Медицина • 10 Мамыр, 2023

Енді ести алады

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниеде көрмеу, естімеуден асқан қорлық жоқ шығар. Өкінішке қарай, саңырау жандардың қатары өспесе кемімей отыр. Бүгінде Алматы облысында есту қабілетінен айырылған мыңнан аса науқас есепте тұрады.

Енді ести алады

Жуырда Алматы көпсалалы клиника­лық ауруханасында есту қабілетін қалпына келтіретін кохлеарлық имплантация бойын­ша жоғары технологиялық операция жа­салды. Мамандар мұндай хирургиялық операциялар екі құлағы да саңырау немесе 4-дәрежелі есту қабілетін жоғалтқан адамдарға жасалатынын айтады. Осы күні операция жасалған 56 жастағы науқастың жүйке жүйесінің күйзелуіне байланысты бірінші бір құлағы, кейіннен екі құлағы да мүлдем естімей қалған. Ендігі кезекте 4 апта уақыт өткен соң құлаққа қойылған кохлеарлық имплантты қосу үдерісі басталады. Бұл операцияны жасау үшін алғаш­қы талаптардың бірі – науқас бұрын естіп, дыбыс пен әріптердің қалай айтылатынын білу керек екен. Ал мүлдем естімейтін, яғни туабітті саңырау адамдарға мұндай операция жасалмайды.

«Кохлеарлық имплантация» әдісі бойын­ша есту жүйкесінің талшықтарын тікелей электрлік ынталандыру арқылы ішкі құлаққа электродтық жүйелерді енгізеді. Бұл әдіс еліміздің бірнеше клиникасында ғана жүзеге асып келеді. Бүгінде Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Оториноларингология Ұлттық медицина зерттеу орталығы» ФМБУ директорының халықаралық қызмет жөніндегі орынбасары Диаб Хассанның қатысуымен операция жасалып, тәжірибе алмасты.

– Шеберлік сабағы аясында 8 операция жасалды. Олардың арасында кохлеарлық имплантация, эндолимфа қапшығын дренаждау, тимпанопластика және оссикулопастикамен санитарлық операциялар болды. Бұлар ересек адамдар болғандықтан, көпшілігінде қосалқы аурулар бар, сондықтан дәрігерлер алдымен толық диагностикадан өткен науқастарға жоспарлы түрде операция жасауды жөн көрді. Ендігі кезекте облыс тұрғындары үшін көпсалалы аурухана қабырғасында есту қабілетін қалпына келтіруге толық мүмкіндік бар, – дейді профессор Диаб Хассан.

Алматы көпсалалы клиникалық ауруха­насының отоларингология бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Асқарқызының айтуынша, Алматы облысы бойынша диспансерлік есепте құлақ аурулары бар, оның ішінде есту қабілетінен айырылған 1 мыңнан аса науқас тіркеуде тұр.

– Оториноларингологиялық көмек көрсе­туді арттыру қажеттігін ескере отырып, біз облыста алғаш рет кохлеарлық имплантация бойынша операция жасадық. Бұрын біздің науқастарда мұнай мүмкіндік болмаған еді, аймақ тұрғындары үлкен қалалар­да­ғы клиникаларға баруға мәжбүр болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы және ӘМСҚ арқылы біз науқастарға күрделі санаттарының біріне жататын ота жасауға мүмкіндік алдық, – деді Ә.Асқарқызы.

Ол кохлеарлық имплантация науқастың есту қабілетін 100 пайыз қалпына келтіруге мүмкіндік беретінін, бірақ бұл дыбыс әлеміне қайтудың тек алғашқы қадамы екенін, содан кейін ғана есту-сөйлеуді қалпына келтіру керектігін тілге тиек етті.

Келешекте бұл тәсілге төселген дәрігер­лер облыс тұрғындарына ғана емес, басқа аймақтардан келетін науқастарға да көмек қолын созбақ ниетте.

 

Алматы облысы