Сұхбат • 12 Мамыр, 2023

Темірхан Медетбек: Мен де «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым»

717 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Атақты Уильям Фолкнер бір сөзінде: «Нағыз өлең жиырма алты жасқа дейін ғана жазылады», депті. Жиырма алты жас, былай қарасаң, қысқа ғана уақыт. Ал осы фолкнерлік аксиоманы бұзып, ғұмыр бойы өлең жазған ақындар біздің әдебиетімізде көп кездеседі. Солардың бірі – қаламынан найзағайдың жарқылы есетін ақын Темірхан Медетбек. «Көк түріктер сарынымен» қазақ поэзиясында тыңнан түрен салған ақын бізге берген сұхбатында өлеңдегі стилі, ізденіс жолы, қазіргі қоғамдық мәселелер туралы бүкпесіз айтып берді.

Темірхан Медетбек: Мен де «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым»

– Сіздің өлеңдегі мінезіңіз, стиліңіз өзге ақындардыкіне ұқсамайды, бұ­ның сыры неде? Өзімше жол салайын деген ойдың жемісі ме?

– Нағыз шығармашылық адамының тыныс-тіршілігі толассыз ізденістен тұрады. Шыққан биігіне, жеткен жетістігіне риза болып қалмайды, яғни ол рухани қанағатсыз деген сөз. Қанағатсыз деген сөз құлаққа доғалдау естілуі мүмкін. Бірақ оны материалдық қанағатсыздықпен шатастырып алмау керек. Шынында да, шығармашылық адамы рухани тұрғыдан қанағатсыз. Ешуақытта тоғайып, өзіне өзі риза көңіл­мен қарамайды. Қашан көрсең де ашқарақ...

Яғни ол бір шыққан биігінде то­қырап тұрып қалмайды. Бір белестен соң екінші белеске көтерілуі керек. бір өрістен соң екінші өрісті игеруге кіріседі.

Мақтанғаным емес, мен өзім үнемі ізденіс үстінде жүремін. Сәттілері де бар, сәтсіздері де бар. Өйткені ізденістегі кісінің жолы кілең біркелкі болмайды. Сәтсіздікке ұрынуы әбден мүмкін. Мәселен, мен ауылдан шықсам да, әдебиетте біраз жылым өткеннен кейін қала тақырыбына қалам тартқым келді. Қалам тарттым да. Бірақ онымды көп жұрт қабылдай қоймады. Өйткені ол өлеңдерімде ұлттық сипат, ұлттық болмыс жоқ болып шықты. Содан кейін одан тез бас тарттым. Ұлттық сипат болмай оқырман көңілінен шығу мүмкін емес екеніне көзім жетті. Мәселен, ақынды ағашқа теңеп көрейікші. Әр ағаштың өзегімен жалғасып жатқан күретамыры болады. Сол күретамыр өз топырағының құнары мен нәрін сорып, өзегі арқылы ағаштың тұла бойы­на жеткізеді. Сол сияқты ақын да өзі шыққан ұлттың бар болмыс-бітімін бойына сіңіріп алып, өлеңге құяды. Яғни оның күретамыры ұлт топырағына тамыр салған. Бұл үдеріс толассыз жүріп тұруы керек.

Мен мұны урбандану тақырыбына байланысты айтып отырмын. Бұл жерде бір айта кететін мәселе, қазір қалалар да қазақы болмысқа, ұлттық мінезге айналып барады. Болашақта урбандану тақырыбын індетіп жазар ақындар шығатынына кәміл сенемін. Алғашқы сәтсіздігімді сезінгеннен кейін мен енді басқа жол іздей бастадым. Бір күні қолыма баба жырау Илығ Тегін дүниеге келтірген «Күлтегін», сонан кейін көк түріктерді билеген бірнеше қағанның ақылман кеңесшісі болған «Тоныкөк» дастаны түсті. Оқыдым да таңғалдым. Олардағы «күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қызыл қанымды төктім, қара терімді сорғалаттым» деген сияқты жолдар санамды мүлде жаулап алды. Нағыз қаһармандық дастандар. Бұл дастандардың құпия жазуын алғашқы оқыған Дания ғалымы Вильгельм Томсен. Ал дастандардың қазіргі қа­зақ тіліне жолма-жол аудар­масын Ғ.Ай­даров, Қ.Өмірәлиев, М.Жол­дасбековтер жасаған. Солардың ішінде Құлмат Өмір­әлиевтің аудармасы менің жаныма жақын болды. Соның мәтінін пайдаланып «Күлтегін» мен «Тоныкөктің» еркін әдеби нұсқасын дүниеге келтірдім. Сол сарынмен өлеңдер жаза бастадым. Онымды Әбіш Кекілбаевтан бастап бірқатар ақын-жазушылар құп көрді. «Қазақ әдебиеті» газетінде істейтін Жүсіпбек Қорғасбек пен Әмірхан Меңдеке оны бірден жариялап жіберді. Сол сарын мені өзге ақындардан ерекшелендіріп тұр деп ойлаймын. Айта кеткен жөн, одан бұрынғы өлеңдерім де бөлек екпін, бөлек қуатпен дүниеге келген.

