Спорт • 10 Мамыр, 2023

Дохада даралана алмай жатырмыз

274 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Катардың бас шаһары – Дохада өтіп жатқан дзюдошылардың әлем чемпионаты бел ортаға таяды. Қазірдің өзінде алты салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімі белгілі. Өкінішке қарай, бағы жанған балуандардың қатарында Қазақстанның бірде-бір өкілі жоқ.

Дохада даралана алмай жатырмыз

Аталған жарыста басты үміт 60 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Елдос Сметовке артылған еді. Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері, әлем мен Азия чемпионы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген дардай атағы бар қазақтың атақты дзюдошысы тұсаукесер белдесуінде жеңіске жетіп, ке­лесі кезеңде Дильшодбек Ба­та­ровпен белдесті. 25 жас­тағы Өзбекстанның өкілі осы күнге дейін ауыз толтырып айтар­лық­тай табыстарға қол жет­кізе алмаған еді. Соған қа­ра­мас­тан әй­гілі қарсыласымен еш қай­мықпай ай­қасқан Батаров шешуші тұста Сметовті сан соқ­тырып кетті.

Елдосқа қарағанда Нұрқанат Серікбаев тәуір өнер көрсетті. Ал­ғашында молдовалық Алек­сандру Тирсинді тізе бүктірген ол іле-шала Олимпиаданың кү­міс жүлдегері, әлемдік рей­тинг­тің көшбасшысы, тайпей­лік Ян Юнвэйді жолынан ығыс­тырды. Бұл нәтиже сен­сацияға баланды. Одан кейін Нұр­қа­наттың жолы Токио Олим­пиа­дасының жеңімпазы, Рио Олимпиадасының күміс жүл­дегері, әлемнің төрт дүркін чемпионы, жапониялық Наохиса Такатомен қиысты. Жапонияның жұлдызына жерлесіміздің әлі жетпеді. Жұбаныш белде­суде грузиялық Георгий Сарда­ла­шви­лиден ұтылған Серікбаев же­тінші орынды қанағат тұтты.

66 кг салмақтағы Оң­түс­тік Кореяның оғыланы, Олим­пиаданың екі дүркін жүл­де­гері, әлем чемпионы, Азия ой­ындарының жеңімпазы Ан Баул еліміздің тағы бір белді ба­луаны Ғұсман Қырғызбаевты үшінші айналымда тоқтатты. 73 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Жансай Смағұлов ал­ғашқы белдесуінде жеңілсе, Данияр Шамшаев екінші кезеңде әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы, италиялық Мануэл Ломбардоның осал тұсын таба алмады.

Әйелдерге келер болсақ, 48 кг салмақтағы Әбиба Әбу­жақынованың Дохада жеңіс тұ­ғырына көтерілуіне жақсы мүмкіндігі болды. Соңғы кез­дері айқышты өнерімен көзге түсіп жүр­ген қазақтың қай­сар қызы израильдік Тамар Малка, моңғолиялық Баасанху Бавудорж және сербиялық Милица Николичті ұтып, өз жанкүйелерін бір қуантқан еді. Бірақ одан әріге оның әлі жетпеді. Жартылай финалда Әбиба Еуропаның екі дүркін чемпионы франциялық Ширин Боуклиге жол берді. Қола медаль үшін тартыста жерлесіміз италиялық Ассунта Скуттоны жеңе алмады. Нәтижесінде, биыл­­ғы жылғы әлемдік доданы Әбу­жақынова бесінші орынмен қорытындылады. Әзірге бұл – Қазақстан дзюдошылары арасындағы ең тәуір нәтиже. Ал өзге бұрымдыларымыз көңіл көншітерлік нәтиже көрсете алмады.

 

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері

(Ерлер)

60 кг: 1. Франциско Гарригос (Испания), 2. Дильшодбек Батаров (Өзбекстан), 3. Георгий Сардалашвили (Грузия) мен Ли Харим (Оңтүстік Корея).

66 кг: 1. Хифуми Абе (Жапония), 2. Дзёсиро Маруяма (Жапония), 3. Ёндонпэрэнлэйн Басху (Моңғолия) мен Валид Хияр (Франция).

73 кг: 1. Нилс Стумп (Швейцария), 2. Мануэл Ломбардо (Ита­лия), 3. Соити Хасимото (Жапония) мен Муроджон Юлдашев (Өзбекстан).

(Әйелдер)

48 кг: 1. Нацуми Цунода (Жапония), 2. Ширин Букли (Франция), 3. Вакана Кога (Жапония) мен Ассунта Скутто (Италия).

52 кг: 1. Ута Абэ (Жапония), 2. Диёра Келдиёрова (Өзбек­стан), 3. Амандин Бушар (Франция) мен Одетте Джуффрида (Италия).

57 кг: 1. Криста Дегучи (Канада), 2. Харука Фунакубо (Жа­пония), 3. Енхурлен Лхагвтаго (Жапония) мен Джесика Климкайт (Канада).