Спорт • 12 Мамыр, 2023

Теннис орталығына айналатын шаһар

266 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкентте 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне тұспа-тұс келген Ұлттық теннис орталығындағы Juniors Billie Jean King және Дэвис кубоктары үшін жасөспірімдер арасында Азия және Океания елдерінің Әлем чемпионатына іріктеу турнирі де өз мәресіне жетті. Халықаралық жарыста әлемнің 16 мемлекетінен 48 спортшы бақ сынады. Олардың ішінде Қазақстан құрама командасының мүшелері, Әлем кубогының, Азия чемпионатының және Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды.

Теннис орталығына айналатын шаһар

Өз кезегінде қала әкімі Мұрат Әйтенов турнирдің салтанатты ашылуында қатысушыларға сәт­тілік тілеп, бұл чемпионаттың жас­тарымыздың спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, теннисте жаңа белестерді бағындыруда маңызы зор екенін атап өткен еді. Шаһар басшысы жарыстың жас өрендердің тенниске қызығу­шылығын арттыратынына мол сенім білдірді.

Сонымен 16 жасқа дейінгі қыздар арасындағы Juniors Billie Jean King кубогы (командалық әлем чемпионаты) Азия – Тынық мұхиты аймағы бойынша іріктеу турнирінің ақтық сынында Яро­слава Шведованың шәкірттері жа­рыстың бірінші ракеткалары – Жапония құрамасына есе жіберіп алғанымен, алғаш рет командалық әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. Оның алдында Қазақстан қыздар құрамасы Billie Jean King кубогінің бес дүркін чемпионы Аустралия командасын 2:0 есебімен ұтқан еді. Енді ұлттық құрама тамыз айында Чехияда өтетін тен­нистен әлем чемпионатында бақ сынайды. Оған осы жарыста ал­ғашқы үш орын алған топтар ғана қатысады. Былтыр Қазақстан құрамасы Үндістандағы жарыста 4-орын алып, әлемдік теннис додасына қатысуға мүмкіндіктен айырылып қалған еді. Биыл олжа салып, әлемдік чемпионатқа жолдаманы жеңіп алып тұр.

Осы қуанышқа орай Қазақстан теннис федерациясының прези­денті Болат Өтемұратов өз пікірін білдірді.

«16 жасқа дейінгі қыздар құра­масын әлем чемпионатына жолдама алуымен құттықтай­мын. Команда өз жерімізде іріктеу са­ты­сынан сәтті өтіп, күшті құра­маларды жеңді. Әсіресе, жарты­лай финалда жасөспірімдер ара­сында Билли Джинг Кинг ку­бо­гінің бес дүркін чемпионы – Аустралиядан басым түскені таң­ғажайып оқиға. Финалдағы тартысты бәсекеде Жапонияға жол бергенімен, басты міндет орын­далды. Алғаш рет 16 жасқа де­йін­гілер арасында әлем чемпионатына шықты. Осы жарыста бапкерлер үмітін ақтаған жасөспірім қыздар жоғары деңгейде өнер көрсете білді. Бұл біздің Қазақстан теннисін дамытудағы жолымыз­дың дұрыстығын көрсетеді. Ірік­теу сайысындағы жеңістер әлем чем­пионатында жалғасады деп се­немін», деді Б.Өтемұратов.

Мегаполистегі Ұлттық тен­нис орталығында 16 жасқа дейінгі­лер арасында теннистен әлем чемпионатына Азия – Тынық мұ­хит аймағы бойынша іріктеу кезеңі­нің жеребесі тартылып, бозбалалар арасында жарыс басталды. Бұл 7-13 мамыр аралығында өтеді. Чемпионатқа 16 команда қатысады.

