Энергетика • 11 Мамыр, 2023

Екібастұз тұрғындары жылусыз қалмайды - Роман Скляр

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Екібастұздағы ЖЭО мәселесін көтеріп, Роман Склярға депутаттық  сауал жолдаған болатын. Премьер-министрдің бірінші орынбасары сауалға берген ресми жауабында жөндеу жұмыстары басталып, өтемақы мәселесі пысықталып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екібастұз тұрғындары жылусыз қалмайды - Роман Скляр

«Қазір Екібастұз қаласының 5,3 км жылу желілерін қайта жаңартуға 9 064 380 мың теңге көлемінде қаражат бөлінді. Сонымен қатар Павлодар облысының әкімдігі мен «Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясы» АҚ арасында жауапкершілікті жергілікті аткарушы органмен бөлу бөлігінде меморандумға қол қойды. Екібастұз ЖЭО-ның су жылыту және энергетикалық қазандықтарын жөндеу бойынша қажетті жұмыстардың тізбесі айқындалды.

Меморандум шеңберінде ЖЭО-ның 5 су жылыту қазандығы (№ 11 - 15) және 3 энергетикалық қазандық (№ 6, 7, 8), сондай-ақ қосалқы жабдықтар, меншік иесімен тепе-тең негізде шамамен ғимараттарды жөндеу жұмыстарын 15 млрд теңге сомаға жүргізу бойынша іс-шаралар әзірленді», делінген ресми жауапта.

Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік орган облыс әкімдігімен бірлесіп, қаржыландыруды ұйымдастыру мақсатында 5 су жылыту қазандығында жөндеу жұмыстарының есептеулерін жүргізіп жатқанын айтқан.

Бұдан басқа, жылумен жабдықтаудың температуралық кестесін сақтамауына байланысты «Екібастұзтеплоэнерго» ЖШС 2022 жылғы қарашадан бастап 2023 жылғы наурызды қоса алғанда жылу энергиясы үшін қайта есептеу жүргізген.

Сондай-ақ акционерлердің есебінен 2022 жылғы желтоқсанда және 2023 жылғы қаңтарда тұтынушыларға нормативтік тұтынуға сәйкес тұтынылған электр энергиясы үшін өтемақы жасалған. Бұл ретте 2023 жылдың ақпан және наурыз айлары үшін өтемақыны жасау мәселелерін жергілікті атқарушы орган және «ОАЭК» АҚ пысықтауда.

«Жалпы, жоғарыда аталған жұмыстар Үкіметтің бақылауында және қаланы алдағы жылыту маусымына толыққанды дайындауды қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр», делінген жауапта.