Осыған орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданында тұратын ардагер Сәрсенбек Байжановтың шаңырағына барып, ақсақалды ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан автокөлік кілтін табыстады. Ғасыр жасаған майдангер Сәрсенбек Байжанұлы өзіне көрсетілген сый-құрметке алғысын айтып, батасын берді.
Шиелі ауданында 1923 жылы дүниеге келген Сәрсенбек Байжанов – 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысқан жауынгер. Елге оралғаннан кейін Түркістан педагогикалық училищесінде оқып, 38 жасында мұғалім мамандығын алып шығады. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Шиелі ауданындағы №156 қазақ орта мектебінде жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады.
Ал Қазалы ауданынан майданға аттанған Қабақ Смағұл 1942 жылы 19 жасында Тула қаласын азат етуге қатысқан. Шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған ол елге оралғаннан кейін есеп саласында 40 жыл еңбек етті. Қарт сарбаздың 100 жасқа толуына байланысты ұйымдастырылған іс-шарада майдангер ауылдастарын бастап, қанды қырғыннан оралмаған қаруластарының рухына тағзым етті. «Ғасыр жасаған майдангер» атты жиында жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қойған майдангер елден соғысқа аттанған 300-дей азаматтың жартысы ұрыс даласын мәңгі мекен етіп қалып қойғанын айтты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев майдангерге «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағын табыстап, иығына шапан жапты. Іс-шарада «Тамыры терең бәйтерек» атты кітаптың тұсауы кесіліп, жиналған қауым ақындар айтысын тамашалады. Майдангерге көрсетілген құрмет аясында бәйге ұйымдастырылып, білекті жігіттер аударыспаққа шықты. Ардагер батасымен басталған бәйге жүлдесі 3 600 000 мың теңге болып, Жамбыл, Түркістан облыстары, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш және Арал аудандарынан 50-ден аса жүйрік қосылды.
Қызылорда облысы