Газа секторындағы алғашқы операция
Израильдің әскери-теңіз күштерінің арнайы бағыттағы тобы Газа секторындағы алғашқы жер операциясын жүзеге асырды. Солдаттар ХАМАС жасақтарымен атыс жүргізді. Қақтығыс кезінде төрт израильдік әскери жарақат алды.
Осының алдында Израиль үкіметі ХАМАС-қа қарсы операция өткізу шеңберінде қосымша резервистер шақыруға рұқсат берген болатын. Бұл әскерилерге запастан 40 мың адам шақыруға мүмкіндік береді. Израиль тарапының бұл әрекеті Газа секторынан Израиль аумағын зымыраннан атқылауға жауап болып табылады.
Дауысты қайта санауға қарсы емес
Ауғанстанда президенттік сайлаудың екінші турынан кейін қос үміткер – экс-қаржы министрі Ашраф Ғани Ахмадзай мен бұрынғы сыртқы істер министрі Абдулла Абдулла өздерінің жеңіске жеткендерін қатар мәлімдеген еді. Бірақ бір елде екі президенттің болмайтыны белгілі.
Ауғанстанға АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри келіп, екі үміткермен де келіссөз жүргізген еді. Сөйтіп, дауыс бастан-аяқ қайта саналатын болып шешілген-тін. Алайда бұл үдеріс апталарға созылуы ықтимал. Осының салдарынан президенттің инаугурациясы 2 тамыздан айтарлықтай әрі шегерілуі ықтимал.
Содырлар 25 әйелді оққа байлады
Ирак астанасы Бағдад қаласында содырлар 25 әйелді атып өлтірсе, кем дегенде 8-ін жаралаған. Қарулы жасақтың пікірінше, әйелдер мұсылмандыққа жат іс-әрекеттермен айналысыпты. Полиция оқиға болған ауданды қоршауға алған.
Адам өліміне байланысты бірнеше адам тұтқындалыпты. Ал бұл қылмысты кімнің жасағаны туралы нақты айтылмайды. Алайда 2013 жылдың мамырында болған осындай оқиға кезінде 12 адам қаза тапқан еді. Әйелдерге шабуыл Бағдадтың шииттер басым тұратын бөлігінде жасалғанын да айта кеткен жөн.
Кубаны АҚШ-тың құрсауынан босатады
Ресей президенті Владимир Путин Латын Америкасына сапарын Кубадан бастағаны белгілі. Онда ол осы елмен ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойды. Сонымен қатар, В.Путин АҚШ тарапынан заңсыз құрсауды еңсеруге көмектесуге уәде берді.
Ресей президенті бұл уәдесін Куба министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастромен кездесуінің қорытындысы бойынша бергенін мәлімдеді. Қазіргі кезде Вашингтонның Гаванаға қатысты сауда, экономикалық және қаржы тосқауылы жұмыс істейді. Куба үшін ең маңыздысы – Ресей Гавананың Кеңес Одағынан қалған 3,5 миллиард доллар қарызының 90 пайызына кешірім жасады.
Қытайда қай қылмысқа да жаза ауыр
Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районында 32 адам интернетте экстремистік роликтер таратқаны үшін жазаланды. Олардың үшеуі өмір-бақи түрмеде отыру жазасына кесілсе, қалғандары 4 жылдан 15 жылға дейін түрмеге қамалатын болды.
Тергеушілердің пікірінше, интернеттегі материалдар исламшыл содырларды жақында болған лаңкестікке итермелеген. Сол лаңкестік әрекет салдарынан ондаған адам қаза тапқан болатын. Қытайдың күш құрылымдары қазіргі кезде Шыңжаңда антитеррорлық операциялар жүргізіп жатыр. Ол 2015 жылдың маусымына дейін жалғаспақ.
АҚШ Пекинмен қатынас құра ма?
АҚШ президенті Барак Обама Құрама Штаттар Қытаймен қарым-қатынастың «жаңа моделін» құруға дайын екенін мәлімдеді. Ол пайда болған кез келген қайшылықтарды конструктивті тұрғыдан реттеу үдерістерінен көрініс бермек.
«Құрама Штаттар тұрақты, бейбіт және өсіп-өркендеген Қытай мемлекетінің қалыптасқанын қалайды», – деді Б.Обама. Оның сөзіне қарағанда, екі ел арасындағы қарым-қатынас ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленуі тиіс. Үстіміздегі жылдың сәуірінде АҚШ президенті Азия елдеріне турне жасағаны белгілі. Сол жолы ол одақтастарын «Қытай қатерінен» қорғауға дайын екеніне сендіруге тырысқан еді.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Солтүстік Корея өткен жексенбі күні шағын қашықтықтағы екі зымыранды теңізге атты. Осылайша КХДР алдағы Оңтүстік Корея-АҚШ бірлескен жаттығуларына өзінің наразылығын білдірген сыңайлы.
Германия канцлері Ангела Меркель БАҚ-тардағы өзінің мерзімінен бұрын отставкаға кететіні туралы ақпаратты теріске шығарды. «Мерзімім біткенше жақсы жұмыс істеу туралы тілегім бар, қалғанын кейін көре жатармыз», – деп мәлімдеді ол.
*Грузия премьер-министрі Ираклий Гарибашвили ішкі істер министрі Александр Чикаиздзе мен оның ведомствосын есірткінің үлкен партиясын тәркілеуімен құттықтады. Әзербайжаннан Түркияға апарыла жатқан контрабанданың жалпы салмағы 2,79 тоннаны құрайды.
*Қытайдың Хунань провинциясында микроавтобус жардан құлап кетіп, 11 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың 8-і – балалар бақшасының тәрбиеленушілері. Сөйтіп, көліктегі адамдардың ешқайсысы тірі қалмаған. Үлкендердің 1-уі жүргізуші, 2-уі – тәрбиешілер.
*Кубань казактары әскерлерінің казактары 2015 жылы Қызыл алаңда өтетін Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа қатысатын болып отыр. Мұны Ресей қорғаныс министрлігіндегілер ресми түрде қуаттады.
*Қарулы адамдар Малайзияның Борнео аралына шабуыл жасады. Шабуыл кезінде бір полицей өлтірілсе, екіншісі ұрлап әкетілген. «Франс-Пресс» агенттігінің хабарлауынша, бақайшағына дейін қаруланған қарулы жасақ шамамен көрші ел – Филиппиннен келгендер сыңайлы.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.