Аймақтар • 10 Мамыр, 2023

Бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мал шаруашылығы үш қияндағы бағзыдан бергі күнкөрістің негізгі көзі саналады. Кеңшар кезінде мал өсірудің алдыңғы қатарында болып, атағы аспандаған өлке. Бүгіндегі жеке шаруа қожалықтары мен жекенің малы да Маңғыстау даласының сәні.

Бос жатқан жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Мал басының кө­беюі өңірде халықты жайы­лым­дық жерлермен қамта­ма­сыз ету мәселесін шешу мақсатында игерілмей жат­қан жерлерді мемлекет мен­шігіне қайтару мәселесін туындатты. Осы орайда облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалануды қадағалайтын жұмыс тобы құрылған еді. Алдын ала жүргізілген сарап­тама қорытындысы бойын­ша Маңғыстау облысында 973 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, 2022 жы­лы осы жер көлемінің 356 мың гектардан астамы мем­лекет меншігіне қайта­рылған. Нақтырақ айтсақ, Түпқараған ауданы бойын­ша – 85,3, Мұнайлы ауданынан – 26,09, Бейнеу ауданынан – 33,8, Қарақия ауданы бойынша – 171,8, Маң­ғыстау ауданынан – 39,6, ал Жаңаөзен қаласы бойын­ша 10 га жер мемлекет меншігіне өткізілді. Сондай-ақ жоспардан тыс тексеру туралы хабарламадан кейін жерінің жалпы көлемі 67 787 га болатын 85 жер пайдаланушы қолда бар малын ИСЖ базасына тіркеді.

– Мемлекеттік қорда 8 млн 667 мың гектар жайы­лымдық жер бар. Өңірде ауыл тұрғындары босалқы жерлер, сондай-ақ жақын маңдағы ауыл шаруашылығы ұйымдарының есебінен мал жайылымымен қамтамасыз етілген. Елді мекендерді жайылымдық жерлермен қамтуда өткір проблемалар жоқ, дегенмен ауыл-аймақтардың аумағын кеңей­ту арқылы қосымша жайы­лымдық жерлермен қамтамасыз ету жоспарда бар. Қазіргі таңда алыстағы жайылымдық жерлерді де ауыл шаруашылығы айналымына тарту, халыққа пайдалану мәселелері пысықталуда, – дейді Маңғыстау облысы жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Қахарман Бағынов.

Қайтарылған барлық жер­ енді Ауыл шаруа­шы­­лығы министрлігі мен Цифр­лық даму, инновациялар және аэроғарыш өнер­кәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген геосервисте көрсе­тіледі. Интерактивті карта азаматтарға кез келген уақыт­та қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлері бо­йынша мониторингті жүзеге асыруға мүмкіндік береді және осы учаскелерді алу мақсатында жергілікті ат­қа­рушы органдарға өті­ніш беру үшін бағдар бо­лады. Бұл жылдар бойы пайдаланылмаған ауылша­руашылық жерлерін айна­лым­ға тартуға, сондай-ақ тұрғындарды ауыл шаруа­шылығы үшін қажетті алаң­дармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Маңғыстау облысы