Тарих • 11 Мамыр, 2023

Қазақ ордасындағы хан сайлау дәстүрі

427 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақ қоғамының берік ұстын­дарының бірі – хан сайлау дәстүрі. Билік алмасудың мұн­дай өзгеше үлгісі еркіндігі мол көшпелі әскери жауынгерлік ортада айрықша ұтымды болып шығады, ағайынның татулығын, елдің бірлігін қамтамасыз етеді, өлген әміршінің артында қалған балалардың немесе көлденең үміт­керлердің өзара қырқысына жол бермейді. Ең бастысы, ұлыс билігі барлық уақытта да кәме­леттен озған, біршама тәжірибе жинақтаған, беделді, жауынгер адамның қолында болады.

Қазақ ордасындағы хан сайлау дәстүрі

Мысалы, патшалық Ресейдің Уфа мен Сібірдегі наместнигі И.Якоби Сыртқы істер коллегиясына 1781 жылы 31 жел­тоқсанда жолдаған құпия баянхатында: «Қазақтар арасында хан сайлауы қазақ рәсімі ежелгі жарғы негізінде Ордадағы барлық игі жақсының қала­уымен жүзеге асады», дейді.

Осындағы патша наместнигі айт­қандай, қазақ қоғамының хан сайлау дәстүрі біздің эрамыздың IV-V ғасыр­ларына – көне ғұн дәуіріне барып тіре­леді. Ежелгі Түрік ордасы заманы­нан, VI ғасырдан жеткен нақты деректерге қарағанда, қағанат тарихындағы төртінші әмірші Мұған хан тақ билігі ағадан ініге, одан соң ағаның баласынан інінің баласына көшетін дәстүрді заң жүзінде негіздепті.

Ұлы Түрік қағандығының мұрагері, одан соңғы Батыс түрік қағандығы­ның тарихи жалғасы болып есептелетін Алтын Орда заманында бұл кілтипанның да емі табылады. Алтын Орда ұлысында да ежелгі түрік дәстүріне сай, тақ билігі ағадан ініге көшетін заң берік сақталады, алайда билік міндетті түрде келесі ініге ауатын салт қабылданбайды, келесі іні – туған іні емес, немере, шөбере, шөпшек іні болуы да мүмкін, әйтеуір билеуші әулеттен шыққан үміткер тек сайлау жөнімен ғана таққа жетеді. Сөйтіп, осы­ған дейін жалпы жұртқа білігімен, ерлі­гімен танылған, тұрғылыстар арасында зор бедел алған, бүкіл әулет мо­­йын­даған адам хан көтерілуге тиіс бо­лады. Әрине, жаңа хан сайлауда бел­гілі бір саяси күштер мен топтар, ірі шон­­жарлар, кейде үлкен билікке жеткен әскербасы бектер шешуші қызмет атқар­ған. Қайткенде де, ел тұтқасын ұстап отырған игі жақсылардың басым көп­ші­лігінің ырқынан тыс, кездейсоқ адамның таққа көтерілуі мүмкін емес еді.

Жаңа ханды сайлау ашық түрде, жария жағдайда өткізілген. Әуелі бүкіл ұлысқа сауын айтылады. Жұртшылық белгілі бір жерге жиналады. Хан сайлау рәсімін көруге, белгілі бір мөлшерде сырттай болса да атсалысуға ұлыстағы кәрі-жастың бәрінің де хақысы бар. Әйткенмен, шешуші дауыс – ел аға­ла­рына тиесілі. Бұлар: ел тізгінін ұстаған сұл­тандар, рубасы билер, әскербасы батырлар және ерлігімен не білігімен топтан озған игі жақсылар.

Әлбетте, ел ағалары алдын ала ақыл­дасып, кеңесе келе, белгілі бір ше­шімге тоқтайды. Содан соң ғана жалпы жұрт­тың мақұлдауымен хан көтеру рәсімі жұма күні ашық аспан астында өтетін болған. Жиналған жұрт кең майданда аттылы-жаяулы алқа-қотан тұрады. Орта­ға қымбат кілемдер, түрлі түсті текемет, сырмақ, жібек көрпелер жайылған. Бұл ең сыйлы төр деп есептеледі. Төрде хан сайлауға тікелей қатысқан ел ағалары мансап-дәреже, атақ-беделіне қарай үш қатар, төрт қатар болып дөңгелене отырады. Қақ ортада, яғни төрдің төбесінде осы салтанатқа орай арнайы басылған, алтын әдіпті жұқа ақ киіз.

Жұрт орнығып, дабыра басылған соң, күллі Ордаға танымал, атақ-абыройы зор ақсақалдардың бірі орнынан көтері­ліп, жиналған жұртқа Ұлы кеңестің шешімін жариялайды, хандыққа кімнің сайланбағын айтады. Бұдан соң елге танымал екі адам болашақ тақ иесін екі жағынан қолтықтап әкеліп, ақ киіздің үстіне шығарады. Әлі хан емес, үміткер ақ киіздің ортасында жүзін құбылаға қаратып, қолын қусырып, малдасын құрып отырады.

Осыдан кейін: ру басы – шешен билер, әскер басы – көзсіз батырлар, кей­бір ықпалды сұлтандар кезек-кезек көп­шілікке қарата жаңа ханның абзал қасиет­терін және алда атқарар міндет­тері жайлы өздерінің жүрекжарды пікір­лерін жолдайды. Ханның жақсы істері мадақталады, елге береке-бірлікті сақтау тұрғысынан насихат айтылады. Өйткені хан сайлау – барша халыққа ортақ іс.

