Экономика • 11 Мамыр, 2023

Теңіз бағыты тартымды болады

323 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біздің еліміз Ресейді айналып өтетін балама бағыт арқылы мұнай экспортын 6 есеге арттырды. Каспийдегі Ақтау портынан Бакуге жүк жеткізілімі 2022 жылы 28,8 мың тонна көлемінде болса, биылғы қаңтар-наурызда 163,4 мың тоннаға жетті.

Теңіз бағыты тартымды болады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазіргі геосаяси жағдайды ескергенде Ресей аумағына кірмей, Қытайдан басталып біздің ел арқылы Каспий теңізі акваториясына шығып, одан әрі Әзербайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдеріне жол ашатын Транскаспий бағыты ‒ біздер үшін басты балама бағыт. Бұл маршрут АҚШ пен ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларына, соның ішінде Астанаға Мәскеуден барынша экономикалық қашықтықта болу жөніндегі талаптарына байланысты ресми түрде қайта жанданды. Осы үдерістер барысында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы транзиттік мұнай көлемін жылына 1,5 млн тонна және одан әрі 5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды есептеумен Каспий теңізі және Баку ‒ Тбилиси ‒ Джейхан (БТД) магистралдық құбыры арқылы мұнай транзиті үшін Әзербайжанның «Socar» мемлекеттік компаниясымен бас келісім жасасты. Сөйтіп, осы жылдың 23 нау­рызында Теңіз кен орнынан алынған отандық шикізаттың бірінші партиясы танкермен Ақтау портынан Сангачал терминалына жөнелтілгені мәлім. Жыл соңына дейін Каспий теңізі арқылы Ақтаудан Сангачал терминалына 12-14 танкер рейсін орындау жоспарланған. Әзербайжанмен келіссөздер кезінде қазақ мұнайын тасымалдаудың тағы бір бағыты ‒ Баку ‒ Супса ұсынылған болатын. Тараптар қазір бұл жолдың техникалық сипаттамаларын есептеумен айналысуда. Грузияның Супса портына дейінгі бағыт жылына 5 млн тонна қара алтынды жеткізуге мүмкіндік береді. Бірақ былтыр көктемде бұл құбыр арқылы мұнай жіберу жөндеу жұмыстарына байланысты тоқтатылған-ды. Сондықтан Әзербайжан мұнайының барлығы қазір БТД арқылы экспортталады. Caspian Barrel мұнай-газ сайтының хабарлауынша, батыс ком­пания­лары Батуми маңында кемеге қарсы мина табылғандықтан Қара теңізге танкер­лер­ді тиеуден бас тартқан.

Біздің мұнайдың Каспий теңізі мен Кавказ арқылы экспорты салыс­тыр­малы түрде аз болғанымен, Ресей Украинада әскери қимылдар бастағаннан кейін күрт өсті. Баламалы бағыттар бо­йынша жеткізу көлемі 2021 жылы 638 мың тонна болса, өткен жылы 1,8 млн тоннаны (тәулігіне 36 мың баррель) құрады. Reuters агенттігінің жазуынша, осы жылдың бірінші тоқсанында елімізден Баку ‒ Тбилиси ‒ Джейхан құбыры арқылы 104 мың тонна мұнай жөнелтілді. Сондай-ақ Қазақстан Қытайға айына 80 мың тоннадан аса мұнай жеткізіп отырды. Осылайша, бұрынғы кеңестік республикалардың ішіндегі Ресеймен ең ұзын шекарасын бөлісетін Қазақстан Мәскеуге тәуелділікті азайтуға тырысуда. Алайда Каспийде ірі кемелерді пайдалану мүмкін болмағандықтан және Баку ‒ Тбилиси ‒ Джейхан мұнай құбырына жоғары күкіртті мұнайды қабылдау бо­йынша шектеулерге байланысты осы жылы ол жерге жеткізілім 1,5 млн тоннадан аспайды.

Сонымен бірге Каспий құбыр консор­циумымен (КҚК) ұзақмерзімді келісім­шарттар, тасымалдың экономи­калық тұр­ғыда тартымды болмауы БТД ар­қы­лы жет­кізілімді ұлғайтуға теже­гіш әсер бере­тіні анық. Отандық жүк жө­нел­ту­шілердің КҚК-мен ұзақмерзімді келісімшарттары аясында «жүктеу немесе төлеу» ережесі қолданылады, сондай-ақ оның мұнайды айдау тарифтері де тартымды болып қалуда. Егер біздің мұнайдың КҚК бағыты бойынша Новороссийск арқылы транзиті тоннасына 38,4 доллар тұратын болса, БТД тарифі 100 долларға жетеді. Сондықтан КҚК басшылығы отандық мұнай экспортының баламалы маршруттарының пайда болуы өзіне ешбір тәуекел туғызбайтынын айтуда. Консорциумның бағалауынша, барлық балама бағыттар бойынша, сондай-ақ Махачкала, Самара және Баку арқылы Батумиге бұрын КҚК арқы­лы жет­кізіл­ме­ген мұнай тасымал­да­на­тын болады. Консорциумның биылғы жет­кізілімі 66 миллион тонна (ресей­лік жүк жөнел­ту­шілерді қосқанда) деңгейінде бола­ды деп күтілуде. КҚК жүк жөнелту­ші­лерінің барлық өтінімін толық көлемде қанағаттандыруға дайын. Яғни Қазақ­станнан мұнай экспортының негізгі және ең тиімді бағыты ‒ Ресейдің Қара теңіз терминалы арқылы әлемдік нарық­қа мұнай жеткізетін Каспий құ­быр консорциумы болып қала береді. Дегенмен қазақ мұнайы Батыстың санкцияларына жатпаса да кейбір тауарларды нарықта жылжытуда қиындықтар туып жатқаны белгілі. Reuters агенттігінің жазуынша, біздің елдің мұнай трейдері Ресей порттары еуропалық сатып алушылар үшін уытты болып отырғанын, сондықтан мұ­най­шылар өздерін сақтандыру үшін бұл елдің «қара алтын» құбыры монополиясына қатысы жоқ бағыттарды іздейтінін жет­кізген.

