Экспорт • 11 Мамыр, 2023

Астық нарығындағы алаңдаушылық

402 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстан Орталық Азияның басқа да елдерімен бірге жаһандық экономикалық өзгерістердің ықпалы мен тәуекелін сезініп отыр. Турбуленттілік торлаған аумалы-төкпелі кезеңнің қиындықтары жаңа мүмкіндіктердің ашылу үдерісімен қатар жүріп келеді.

Астық нарығындағы алаңдаушылық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Әлемдік экономикадағы, геосая­сат­тағы, климаттық өзгерістердегі жа­­һан­дық трансформация Орталық Азия аймағының аграрлық нарығына әсе­рін күшейтіп отыр. Логистиканың ақ­сауы, өңір нарығында отандық және ресейлік астық бәсекелестігінің күшеюі, экспорттық қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтару проблемалары, бидай ба­ға­сының үмітін ақтамаған бизнес пен билік коммуникацияларындағы ақаулар ортақ іс-қимылды тың деңгейге көтермей шешілмейтіні белгілі. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің созылмалы проблемалары қаржылық ресурстардың жетіспеушілігімен, несиелеудің жоғары мөлшерлемесімен, ҚҚС қайтарудағы бюро­кратиялық процедуралармен, тұ­тас­тай алғанда, республикамыздың тұ­рақты ауыл шаруашылығын дамыту сая­сатын жүзеге асыруда нақты нәти­же­лердің болмауымен байланысты. Агроөнеркәсіптік кешендегі өткір проб­лемаларды еңсеріп, сала әлеуетінің көзін ашу үшін барлық субъектінің мүддесі мен жауапкершілігінің теңгері­мін қамтамасыз ету, жүйені реттеуге ба­ғытталған мемлекеттік саясатты д­ә­йек­ті іске асыру қажет. Сонымен бірге ба­ламалы және қолданыстағы көлік-логистикалық дәліздерді дамытуға, оның ішінде инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа транзиттік бағыттар салу жолымен ұлттық және халықаралық жобаларды іске асыруға маңыз берілуі керек. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қызметіне мемлекеттің араласуын барынша азайтып, жүйесіз шектеулер енгізуді тоқтатқан абзал.

Әлемдік трендтер аясында Орталық Азия өңіріндегі агроөнеркәсіп секто­ры­ның дамуы жақында Алматыда өткен «Asia Grain Conference» халықаралық форумында жан-жақты қамтылды. Ауқымды іс-шараға әлемнің 21 елінен 250-ге жуық делегат жиналды. Оның ішінде қазақстандық агроөнімді импорттаушы Өзбекстан, Қытай, Ауғанстан, Түркия, сондай-ақ Украина, Еуропалық одақ мемлекеттері (Болгария, Германия, Ис­пания, Польша, Чехия, Эстония, Нидерланд), Ұлыбритания, Швейцария, БАӘ, Малайзия секілді елдерден келген қатысушылар саланың дамуы жайынан шынайы, өзекті ақпарат алды. Бір алаңда ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушы және импорттаушы жетекші компаниялардың, қайта өңдеушілердің, агрохолдингтердің, салалық қауымдас­тық­тардың, логистикалық компаниялар мен қаржы институттарының, билік органдары мен БАҚ өкілдері тоқайласты.

Сөз сөйлеушілер:

  • Экономика және азық-түлік қауіп­сіз­дігі;
  • Дәнді және дәнді-бұршақты да­қыл­дар нарығындағы әлемдік және өңірлік үрдістер;
  • Майлы дақылдар нарығындағы 2022-2023 маркетингтік жылдардың (МЖ) тенденциялары;
  • Астық логистикасындағы ескі проб­лемалар мен жаңа мүмкіндіктер;
  • Орталық Азия елдеріндегі астық өңдеу саласының үрдістері мен перс­пек­ти­валарының жайын талдап көрсетті.

Ресей Украина қақтығысынан туын­да­ған әлемдік азық-түлік қауіпсіз­ді­гіне төне­тін қатерлер жайында болжам-дерек­тер келтірілді.

