалғасты. Десек те алғашқы голды соғу бақыты алаң иелеріне бұйырды. 36-минутта Эдуард Ка­мавингадан әдемі пас алған Винисиус Жу­ниор айып алаңына жақындаған тұста допты қақырата теуіп, нысанаға дөп түсірді – 1:0.

Үзілістен кейін де «Реал» қарқынын бә­сеңдеткен жоқ. Ұлыбританиялық клубтың ойыншыларына өз-өздеріне келу үшін біраз уақыт қажет болды. Алайда олар көздеген мақ­саттарына қол жеткізді. 67-минутта Кевин Де Брёйненің алыстан бағыттаған добы қақпа торынан табылды – 1:1. Жасыл алаңдағы «жан алысып, жан беріскен» айқас одан кейін де жалғасты. Бірақ таблодағы есеп өзгерген жоқ.