Расында Абай облысында туризмді жандандыру жолында жасалынып жатқан игі қадамдар баршылық. Солардың бірі ретінде қоршаған ортаны қорғау нысандары бойынша Үржар ауданының аумағында орналасқан Алакөл көлінің жағалауында су бұру каналын салу жұмыстарының атқарылып жатқандығын айтып өтуге болады. Осы арқылы қажетті жерлерді құрғату жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы кеңейтілген кеңес барысында облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков мәлім етті.
Көл жағалауын электрмен жабдықтау мәселесі қазіргі таңда оң шешімін тауып жатыр. Сараптама қорытындысы алынды. Жобаларды іске асыру жағы қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ жазғы кезеңде Алакөлге туристік бағытта жолаушылар тасымалы ұйымдастырылатын болады. Бұған дейін де жұмыс істеп келген 4 автобус бағыты қайта жанданады. Сондай-ақ «Семей-Жалаңашкөл» стансасы теміржол маршруты бойынша қызмет көрсетуге тендер өткізді. Оның жеңімпазы болып «Жолаушылар тасымалы» АҚ болып айқындалды. Биылғы маусымда 5 вагонмен жабдықталған пойыз құрамы қажетті жиілікте қатынайды деп күтілуде.