Логистикадағы басты мәселе – айналым болса, оның бәсеңдеу себептері ‒ локомотив тапшылығы, өткізу қабілетінің тө­мен­дігі, әсіресе, маусымның қызған ша­­­ғында шекаралық өткелдердің инфрақұрылымдық шектеулері екендігі бұрыннан айтылып келеді. Қазір де елі­міз­ден астық экспорты логистикалық проб­лема­ларға байланысты күрт шектел­ген­­діктен, осы маусымның соңына қарай елде бидайдың үлкен қоры жинақталуы мүмкін. Биылғы жылдың I тоқсанында Қазақстан шамамен 3 млн тонна (2022 жылы 2 млн тонна экспорттаған) астық экспорттады. Оң динамикаға қарамастан, қамбада қалып отырған астық көлемі әлі де қомақты.

«KazGrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Зейнолла Әбдіманаповтың айтуына қарағанда, жалпы астық түсімі 22 млн тонна деңгейінде болса, бүгінгі таңда экспорт көлемі 7 млн тоннадан сәл асады. Жыл сайын 2 млн тонна төңірегінде астық ауысып қалады. Қазіргі уақытта нарықта 9 млн тонна бар. Егер 6 млн тонна экспорттай алсақ, елімізде шамамен 3 млн тонна ауыспалы қор пайда болады. Жүк жеткізу тізбегінің проблемасы, инфрақұрылымның тозуы, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында жылжымалы құрамның болмауы және оларға сәйкес келмейтін шектеу іс-шараларын қолдану жағдайында 6 млн тонна астықты экспорттай алуымыздың өзі екіталай.

Еліміз үшін 2022-2023 МЖ 10 миллион тоннадан аса экспорттық әлеуетті қамтамасыз ететін соңғы 10 жылдағы ең жемісті маусымдардың бірі болып отыр. Алайда бұл оң динамика жылдар бойы қордаланған проблемалардың тасасында қалып қоюы мүмкін.

«Ақпан-наурыз айларында астықтың экспорт­тық бағасы апта сайын 5-7 дол­лар­ға төмендеп отырды. Еліміздің астық нары­ғындағы ішкі бағаны қандай да бір жолмен реттеу үшін бидайды авто­көлікпен әкелуге тыйым салынды. Қа­был­данған іс-шаралар бидайдың ішкі баға­сын біршама тұрақтандырып, 80 мыңнан 90 мың теңгеге дейін өсуіне (шаруашылықтан ҚҚС-сыз бағаны біл­діреді) әсер етті», деп атап өтті «Kaz­Grain» басшысы.

Алайда ұсынылған тартымды баға­ға қарамастан, қазіргі сәтте фер­мер­лер бидай сатуды тоқтатқан. Экспорт­таушылар қауымдастығының тұжырым­да­уынша, бұл – қазір ең өзекті әрі оң­тайлы баға. Сондай-ақ биылғы мау­сым­ның соңына дейін қалыптасқан баға­ның өсуі күтілмейді. Оның үстіне көрші елдер мен басқа да мемлекеттер тарапынан соншалықты сұраныс байқалмайды. Сондықтан мамандар ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолда бар астықты сатуға кеңес беріп отыр.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеевтің айтуынша, соңғы 5 жылда нарықтағы ойын ережелері шамамен 50 рет өзгерген. Мұндай жағдайда фермерлерге өндірісті ұлғайту, дақылдарды әртараптандыру, техниканы жаңарту бойынша қандай да бір жұмыс жүргізу өте қиын. Сол секілді тек өткен жылы отандық өңдеушілер 40-50 млрд теңге экспорттық ҚҚС-ға қол жеткізе алмады. Осы маусымда фермерлердің мәселелерін шешуде өзінің дәрменсіздігін көрсеткен теміржолға қатысты да көптеген са­уал бар. Оған қоса соңғы 2 жылда бидай, арпа, сұлы, қара бидай, жем, күн­бағыс, тағы басқа өнімдердің 15 түріне экс­порт­тық шектеулер енгізілді. Бұзылған келісімшарттардан, алынбаған пайдадан заразап болған диқандар бұл дақылдарды өсіруден тартына бастағандай.