– Соңғы шыққан кітабыңыз қолымызға тиген жоқ. Ол қай жанрда жазылған? Қандай шығармаларыңыз енді?

– Соңғы шыққан кітабым, кітап­тарым деуге де болар, жеті томдық өлеңдер мен мақалалар жинағы. Бірер жыл баспаға соны дайындадым. Бұл – өзім үшін үлкен оқиға. Сондай-ақ мен «Қайран өмір» деп аталатын, басымнан өткен оқиғалар туралы мемуар жазған болатынмын. Әрине, оның ішінде өзім куә болған оқиғаларға көрген-білгендерім мен көңілге түйгендерімді де қостым. Адам өзі өмір сүріп жатқан қоғамды елеп-ескермеуі мүмкін емес қой. Мен де сол қоғамның бір мүшесімін. Біз тарихи кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Оны аттап өту күнә болар еді. Сол кезең туралы өз пікірлерімді айттым.

Қарап отырсам, басымнан сан қилы жағдайлар өткен екен. Бір оқиғаның өзі адамның бүкіл өмірін басқа жаққа бұрып, өзге өріске шығаратынына да көз жетті. Сөзім дәлелді болу үшін бір жағдайды айта кетейін. Қазақ телевидениесінде жұмыс істеп жүрген­мін. Бір күні әкең ауыр халде, төсек тартып жатып қалды деген хабар келді. Мен ол кісінің елу бес жасында көрген жалғыз ұлымын. Әпкелерімнің бәрі тұрмыста. Келіншегіміз екеуміз бірден жүріп кеттік. Шынында да, ауыр халде екен. Төрт ай бойы күттік. Бірақ дендеген ауру дегенін істеді. Дүниеден өтті. Сонан кейін Алматыға жұмысыма оралдым. Бірақ мұндағылар өндірістен қол үзгенімді желеу етіп, мені жұмыстан шығарып жіберіпті. Әкеңнің өлгеніне қарамайтын қатыгез заман еді ғой ол. Енді не істеу керек? Әрі жүгірдім, бері жүгірдім. Жұмыс табылмады. Шиеттей балаларым бар. Амал жоқ, біреулердің айтуымен Маңғыстауға тартып кеттім. Мұнда да талай хикаят бастан өтті. Оның бәрі қағазға түсті. Содан мен Маңғыстауда табаны күректей жиыр­ма бес жыл жүрдім. Алғашқыда бұрғылау алаңдарында істеп, одан кейін облыстық газетте журналист болдым. Міне, бір оқиға бүкіл өміріңді өзгертіп жібереді деген осы. Әйтпесе Маңғыстау барам деген жерім емес еді. Бірақ оған еш өкінбеймін. Ел көрдім, жер көрдім, талай қызмет атқардым. Менің мемуарымның көп бөлігі сол Маңғыстауға арналған.

– Жас кезде жазған өлеңдер мен әбден кемелге келіп жаз­ған жыр­лардың арасында айырма­шылық бар ма?

– Әрине бар. Жастық шақ деген – лапылдап тұрған кезің. Көзің шалып, көңіліңді қоздырған құбылыстарды бірден өлеңге түсіргің келіп тұрады. Менің, не болғанда да, таптаурын жолмен жүргім келмеді. Жаңа тақырыптарға бой ұрдым. Мәселен, «Телеграф сымы үзілген жерде», «Алыс шақырымдар», «Картаға түспеген өзендер», тағы сол сияқты өзге ақындардың көзіне түспеген, қаламына іліне қоймаған тақырыптарды қозғадым. «36 градус» деген де өлең жаздым. Соның соңғы жағын оқып берейін.

36 градустың қызуы

Қайната алмас суыңды,

Бу ете алмас көліңді,

Балқыта алмас темірді,

Тұтата алмас көмірді.

Дегенменен бір тәуліктің ішінде

Мың сан жылап,

Мың сан рет тойлаған.

Мың сан рет ашкөзденіп,

Мың сан рет ойлаған.

Дүние жатыр аласұрып, аунақшып

36 градуста қайнаған.

