14 Шілде, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты. Германия – әлем чемпионы!

561 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

13-07-14-germania-argentina-11

АСТАНА. 13 шілде. Бүгін түн ортасы ауа Рио-де-Жанейро қаласында Германия және Аргентина құрама командалары әлем чемпионатының ең соңғы финалдық ойынын ойнады. Матчтың негізгі уақытында есеп ашылмады. Ойыннан кейін белгіленген экстра-таймда немістер 1:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Жеңіс добын соққан Марио Гётце кездесудің үздік ойыншысы атанды. Бұған дейін Германия – 3, Аргентина 2 рет әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын. Ал соңғы ұтыстың нәтижесінде немістер мұның санын тағы біреуге арттырып, 5 дүркін жеңімпаз болған Бразилияға жақындай түсті. Ал Германия мен Аргентина текетіресінің тарихы бай еді. Бұл үшін бүгінгі кездесудің финалдық ойынның үшіншісі болып отырғанын айтсақ та жеткілікті. Командалар финалдық матч деңгейінде 1:1 есебімен тең болып келді. Диего Марадона бастаған аргентиналықтар 1986 жылы 3:2 есебімен жеңіске жетсе, немістер 1990 жылы 1:0 етіп қарымта қайтарды. Жасақтар бұдан бөлек, 2006 және 2010 жылдарғы мундиальда ұшырасты. Бұлардың алғашқысында бундестим негізгі уақытта 1:1 болып тең ойнап, пенальтиден 4:2 есебімен басым түскен. Келесісінде «неміс мәшинесі» 4:0 есебімен күйрете жеңген. Германия - Аргентина 1:0. Негізгі уақыт - 0:0. 13 шілде. Рио-де-Жанейро. «Маракана» стадионы. Төреші - Никола Риццоли (Италия). Германия: Мануэль Нойер, Бенедикт Хёведес, Матс Хуммельс, Жером Боатенг, Филипп Лам, Бастиан Швайнштайгер, Кристоф Крамер (Андре Шюррле, 30), Месут Озил (Пер Мертезакер, 121), Тони Кроос, Томас Мюллер, Мирослав Клозе (Марио Гётце, 88). Аргентина: Серхио Ромеро, Эсекьель Гарай, Пабло Сабалета, Мартин Демикелис, Маркос Рохо, Энцо Перес (Фернандо Гаго, 86), Хавьер Маскерано, Лукас Билья, Эсекьель Лавесси (Серхио Агуэро, 46), Лионель Месси, Гонсало Игуаин (Родриго Паласио, 77). Гол: Марио Гётце (113). Ескертулер: Бастиан Швайнштайгер (28), Бенедикт Хёведес (31), Хавьер Маскерано (63), Серхио Агуэро (64). Бірінші тайм командалардың бірде-бірінің басымдылығын байқатпаған тең күрес жағдайында өтті. Көпшілік күткендей, аргентиналықтар бірден тас түйін қорғанысқа кетіп қалмай, қарсыласына қарсы шабуыл жасап тұруға кірісті. Ал немістер ойынның алғашқы жарты сағатында Кристоф Крамердің орнына алаңға Андре Шюррле шыққан кезден шабуылда белсенділік көрсете бастады. Америкалықтар дарбазасына жасалған ең алғашқы айрықша қауіпті сәт таймға қосылған қосымша уақытта тіркелді. Алехандро Сабельяның шәкірттері екінші таймның басында шабуыл шебін күшейтуге бағыт ұстады. Сол бойда олар есепте ашып кете жаздады. Бірақ қақпашы Мануэль Нойермен бетпе-бет шыққан Лионель Месси допты қақпа бағанының жанынан жіберді. Бұдан кейін ойын шабуылдың екпіні біршама басылды. Алайда, кескілескен күрес алаңның әр мүйісінде жүріп жатты. Сондай қалыптағы ағымдардың бірінде Гонсало Игуаин неміс қақпашысымен соқтығысып қалды. Нәтижесінде басынан қатты соққы алды. Бұл бірнеше минуттан кейін оның орнына Родриго Паласионы шығаруға апарып жеткізді. Осындай айқаспен кездесудің негізгі уақыты да аяқталды. Овертаймның бас жағы алдыңғы кезеңдегі ойындардан көп өзгере қойған жоқ. Екі жақ бір-бірлерінің қадамдарын тұсаулай отырып, қарсы шабуыл жасауға көбірек сүйенді. Екінші экстра-таймда неміс Бастиан Швайнштайгер кезекті допқа талас тұсында қабағын жарып алды. Соған қарамастан, ол алаңнан кетпей, өршелене ойнады. Оның мұнысы командаға қатты әсер етті. Осыдан жігер алған Андре Шюррле мен Марио Гётце қарсы қапталға қарай құйындай құлдырады. Бұлардың соңғысы қарсы қақпа алаңы ішінде жүгіріп келе жатып, әріптесінен алған добын кеудесімен төмен қарай түсіре беріп, қақпаға қарай атты жіберді. Әуелей ұшқан доп қақпаға қиялап барып, кірді де кетті. Ойынның 113-минутында есеп осылай ашылды. Аргентиналықтар қалған уақыт ішінде жанталасқан шабуылға көшті. Бірақ олардың барлық қимылдарын Мануэль Нойер қиып тастап тұрды. Сөйтіп, немістер өзінің тарихында төртінші мәрте чемпион атанды. Олар мұндай атаққа 1954 жылы қол жеткізсе, кейінгілерін 1974 және 1990 жылдары қол жеткізді. Сонымен бірге, бундестим Америка құрлығында өткен чемпиондықты жеңіп алған бірінші Еуропа құрамасы болды.  Америка континентінің командалары да Еуропа құрлығында өткен жаһан жарысында бір-ақ рет чемпион болған екен. Оны 1958 жылы Стокгольмде біріншілікте Бразилия жасаған еді. Үшінші орын үшін талас бұдан бір күн бұрын ойналды. Онда Бразидияны 3:0 етіп жеңген Голландия қола жүлдегер атанды. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: ИТАР-ТАСС.
Соңғы жаңалықтар