Біздің мұнайды Әзербайжан арқылы жеткізудің логистикалық схемасы бо­йынша мұнай танкерлермен Каспий теңізі арқылы өтіп әрі қарай БТД магистрал­дық құбырымен тасымалданады. Бұл бағыттың Транскаспий бөлігінде 12,368 мың тонна дедвейті бар Caspian max типтік санатындағы танкерлер жұмыс іс­тейді. ҚМГ мен әзербайжандық Socar ара­сындағы уағдаластық бойынша ұсы­ны­ла­тын транзиттік мұнайдың кемінде 50%-ын «Қазақтеңізкөлікфлот» танкерлері тасымалдауға тиіс. Ал олардың саны шектеулі ‒ ұлттық теңіз компаниясы иелігінде небәрі 3 танкер бар. Сондықтан еліміз Әзербайжан арқылы мұнайды экспортқа жеткізу мақсатында танкер флотын құра бастады. Схема жұмыс істеу үшін «Қазақтеңізкөлікфлот» мұнайды Әзербайжан арқылы Ресейдің айналма жолына экспорттау мақсатында биыл 2 мұнай құю танкерін сатып алып, Каспий флотын кеңейтуге кірісті. Транскаспий бағытын кеңейту шеңберінде қосымша пайдалануға беру жоспарланып отырған 8 мың тонна дедвейтті 2 жаңа кемені Abu Dhabi Ports Company (БАӘ) жеткізбек. Флотты 10 кемеге дейін ұлғайту жөнінде атал­ған компаниямен тиісті келісімдерге қол жеткізілді.

Баку ‒ Тбилиси ‒ Джейхан бойынша экспортқа отандық мұнайды жеткізудің ұлғаюына кедергі келтіретін тағы бір фактор ‒ инфрақұрылымдық шектеулер. Ақтау портының мұнай жөнелту бойынша ең жоғарғы қуаты ‒ жылына 5,2 млн тонна. Әзербайжанда БТД-да жоғары күкіртті мұнай қабылдау бойынша шектеулер бар. Оларды алып тастау үшін Ақтау портын кеңейтуге және БТД қуатын арттыруға инвестициялар қажет болады. Сондай-ақ Каспий теңізінде үлкен танкерлерді пайдалануға мүмкіндік беретін тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Бұл жерде мәселе бірнеше ондаған миллиард доллар көлеміндегі инвестицияларға келіп тірелуі мүмкін. Мамандардың айтуына қарағанда, Ақтау портының әлеуетін 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Ол үшін құбырды кеңейтуге инвестиция салып қана қоймай, бүкіл порт шаруашылығын ауқымды жаңғыртуды жүргізу, Каспийде екі теңіз терминалын салу мен танкер флотын сатып алу қажет. Мұнайды Баку ‒ Тбилиси ‒ Джейханға бағыттау үшін бірінші кезекте Атырау мұнай құбырын (кен орнынан) Ақтау портына дейін салу қажет. Себебі бүгінде мұнай Ақтау портына теміржол цистерналарымен жеткізіледі. Бұрынғы акционерлер Баку ‒ Тбилиси ‒ Джейханның әлеуетін пайдаланғысы келді. Атырау ‒ Ескене мұнай құбырын салып, содан кейін танкерлер арқылы мұнайды Бакуге жеткізу көзделді. Қазір Үкімет осы бағытқа оралғысы келеді. Экспорт көлемін ұлғайту мен транзитті арзандату үшін Әзербайжанмен ұзақмерзімді келісімшарттар да қажет.

Argus баға агенттігінің есептеулері бойынша Ресейді айналып өтетін бізің елдің мұнай экспортының, соның ішінде Қытайға жөнелтілімінің барлық баламалы бағытының жалпы қуаты жылына 20-25 млн тонна. Бұл маршруттардағы шектеулер аймақтағы құбырлар мен ауыс­тырып тиеу қуаттарының тапшылығына, теміржол көлігі үшін жылжымалы құрам­ның жетіспеушілігіне, сондай-ақ жоғары көлік шығындарына байланысты. Бұл ретте болашақта Теңіз кен орнында өндірудің жылына 12 млн тоннаға болжамды өсуін ескере отырып, Қазақстан Ресей арқылы транзитке тәуелділіктің төмендеуін жал­ғастыратынын және БТД бойынша жет­кі­зілімдерін ұлғайтатынын атап өтуге болады. Сондай-ақ парк тап­шы­лығын ескере отырып, Қазақстан тарапынан теміржол цистерналарына сұраныстың артуы болжануда.