Спорт • 11 Мамыр, 2023

Жеңілістен көз ашар емеспіз

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дзюдодан Дохада өтіп жатқан әлем чемпио­на­тының төртінші күні тағы екі салмақ дәрежесінің жүлделері сарапқа салынды. Өкінішке қарай, ел намысын қорғаған Абылайхан Жұбаназар мен Есмигүл Куюлова ел сенімін ақтай алмады.

Жеңілістен көз ашар емеспіз

81 кило салмақ дәрежесінде күш сынасқан Абылайхан Жұ­­баназар алғашқы айналым­да пор­тугалиялық Жоао Фер­­нандоның аяғын көктен кел­тірді. Келесі ке­зеңде оның бра­зилиялық Эдуардо Юдиді де ұта­тынына біздің кү­мәніміз жоқ еді. Өйткені бәсеке барысында қарсыласы екі шидо алды. Ал дзюдо күресінің ережесі бойынша үш ескерту алған балуан автоматты түрде жеңілген бо­лып есептеледі. Алайда ше­шуші тұста салқынқандылық сақ­та­ған­ның орнына жанұшыра алға ұм­тылған қандасымыз өрескел қа­­телікке бой алдырды. Юди бұл мүм­кін­дікті қалт жібермей, оны ип­понға түсірді. Сөйтіп Абы­лайхан жарыс жолынан шығып қалды.

Бұл салмақта Тато Григала­швилиге тең келер ешкім табылмады. Былтыр әлем және Еу­ропа чемпионаттарын қа­тарынан бірінен кейін бірін ұт­қан Грузияның саңлағы финалда Олимпиаданың қола жүл­дегері, әлем чемпионы, Еу­ро­па ойындарының жеңімпазы бель­гиялық  Маттиас Кассені қапы қалдырды. Жапониялық Таканори Нагасе мен оңтүс­тіккореялық Ли Жонхван қола медаль иеленді.

63 кило салмақтағы Ес­мигүл Куюлова тұсаукесер ке­зде­суінде тым мықты қар­сыласқа тап болды. Ресейлік Камила Бадуова 2018 жылы Бакуде өткен әлем чемпио­натында қола медаль иеленіп, Дүниежүзілік универсиадада екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Дүние­жүзілік әскерилер ойын­дарында күміспен күптеліп, Қа­рулы күштер арасындағы әлем біріншілігінде қолаға қол созды. Бұл белдесуде Бадуова айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Әйелдер арасындағы жарыста Кларисс Агбеньену алдына жан салмады. Бұл нәтижеге жан­күйерлер аса таңдана қойған жоқ. Себебі Рио және Токио Олим­пиа­даларында тиісінше күміс пен ал­тын алып, әлемнің алты дүркін чем­­пионы атанған 30 жастағы Фран­ция дзю­дошысының қар­қы­нына төтеп бере алатын дзюдошы кемде-кем. Агбеньену ақтық сында сло­вениялық Ан­дрея Лешкиді сан соқ­тырды. Ма­жарстандық Софи Оз­бас пен нидерландтық Джоанн ван Лисхаут үшінші сатыға табан тіреді.