Қазақстан теннис федерация­сының вице-президенті Дияс Досқараевтың айтуынша, халық­аралық теннис федерациясы елі­міздің өтінішін қабылдап, матч­ты өткізуге дәл Шымкент қала­сын таңдаған. Өйткені мегаполис ауқым­ды жарысты ұйымдастыру­ға бар­лық талабы жағынан қолай­лы бол­ған. Біріншіден, спорт­тық инфра­құрылымы ұнады. Екін­шіден, ойыншылардың жүріп-тұ­руына ыңғайлы деп танылды. Қонақүй мәселесі де халықара­лық теннис федерациясының көңілі­нен шыққан. 16 мемлекеттен командалар ұшып келді. Оларды күтіп алу, орналастыру жағы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлт­тық теннис орталығы тек жарыс алаңы емес, тәжірибе алмасу орны болды десек болады. Өйт­кені еліміздің барлық өңірінен бапкерлер келіп ойынды тамашалады. Екінші командалар да, жасы кіші спортшылар да ұлттық құрамаға жанкүйер болды. Олар тек жарыстың қызығын тамашалап қоймай, мықты командалардың ойын өрнегін, әдіс-тәсілдерін де бақылап, іштей ой түйіп отырды.

Теннис федерациясының вице-президенті Д.Досқараев баян­даған­дай еліміз бойынша 400-ден аса корт бар. Соның ішінде Шымкентте 40 корттың игілігін тен­нисшілер көріп жүр. Ұлттық тен­нис орталығына 20 корт тиесілі. Одан басқа «Сұңқар», «Дина­мо», «Спартак» спорт клубтарында же­кеменшік корттар орналасқан. Дей тұрғанмен халқының саны миллионнан асатын мегаполис үшін әлі де корттар керек.

«Осыдан екі жыл бұрын қала әкімі Мұрат Әйтенов пен федерация президенті Болат Өтемұра­тов арнайы келісім жасап, теннис спортын дамытуға уағдаласты. Осыған орай арнайы жоба жа­салып, ол қазіргі күні дайын тұр. Осы жоба аясында биыл үлкен тен­нис спорт кешенінің құрылысы Шымсити аумағында бастала­ды. Бұл шаһардағы екінші үлкен теннис орталығына айналады. Жыл­дан жылға балалар саны көбе­йіп келеді. Соның есебінен теннис спортына да қызығушылық артып жатыр. Халықаралық дәрежеде спортшыларымыз үлкен нәтиже­лер көр­сетіп жатқан соң да балалар­да тен­нисші болсам деген жақсы ой қалыптасуда. Теннис – елімізде ке­йінгі жылдары тез дамып келе жатқан спорттың бірі. Бүкіл еліміз бойынша бүгінде теннис секциялары толып тұр. Теннис спортын қолға алу 2007 жылдан басталды. Федерацияның жаңа президенті инфрақұрылымды дамытуға өз есебінен мол қаражат құйды. Қо­сымша демеушілер де тартылды. Адамдардың бұл спортқа әуес­тігі де өсе түсті. 2007 жылы 500 адам тенниспен айналысса, бү­гінде олардың саны 30 мыңнан асты. Тенниске қызығушылықты арттыру үшін 10 жасқа дейінгі бала­ларға арналған «Бейби теннис» бағдарламасы құрылды. Одан бөлек «Team Kazakhstan» академиясы ашылды. Оған дарынды ойыншыларды өңірлерден іріктеп аламыз» деді Д.Досқараев.

Теннис федерациясының өкі­лі Шымкенттен шыққан талант­ты өрендерді де атап өтті. Олар­дың ішін­де 12 жасқа дейінгі ұлт­тық құ­рама сапында өнер көрсететін Сабина Шұхратова, сол секілді Никита Николенко сынды жақсы ойыншылар бар. Сондай-ақ мега­полисті теннис спорты үшін ерек­ше маңызды аймақ санайды. Себебі теннис жазғы спорт түрі­не кіретіндіктен қыстан кейін ең бі­рінші сырт­қы кортта ойын бас­тайтын Шым­шаһар саналады. Инфра­құры­лымы жақсы болғандықтан Өз­бекстанның құрама командасы осында жаттығу жасап тұрады. Ұлт­тық теннис орталығы рес­пуб­ликалық спорт кешеніне жатпайды. Бұл жерде әлемдік тен­нис додасына лицензиялық жарыстар ұйымдастырылады. Тен­нистен халықаралық Азия феде­рациясының орталығы болып саналады. «Үлкен дулығаға» жол салу үшін Азияның мықты ракеткалары осында дайындалады. Республикалық теннис феде­рациясының Шымкент филиалында 20 адам жұмыс істейді. Олар құрама команданы Қазақстан кубо­гіне, шетелдік жарыстарға ­баптайды. Сонымен бірге бүгін­гідей халықаралық жарыстарды өткізуге атсалысады.