Қазақстанның жалпы өңдеу саласы жылына 7 млн тоннаға дейін астық (ұн, жарма, құрамажем) өңдейді. Жыл басындағы мәлімет бойынша ұн тартатын кәсіпорындардың жалпы саны ‒ 270. Олардың жиынтық қуаттылығы жылына 10 млн тоннаға дейін астық өңдеуге мүмкіндік береді. 2021-2022 жыл­дары отандық ұн өндірісі 3,3-3,6 млн тонна деңгейінде өзгерді. Ұнның осы көлемінен ішкі нарыққа шамамен 1,8 млн тонна жеткізіледі. Өткен маусымда Украинадағы әскери іс-қимылдар, Ресейдің астық экспортына тыйым салуы, ресейлік астықтың елімізге сұр импортының күрт өсуі мен осы елдің ұн экспортының ұлғаюы, Қазақстаннан ұн мен астық экспортын квоталау, Қырғызстан ұн нарығының жоғалуы сияқты күтпеген құбылыстар орын алды. Осы ретте қазіргі және алдағы маусымда Орталық Азияның астық нарығындағы бағаға көтеруші де, төмендетуші де факторлар әсер етуі мүмкін. Бірінші факторға әлемдегі саяси тұрақсыздық, импорттаушы елдерде халықтың көбеюі, Пәкістанда егіннің азаюы, астық ұстаушылардың қаржылық тұрақтылығы жатса, екінші фактор тобына валюта бағамдарының болжамсыздығы, Қазақстан мен Ресейдегі астықтың жоғары түсімі, логистикалық мәселелер кіреді.

«Ұн тарту секторында жаһандану үде­рісі басталғаны айқын. Әлемдік ұн сау­дасы оның жалпы көлемінің небәрі 20%-ын ғана құрайды. Біз ұнның экспорт­тық нарығы тарылатынын анық түсінуі­міз керек. Сондықтан қалай қарай бағыт алатынымызды ертерек ойлану керек болатын. Қазір де әлемдік баға тұрғысынан алғанда Қазақстан ең арзан ұн сатады. Сондықтан қарқынды өсіп келе жатқан терең өңделген өнімдерді, мысалы, макарон, уыт, крахмал, дән желімшесін өндіру мен экспорттау жағын қарастыру керек», дейді Қазақстан астық өңдеушілер одағы құрылтайшылар кеңесінің төрағасы Евгений Ган.

Қазіргі уақытта әлемдік аграрлық н­арыққа құбыл­малылықтың үш не­гіз­гі факторы ‒ Украинадағы қақ­ты­­ғыс, мемле­кет­тік саясат және ақша ағын­да­ры әсер етуде. Елдердің мем­ле­кеттік саясатындағы өзгерістер нарық­та­ғы дүрбелеңге және агроөнімді жет­кі­зуге интервенциялар мен тариф­тер­дің, энергетикалық нарықта санк­ция­лардың енгізілуіне байланысты сауда ағындарының бұзылуына әкелетіні түсі­нікті. Бұл жерде ҚХР ‒ АҚШ ‒ Тай­вань арасындағы күрделі геосаяси қатынастарды да мұқият бақылау қажет. Нарыққа АҚШ-тағы банк дағдарысы да әсер етеді. Егер майлы дақылдар нарығын қарастыратын болсақ, онда сарапшылар өнім бағасы сақталып тұратынын болжайды. Өйткені мұнай сегментінде бағаның айтар­лықтай төмендеуі күтілмейді, май­лы дақылдарға сұраныс жоғары бо­лып қалады. Бұған Украинадағы соғыстың жалғасуына байланысты сауда ағындарының өзгеруі мен жағдайдың ушыға түсуі де әсер етеді.

