Елорда • 10 Мамыр, 2023

Ширек ғасырда шырайланған аудан

393 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Алматы ауданының құрылғанына 25 жыл толуына орай Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты мерейтойлық кеш өтті.

Ширек ғасырда шырайланған аудан

Іс-шараға ауданның бұрынғы басшылары және қала қонақтары қатысты. Әуелі аудан тарихына қатысты деректі фильмнен үзінділер көрсетіліп, тарихтан сыр шертілді. Ондағы деректерге сүйенсек, Алматы ауданы 1998 жылы 6 мамыр күні Президент Жарлығымен құрылған. Ауданның бұрынғы атауы Ленин ауданы болыпты. Ел астанасы Ақмолаға көшкен кезде аудан жаңадан құрылып, жаңа атауға ие болған.

Аталған мәдени іс-шарада Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлы жиналған жұртшылықты ауданның 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, ауданның жетістіктері және келешегі туралы айтты.

– Ширек ғасыр ішінде ауданымыз адам танымастай өзгергеніне куә болдық және күннен-күнге көркейіп келеді. Ауданды өркендету жұмысы әлі де жалғаса береді. Алда көптеген жұмыс күтіп тұр, ауданымызды одан әрі дамытуға бар күшімізді саламыз, – деді аудан әкімі құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар әкім Алматы ауданында атқарылған игі істерге қысқаша тоқталып өтті. Мәселен, қазір ауданның жалпы аумағы – 21 054 гектар, 357 даңғыл мен көшенің ұзындығы – 390,5 шақырым. 2000 жылдың басында ауданға Өндіріс, Теміржол, Интернационал, Мичурин және Күйгенжар тұрғын алаптары қосылған екен.

Мерекелік концертте Досымжан Таңатаров, Қыдырәлі Болманов, Алтынай Жорабаева, Бауыржан Исаев, Нұрболат Арзамас, Ибрагим Ескендір қатарлы эстрада жұлдыздары әннен шашу шашса, «Гүлдер» ансамблінің бишілері мың бұрала би билеп, көпшіліктің көңілін көтерді. Ал «Алтын домбыра» жас домбырашылар ансамблі құйқылжыта күй тартып, жиналған жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды. Сондай-ақ «Turan» этно-фольклорлық ансам­блінің өнері де көпшілікке таңдай қақтырды.

Алматы ауданында 25 жыл ішін­де ауыз толтырып айтарлықтай же­тістіктер мол. Атап айтқанда, 520-дан аса көппәтерлі тұрғын үй (барлығы 827 КТК), 28 жалпы білім беретін мектеп, 18 мемлекеттік балабақша, 3 жаңа емхана, 4 аурухана бой көтеріп, халық игілігіне берілген екен.

Бұған қоса Ұлттық музей, Бей­бітшілік және келісім сарайы, Тәуел­сіздік сарайы, Оқушылар сарайы, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық Қазақ драма театры, Достық үйі, «Қазақ Елі», «Отан қорғаушылар» монументтері, «Бейбітшілік» қабырғасы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы сияқты нысандар – Астана қаласы Алматы ауданының шырайын кіргізіп тұрған көрнекті  орындар.

Ал­маты ауданының аумағында Әл-Фара­би, Жамбыл Жабаев, Дина, Бауыр­жан Момышұлы, Рахымжан Қошқарбаев, Иван Панфилов, Мұста­фа Кемал Ата­түрік, Александр Пуш­­­кин, Шарль Де Голль ескерт­кіште­рі орнатылып, «Гольф клубы», «Жер­ұйық», «Жастар», «Ататүрік», «Триат­­лон» қатарлы жиыны 6 саябақ, 33 алаң салынған.

Сонымен қатар 10 субұрқақ кеше­ні және индустриалды парк, көк­өніс қоймасы және жылыжай кешені іске қосылған. Орамішілік аумақ­тарды абаттандыру аясында 484 балалар, 110 спорт және 33 тренажер алаң­дары орнатылған (барлығы – 465 аула). Сондай-ақ Есіл және Ақбұлақ өзенінің жағалаулары абаттандырылған.

Ауданың бүгінгі жетістіктеріне қатысты әкімдіктен сыр тартып сұ­раға­нымызда, біраз атқарылған игі істерді алға тартты. Мәселе сан-цифр­да емес, аудан халқына қажетті игілік­тердің жеткілікті екенінде болып отыр.

– 456 аялдама павильоны орнатыл­­ды, оның ішінде 41-і – жылы аял­да­­ма (барлығы 402 аялдама). Аудан­да 77 ірі және орта кәсіпорын, 60 мың­нан аса шағын және орта бизнес субъек­тілері өз қызметін атқарып тұр. 3-тен 5 жұлдызға дейінгі санаттағы 19 қона­қүй кешені (барлығы 81 қонақүй), «Қазақстан», «Алатау», «Толқын» спорт сарайлары, «Еуразия 1, 2 және 3», «Астана Молл», «Аружан», «Қазына», «Ажар», «Әлем», «Тұлпар» және «Рахмет» сауда үйлері ашылды, – дейді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.