«Сан-Сирода» өткен дерби бірден қарқынды басталды. Алғашқы гол көп күттірген жоқ. 8-минутта «Интердің» жартылай қорғаушысы Хакан Чалханоғлының бұрыштамадан берген добына бірінші болып жеткен Эдик Джеко оны қақпаға дәл түсірді – 0:1. Сол сәтте жанкүйерлердің дені енді алаң иелері есепті теңестіру үшін барын салатын шығар деп ойлады. Бірақ бәрі керісінше болды. Көзді ашып-жұмғанша қарсыластарының айып алаңына жүйткіп жеткен Генрих Мхитарян қақпашымен бетпе-бет қалды да, допты торда тулатты – 0:2. Бұл матчтың 12 минуты еді. Айналдырған үш минут аралығында соғылған екі гол «Миланды» есеңгіретіп тастады. Содан кейін олардың ойындары мүлдем жүрмеді. Сол есеп кездесудің соңына дейін сақталды.
Естеріңізге сала кетейік, Мадридте «Реал» мен «Манчестер Сити» арасында бір күн бұрын өткен УЕФА Чемпиондар лигасының бірінші жартылай финалдық матчы 1:1 есебімен тең аяқталған еді.