Республикамыздағы егістік алқап­тар­­дың жалпы көлемінде бұршақ да­қыл­дарының үлесі – небәрі 1,19%. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру үшін Қазақстанға монодақылдық егіншіліктен, яғни не­гі­зінен бидай өсіруден бас тартып, дәнді-бұршақты дақылдар алқаптарын кеңейту қажет. Мамандардың айтуын­ша, бірінші кезекте отандық ауыл шар­уа­шы­лығы өндірушілері ылғал үнем­дей­тін технологияларға көшіп, ас­тық өсірудің ескі технологияларынан арылуы, бұршақ дақылдарын белсенді енгізу арқылы ауыс­палы егісті өзгертуі керек.

Жиында маңыз берілгендей, Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы ын­тымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасын іске асырудың маңызды кезеңі ‒ «UzKazTrade» БК ААҚ құрылуы болды. Бұл бастама өзара және үшінші елдерге сауда-саттықты ұлғайту, екі ел­дің белсенді сауда-саттығына ықпал ететін отандық кәсіпорындар үшін жағ­­дай жасау, өзара саудада шектеулер мен тосқауылдарды алып тастау жө­ніндегі ұсынысты пысықтаудағы өзара іс-қимылды мақсат етеді. Оның шеңберінде Өзбекстанға одан әрі экспорттау үшін Қостанай мен Ақмола облыстары аумағында дәнді және жемшөп дақылдарын бірлесіп өсіру жобасы осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Еліміздің Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің хабарлауынша, екі ел арасында іске асырылып жатқан бірлескен жобалардың қатарына Түркістан облысында 20 000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңын және ет өңдеу кешенін салу, 1 млн тоннаға дейін терең өңдеу бойынша отандық астық өңдеу кластерін құру және Халықаралық өнеркәсіптік кооперация аумағында өсімдік майын өңдеу жобасын ұйымдастыру кіреді.

Орталық Азия өндірушілерін Түркия, Солтүстік Африка және Оңтүстік Еуропа елдеріне қарай әлемдік нарықтармен байланыстыруда Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТХКБ) маңызды рөл атқарады. ТХКБ (Middle Corridor) шең­бе­ріндегі астық экспортының негіз­гі бағыты ‒ Түркия, атап айтқанда, жеткізілген өнімді Магриб, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдеріне тарататын ірі астық биржасы орналасқан Мерсин порты. Бастапқыда ТХКБ бас­та­машылары 3 ел болды, дәлірек айтсақ, олардың теміржол әкімшіліктері – Қазақстан, Әзербайжан және Грузия. Бағыттың мақсаты – Каспий теңізі ‒ Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния арқылы Қытай, Қазақстан бойынша жүктердің транзитін қамтамасыз ету. Алдағы жазда ТХКБ қатысушыларының қатарына 3 жаңа ел ‒ Сингапур, Болгария және Литва кіреді. ТХКБ бас хатшысы Гайдар Әбдікерімовтің айтуынша, алдағы 5 жыл­да Транскаспий халықаралық көлік бағдарындағы инфрақұрылымға және үдерістердің тиімділігін арттыруға ша­мамен 5 млрд еуро инвестиция ба­ғытталмақ. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы деректеріне қа­рағанда, былтыр ТХКБ бойынша жүк­терді тасымалдаудың жалпы көлемі 1 485 мың тоннаны құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2,5 есе (+898 мың тонна) көп.

Қазақстан әлемдік нарықта мақсары­да­н 2, зығырдан 3, қарақұмықтан 6, күнбағыс майынан 8, күнбағыс сығын­ды­сынан 9, жа­сымықтан 10-орын алады. Сауатты жүйе құрып, нақты іске бет бұру экспортты бірнеше есе арттыруға жол ашады. Егер қолда бар әлеуетті дамытуға кедергі бо­лып отырған кереғар тетіктерден арылып, дұрыс аграрлық саясат жүргізер бол­сақ, Орталық Азия елдері, тіпті Қытай үшін маңызды азық-түлік фабрикасына ай­налуға мүмкіндігіміз бар.