Одан соң дінбасы молдалар Құран аятын оқып, күллі жұртты бірлік, пәтуаға шақырады. Соңында ұлыстың атынан бата жасайды. Бұдан кейін аса ықпалды рулардан сайланған мықты төрт азамат ортаға шығып, хан отырған ақ киіздің төрт пұшпағынан ұстап, бастарынан асыра жоғары көтеріп, қайтадан жерге түсіреді. Қазақтың «ақ киізге көтеріп, хан сайладық» деген ұғымы осында жатыр.

Әуелгі төрт жігіттен кейін ұлыс бе­кем­дігіне тікелей қатысы бар тұлғалар ру-руымен топталып келіп, ақ киізде отыр­ған ханды кезек-кезегімен төбесіне көтеріп шығады. Бұл рәсім әр атқарылған са­йын рудың беделді әйелдері хан отырған ақ киізге алтын-күміс теңгеден шашып тұрады.

Бұл рәсім аяқталған соң ел ағалары ханның сыртқы киімін шешіп, алғаш көтерген төрт жігітке үлестіреді де, хан­ға жаңадан тігілген алтынды айыр қалпақ, қамқа тон, зерлі шалбар, оқалы етік кигізеді, бар жарағын асындырады, соңында алтынды ер-тұрманы бар арғымақ атқа мінгізеді. Асан қайғы атамыздың:

Арғымақ атқа міндім деп,

Артқы топтан адаспа! – дейтін тол­ғауы осындайда айтылса керек.

Арғымақ атқа мінген хан Қазақ Орда­сының билеушісі ретінде толық мойын­далғанын білдіреді. Қазақ рәсімінде хан­­ға маңдайын жерге тигізіп бас ұру бол­ма­­ған, тіпті түзде тізе бүгу де жоқ, ханға ­де­ген қарашаның ең үлкен құрметі – аттан түсу, түрегеп тұрып қол қусырып ізет білдіру ғана.

Қазақта «отыз күн ойын, қырық күн той» деген сөз бар. Ол осы хан сайлау рәсіміне қатысты айтылған. Сайланған ханды алыс-жақындағы жұрт құттықтай келіп, ұлан-асыр той жасаған. Тойда жыраулар өнегелі жыр айтады, күйшілер күй толғайды, аламан бәйге, жамбы ату, көкпар, балуан күрес сияқты ұлыстың мерейін көтеретін, жұртты ерлікке, кісілікке баулитын, жас ұрпаққа үлгі-өнеге тастайтын, салт-дәстүрдің бәрі хан тойында көрініс береді.

Осы орайда, басқа жұртта жоқ рәсім «Хан сарқыты» деген бар. Тойға кел­ген қауым ханның өрістегі мал-мүл­кінен қозы-лақ, тайынша-торпақ деген­дей сар­қыт алып кетеді. Бұл – өте жақсы дәстүр, тойға келе алмаған ұлыс тілекшісі жарлы-жақыбай қауым осылай дәм татады. Бұл – ешқандай ырым-наным емес, дәстүр, халық қалауымен көтерілген ханға деген құрмет. Арада апта өтпей сарқытқа кеткен малдың орны «Хан шашу» рәсімімен неше еселеп толады.

Қазақ даласын зерттеуші орыс офи­цері И.Г.Андреев 1771 жылы қазақ­тар­­дың Абылайды хан сайлау рәсіміне қаты­сып, көрген-білгенін қағазға былай деп түсірген: «Абылай сұлтанды ұлықтап, хан тағына отырғызу рәсіміне сұлтандар мен старшындар, қара халық жиналды. Рәсімге келгендер айналдыра тө­сеп тасталған кілем-текеметтердің үстіне жас жағынан, руларының даңқы жағынан жол-жобаны сақтап, үш-төрт қатар алқа-қотан отырысты. Содан кейін ханның ерлігі, ақылдылығы, жақсы қасиеттері мадақталды. ...Қысқасы жиналған жұрт Абылайды хан болуға лайық деп таныды. Одан кейін атақты төрт адам Абылайды ақ киіздің үстіне отырғызып, бастарынан асыра жоғары көтеріп «Хан! Хан! Хан!» деп бірнеше мәрте айғайлады. Өзгелер де қайталады...», деп жазады (И.Г.Андреев. Қырғыз-қайсақтың Орта жүз бөлігінің сипаттамасы. Алматы. 1998, 36-37-б).

Қазақтың хан сайлау жоралғысы – ха­лықтық демократияның айқын көрі­нісі. Көшпенді өмір тіршілігіне негіз­д­елген қоғам үшін ең ұтымды жол. Егер осы жүйе бұзылса, ұлыс ыды­райды. Мысалы, қазақ тарихында Қайып өлген 1719 жылғы хан сайлауда, ел ағалары бір мәмілеге келе алмай, ақыры момын Болатты хан сайлайды. Оны Әбілқайырдың тобы мойындамайды. Осы бір жорасыздықтың салдарынан ел басқарусыз қалды да, бірлік кетті. Осыны пайдаланған ойраттар қазақты ақтабан шұбырындыға ұшыратты. Бір қателіктің өзі осындай зардап әкелді.

Сол сияқты Алтын Орданың ұйық орталығы шалқар Еділді мекендеп қалған Ноғай ордасы билікті ханға емес, билерге берді де, ел басқарудағы дәстүрлі жүйе ауысты. Нәтижесінде, уақыт озған сайын­ Ноғай Ордасы бытырап, ақыры тозып жоғалды.

Тағы бір дәлел, дүниені дүбірлеткен Ойрат хандығы әр қоңтайшысы өлген сайын таққа таласу күшейіп, әркім әскер күшімен билікті тартып ала беру етек алып, дәстүрлі басқару жүйесі бұзылуы салдарынан, ақыры жер бетінен жоқ болып кетті (Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. Алматы: «Қазақстан», 1995. – 193-197-б.).