«Жабыққан сәтте
қас-қағым,
Жаныңды ұғар басқа кім?
Жаңа бір әуен бастадым,
Сендерге арнап достарым!»
деп қайыратын әннің шығу тарихы да қызық. Сөзін күршімдік ақын, журналист Хасен Зәкәрия Оралханның тапсырысымен жазған. Тапсырыс болғанда да ақылы емес, достық өтініш десек дұрыс шығар. Түнеугүні «Достарым» әні қалай шығып еді деген сұрақты алға тартып, ақын Хасен Зәкәрияға хабарласқанбыз. Амандық-саулық сұрасқан соң, тоқсаныншы жылдардан тарта әңгімелеп берген.
«Ошан (достары Оралханды Ошан десетін) ауырды ғой. Бала күні қолқасына суық тиген. Емделмеді. Булығып, жөтелгенде өліп қала жаздайтын. Жерлесі Жанарбек Білімбаев «Ошан емдел, ақшасын өзім төлеймін» деп ауруханаға неше жатқызып көрді, қашып шығып кететін. Бір күні концерттен соң ақын Мұрат Тастағанов, әнші Есен Мәженов бар, бәрі «Өскемен» қонақүйіне барған ғой. Сол жерде Оралхан булығып, тұншығып, көгеріп барып құлаған. Әлгілер жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға алып кетеді. Бас хирург Әскертай Түселбаев деген Алғабастың жігіті. Сол операция жасау керек дейді. Шығыны 20 мың теңге. 1995 жылы қомақты ақша. Енді қайттік?! Өңкей жалаңаяқ журналистерміз. Бәріміз Жанарбек Білімбаевқа бардық. Оның өзі кәсібін енді-енді бастап жатқан. Әйтеуір, қолма-қол ақша тауып берді. Құдай сақтап, Өскемендегі облыстық ауруханада операция жасалды. Екі жарым ай жатты. Сол уақытта Өскемендегі достары Уәлихан Тоқпатаев, Мұрат Тастағанов секілді ақын, журналист, әншілер қалын сұрап, күнде барады. Сорпа-суын апарып, күтіседі бәрі. Жанында жатқан екі жігіт «сен кімсің» деп таңғалады екен. Ол жылдары мен Қойтаста тұрамын. Күндердің күні Ошан келді дегенді естіп, Күршімге жеттім. Үйіне. Кіре сала құшақтасып, амандастық. Жүдеп, кіп-кішкентай болып қалыпты. Сөйтсе, ет пен тері арасына ірің толып кеткен. Операция жасалып, сәтті аяқталған. Қыстау Күршімнен ағасы қой жіберіпті. Әлгі қойды сойып, сорпаланып, түнімен әңгімелестік. Қайтарымда, «Хасеке, менің жанымды алып қалған бірінші құдай, екінші достарым. Бәрі бәйек болып күткенде, адам жаны тез сергиді екен. Әне Жанарбек, Уәлихан, Мұраттар бар, әншілері бар, күнде келіп қал сұрап тұрды. Риза болдым. Солардың арқасында жазылып шықтым. «Достарға» деген бір өлең жазшы. Әні көкейімді кернеп жүр» деді. Жарайды деп, аз уақытта өлеңін жазып бердім. Көп ұзамай жарқ етіп, әні де шықты» деп тарихынан бір қайырды да: «Сонда айтайын дегенім, Ошан ауруханада жатқанда Абаш Кәкеновтен басқа достарының бәрі барған ғой. Оған Оралхан ренжіп қалады. Кейін ән шықты, бүкіл республикаға тарады. Бірде Абаш екеуі оңашада жолығысып қалады. Ошан өкпелі. Сонда Абаш: «Достарым әні жақсы шығыпты, риза болып жатырмыз» депті. Өкпесі қара қазандай болған Оралхан; «сен риза болмай-ақ қой. Оның ішінде сен жоқсың» депті. «Қалымды сұрап, бір келмедің» деп өкпе-назын айтып тастаған көрінеді. Сонда Абаш та саспайды екен; «Ореке, амандық болса, тағы ауырасың ғой. Сол кезде келемін» деген екен. Оралхан «мынаған дауа жоқ» деп күліп жіберіпті. Рас, Абаш ол бала сияқты, ештеңені парық қылмайды» деп, Хасен Зәкәрия достардың арасындағы әзілді араластыра отырып, «Достарым» әнінің шығу тарихын тарқатып айтып берді.
«Достарым» ән осылай туған екен. Біздің білуімізше, 1999 жылдың жазында белгілі әртіс Уайыс Сұлтанғазин өзінің елу жасқа толған мерейтойын дүркіретіп, туған жерінде өткізеді. Құтты болсын айтып келген бір топ өнерпаздардың арасында Жанар Айжанова да болған екен. Мерейтойда ол Оралхан Көшеровпен танысып, бірнеше әнін тыңдайды. Соның ішінде «Достарым» әні ерекше ұнап, репертуарына қосады. Артынша «Достарым» әні теледидар, радиодан шырқалып, көпшілік тыңдарманның көңілінен шығады.
Оралхан Көшеров қысқа ғұмырының он жылын ән жазуға арнаған екен. Соның өзінде тыңдармандарына елу шақты ән қалдырған. «Өзім өлсем өлермін, бірақ менің жүрегімді жарып шыққан әндерім өлмейді» деп кеткен әншінің әуезді әндері рас, өлмек емес. Үлкенді-кішілі сахналарда орындалып жүр. Әндерінің көбі бала, ана тақырыбында. Лирикалық өлеңдерге жазылған әндері де бар.
Оның өнеріне тәнті болған тыңдармандары «Шығыстың Шәмшісі» деп, те атайды. Көпіртіп көпшік тастаған әлдекімдердің бере салған даңғаза дақпырты емес, өнеріне шынымен тәнті болған, әндерін шын сүйіп бағалаған қалың көпшіліктің риясыз көңілінен шыққан шынайы ықыласы. Шындығында да, Шәмші екеуінің тағдырында, шығармашылықтарында ұқсас тұстары да жоқ емес еді.
Оралхан Көшеров өмірден өткен соң бірнеше әндері жинақталған үнтаспасы жарыққа шығып, әнсүйер қауымға жол тартты. 2005 жылы «Есіңе мені алғайсың» атты жинағы да басылып шықты. Сазгердің есімі ел есінен сөнбеуі үшін «Оралхан көктемі» атты ән-фестивалі ұйымдастырыла бастады. Десе де, О.Көшеровтің әндері қашанда тыңдармандарының құлағынан өшпек емес.
Шығыс Қазақстан облысы