Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Онда отандық тауарлар мен қызметтер, азық-түлік өнімдері, киім-кешек пен аяқ киім, жиһаз, құрылыс материалдары, машина жасауға арналған құрал-жабдықтар және химия өнеркәсібі өнімдерін шығаратын кәсіпорындар өз өнім желісін ұсынды.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев еліміздің экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға ұлғайтуды стратегиялық мақсатқа негіздеп, соған сай Үкімет бизнес саласының кәсіпкерлеріне қажетті жағдайларды қарастырып, қабылданған Ұлттық жоба аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды, несиелер жөніндегі кепілдіктер мен жеңілдік қарыздарды және басқа да қолдау шаралары ұсынылатындығын атады. Бүгінгі күні шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде өз кәсібін ашқысы келетіндер үшін 5% көлемінде жеңілдетілген шағын несие беру енгізілген. Несиелеудің ең жоғары сомасы 7-ден 3 млрд теңгеге дейін төмендетілуі, бұл шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған мемлекеттік қолдау шараларының кеңірек қамтылуын қарастыруда. Бүгінгі күні «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруда қызметтің бірқатар басым түрлері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайтылды. Өңдеу өнеркәсібін дамытуды кеңейту мақсатында қолдау көрсетіліп, қызмет түрлерінің тізбесі 151-ден 267-ге дейін өскен. «Бизнестің жол картасын» қаржыландыру жылына 224 млрд теңгеге дейін жетіп, шағын және орта бизнесті қолдау аясында биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 20 мыңнан астам жобаны субсидиялау және 18 мыңнан астам жобаға кепілдік беру жоспарда екендігін айтты.
Аталған қордың ақша құралдары арқылы еліміздің барлық өңірлеріне жалпы сомасы 11,0 трлн теңгені құрайтын 187,5 мыңнан астам кәсіпкерлер жобасына қолдау көрсетілген. Қазіргі таңда жаппай кәсіпкерлікті дамыту және қолдауда қосымша шаралар қабылданып, жаңа реттеу саясаты енгізіліп жатыр.
Биылғы жылдан бастап міндетті талаптар тізілімі жарияланды. Заңнамада бизнес үшін көрсетілген 10 мың артық талап күшін жойып, тексерулер саны айтарлықтай азаятын болды. Осы жылдың соңына дейін тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру толығымен аяқталып, бизнес қоғамдастықтармен бірлесе жаңа Салық кодексінің жобалары жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар министр «Парламентке бизнесті жақсартуға бағытталған заңнамалық түӨзетулердің 9-топтамасы енгізілді. Үкімет пен бизнес арасында жүйелі де сындарлы диалог орнатылып, Мемлекет басшысының тапсырмасына орай құрылған «Отандық кәсіпкерлер кеңесі» бизнес пен диалог алаңы өзінің тиімділігін көрсетуде. Өткен жылдың сәуір айынан бастап еліміздің шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыруда стратегиялық мақсатқа сай, 2025 жылға қарай ІЖӨ-дегі ШОБ үлесін 35%-ға, 2030 жылға қарай 40%-ға дейін арттырып, азаматтардың өзін-өзі кәсіпкер ретінде таныстыруына жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Осы ретте кәсіп ашу және дамыту жөнінде кешенді шаралар жүргізілуде. Ұлттық жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды, несиелерге кепілдік береді, басқа бағдарламалар жеңілдетілген несиелер мен өзге де қолдау шараларын ұсынады. Бұл саладағы мемлекеттік саясаттың жүргізушісі – бизнес үшін сенімді серіктес ретінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ осы жылдар ішінде жалпы ішкі өнімдегі кәсіпкерліктің үлесі артқандығын», атап өтті Е.Жамаубаев.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бұл ауқымды шараның оңтүстік астанада өтуі аса маңызды екенін айтты. Негізінен Алматы – бизнес пен капиталдың танымал орталығы болып саналады. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнес кәсіпкерлігі қала экономикасының 57,5 пайызын құрап, халықты жұмыспен қамтудың 87 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Былтыр шағын және орта бизнес өкілдері ұсынған өнімінің көлемі 31,1%-ға артып, 15,7 трлн теңгені құрады. Аталған субъектілердің кәсіпкерлік бастамасы арқасында бүгінде қала ел экономикасының бестен бір бөлігін (2022 жылы – 18,5%), мемлекеттік бюджеті кірісінің төрттен бірін қамтыған. Жыл басынан бері мегаполисте іскерлік белсенділік айтарлықтай артып, бірінші тоқсанда Алматы іскерлік белсенділік индексі (57,9%) бойынша еліміздің өзге өңірлері арасында алғашқы орында екендігін жеткізді.
Өз кезегінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың айтуынша, бұл көрме отандық өндірушілердің өнімдерін көрсететін бірегей алаңға айналуда. «Көрмеге қатысушы кәсіпкерлер жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өз өнімдерін сыртқы нарыққа шығарып, ел экономикасының одан әрі дамуына жол ашатын болады. Қазіргі таңда мемлекеттің қолдауымен еліміздің әрбір азаматы өз ісін ашуға толық мүмкіндіктері бар. Олай болса, отандық өнімді қолдап, еліміздің дамуына бірге үлес қосайық», деді Қ.Шарлапаев.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрайымы Гауһар Бөрібаева отандық тауар өндірушілердің «Ұлттық өнім» жыл сайынғы көрмесі 2015 жылдан бері Астанада өтіп, былтыр көрмеге 350-ге жуық кәсіпкер қатысқандығын және 20 мыңға жуық адам отандық тауарлармен танысқандығын айтты. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың бүкіл кезеңінде қор еліміздің барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлерге жалпы сомасы 10,9 трлн теңге несиелік 187,5 мыңнан астам жобасын қолдаған. Өткен жылы 1,5 трлн теңгеден астам несиеге 50,5 мыңға жуық жоба экономиканың түрлі салаларында жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың қызметі импортты алмастыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ елдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Мәселен, қолдау тапқан жобалардың қатарында фарфордан жасалған бұйымдар шығаратын «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС бар, кәсіпорын ішкі нарықты қамтамасыз етіп, өнімдерін Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстанға экспорттаса, «Прима Құс» ЖШС бройлер етін өндіру және өңдеу бойынша жабық циклді ірі құс кешені, «Eira med» қан ыдыстарын өндіруші, «ПК Аврора» ЖШС-ы жуғыш заттарды өндіруге және басқа да көптеген салада бағытӨталған.
Көрмеге тауарлары қойылған кәсіпкерлер жаңа әлеуетті тұтынушыларды табуға, қалыптасқан байланыстарды нығайтуға, өз өнімдері мен қызметтерін танымал етуге және әр саланың өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды. Бұл басқосуда кәсіпкерлерге арналған еліміздің танымал сарапшылары адам ресурстары, ұтымды өндіріс салаларында іскерлік келіссөздер жүргізуде шеберлік сабақтар мен тренингтер өткізді. Ал келушілер отандық өндірушілердің тауарларымен танысып, дизайнерлердің сән көрсетілімін тамашалады. Сонымен қатар «Халық таңдауы» дегустация байқауы өтіп, қатысушы компаниялар ұсынған бағалы сыйлықтар ұтысы да ойнатылды.
Сонымен аталған іс-шара шағын және орта бизнесті одан әрі дамытуға жаңа серпін беріп, өзімізде өндірілген өнімдер тек ішкі нарықта ғана емес, сыртқы сауда нарығында да сұранысты арттырып, танымал етуге мүмкіндіктері жетерлік деп ойлаймыз.