Теннистің артықшылығы туралы айтқан маман бұл спорттың жекелей сынға арналғанын баян етті. Сондықтан шешім қабылдау жеке спортшының өзіне байланысты болады. Сонымен бірге теннис спортшының бойында қайсар мінез, табандылық өз-өзіне деген жауапкершілікті сезінуді қалыптастырады. Ракеткамен доп­ты ұру тек қимыл-қозғалыс емес, ол сонымен қатар дене бұлшықеті мен миды дамытады. Теннис те шахмат секілді. Алдағы ойыныңды жоспарлап отырасың. Бірақ мұнда тез шешім қабылдау керек. Әлемнің көптеген зерттеушісі 5 жыл бойы қай спорт адамға пайдалы екенін зерттепті. Сонда теннис бірінші орын алған. Өйткені жоғарыда айтылғандай теннисте көз де, ми да, аяқтан бастап бүкіл дене қимыл-қозғалыста болады. Сондай-ақ әрбір матч алдында ойыншылар бір-бірін сыйлауға, ережені бұзбауға ант береді. Сондықтан Д.Досқараев теннисті адамды ізгілікке, тәртіпке тәрбиелейтін ең ардақты спортқа жатқызады.

Екі мыңыншы жылдардың басында тенниспен шұғылдану спортшыларға қымбатқа түсетін. Онымен негізінен қалталы азаматтар айналысатын. Дей тұр­ғанмен еліміздің теннис феде­ра­циясы теннисті бұқаралық спортқа айналдыру үшін алдына үш стратегиялық мақсат қойды. Ол біріншіден корттар санын көбейту яғни инфрақұрылым­ды дамыту. Екіншіден, жоғары дә­режелі білікті бапкерлерді да­йындау. Үшіншіден, тәжірибе алмасу үшін түрлі халықаралық жарыстар ұйымдастыру. Міне осы мақсаттың үшеуі де Шымкент қа­ласында сәтті жүзеге асып ке­леді. Осындай жұмыстардың нәти­же­сінде теннис спортының бағасы арзандады. Бапкерлер саны артты. Шымшаһарда 1994 жылы 2 то­пырақты корт салынғанын айтады маман. Оның алдында спортшылар асфальтта ойнаған. Кейін 2004 жылы Сұңқарда 4 корт бой көтерді. 2010 жылы Ұлттық теннис орталығы ашылады. Содан соң қосымша 8 корт пайда болды. Мегаполисте жан басына қар­­жыландыру бағдарламасы – Артспорты бойынша 190 бала тен­нистен тегін секцияларға қатысып жүр.  Ал  20 кортпен жабдықталған бұл орталықта қазір 500-ден аса кәсіби спортшы жаттығуда. Қазақ­станда 10 жасқа дейінгі дарынды балаларды дәл осы спорт бойынша іріктеп алуға арналған бағдарлама жұмыс істейді. Оған жылына 115 мың доллар бөлінеді. Бұл қара­жатқа тенниске қажетті барлық ойын құралдары сатып алынады. Федерация соны барлық өңірге теңдей үлестіріп береді. Енді федерация үлкен қалаларда емес, аудандар мен шалғай ауылдарда да теннис спортын дамытуды алдына мақсат қойып отыр.

Мегаполисте теннистен 30 бап­кер жұмыс істейді. Жал­пы Шымкент, Астана мен Алматы секілді республикадағы теннис спор­ты дамыған қалалардың ал­дың­ғы үштігіне кіреді.

 

ШЫМКЕНТ