Бұл өлең қазір де өзінің тосындығын өзгерткен жоқ деп ойлаймын.

Міне, сол кездерде менің баспадан шыққалы жатқан «Сапар алдында» деген кітабымда «Шекарадағы торғайлар» деген өлеңім бар еді. Сол өлеңім үлкен дау туғызды. Соның ішінде «арғы беттегі ұяға бергі беттен жем іздеп, бергі беттегі ұяға арғы беттен жем іздеп» деген жолдардан сол кездегі баспаның дүмше бас редакторы үлкен саяси қателік тауыпты. Біздің торғайлар арғы беттен жем іздемейді. Біздің кеңес өкіметінің торғайлары аш емес. Бұл не сұмдық! Деген ғой. Сөйтіп, шығып жатқан жинақты пышақтап отырып әлгі өлеңді алдыртып тастаған. Менің алғашқы өлеңдерімнің сипаты осындай болып келеді.

Есейе келе адамдар арасындағы ізетті, игілікті қасиеттермен қоса бір- бірімен шайқасып-айқасып жататын драмалық қарым-қатынастарды өз мүмкіндігіме қарай қазып жаздым. Кейіннен көк түріктер сарынымен қоғам бойындағы келеңсіздіктер мен әділетсіздіктерді әшкерелеген өлеңдер дүниеге келді. Әрине, ол өлеңдерім жоғары жаққа ұнай қоймады. Дегенмен олар кезінде «Жас алаш» газетінің бетінде үзбей жарық көрді. Шеттетілдім. Бірақ алған бетімнен қайтпадым. Содан да қаншама жылдар бойы менің кітаптарымды баспалар басуға қорықты. Оларды кінәлай алмаймын. Менің кітабымды басса, билік оларды жеп отырған нанынан бірден айырады ғой.

– Сіз ұлт әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың көзін көрдіңіз, біразымен сырлас, дос болдыңыз. Олардан не үйрене алдыңыз?

– Біліп отырмын, сен қазақ әдебие­ті­нің алтын кезеңі болған, алпысыншы жылдарда үлкен құбылыс жасаған сол кезеңнің басы-қасында жүрген тұлғалар туралы айтып отырсың ғой. Олармен дос болдым деп айта алмаймын. Өйткені олар – менен жасы үлкен азаматтар. Бірақ жақсы-жайсаңдардың көбісімен дәмдес, пікірлес болғаным рас. Мен өзім Шерхан Мұртаза мен Әбіш Кекілбаев ағаларымнан көп қамқорлық көрдім. Екеуі де – қазақтың маңдайына біткен асыл тұлғалар. Шоқтықтары өте биік. Міне, сол кісілерден көрген жақ­сылықтарымды бүгінде мақтан тұ­тып отырамын. Олармен рулас та, жүз­дес те, жерлес те емеспін. Жалпы, мен үшін ғана емес, олар бүкіл қазақ үшін асқақ азаматтар болды. Олардың бойын­дағы қазақты алаламайтын осы қа­сиет­терін үлгі тұттым. Қазір жасыраты­ны жоқ, рушылдық белең алып бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Егер осылай кете берсе, бұл пәле ұлтымыздың өзегіне құрт болып түсуі мүмкін. Қатерлі үрдіс. Дер кезінде мұның алдын алған жөн. Ол кездегі ақындардың да жөні бөлек еді. Мұқағали Мақатаев көсілген кеңістіктің, Қадыр Мырзалиев тұнып тұрған ақыл-ойдың, Жұмекен Нәжімеденов тереңдіктің, Төле­ген Айбергенов еркіндіктің ақыны болатын. Бұл ақындардың әрқай­сына арнап кезінде мақалалар жазған­мын. Сондықтан оларға жеке-жеке тоқталмай-ақ қояйын.

– Кезінде «Алтынкөпірліктер» деген мақала жазып, соңыңыздан ерген ақындарға ақжол тіледіңіз. Ал қазір аға буын мен жас буынның арасы алшақтап кетті, бір-бірін оқымайды. Бұл қандай «дерт»?

– Соңымыздан келе жатқан інілерге қамқор сөз айту Шерхан мен Әбіштен бойыма сіңген үлгі ғой. Сондай-ақ жастарға қамқор сөз айту, сәт сапар тілеу ежелден келе жатқан үрдіс болатын. Мәселен, Әбділда Тәжібаев Мұқағалиға үлкен құрмет көрсетті. Ал Әбу Сәрсенбаев кейінгі толқын­нан Сайын Мұратбеков, Жұ­мекен Нәжімеденов, Қанипа Бұғы­баева, Дүйсенбек Қанатбаев сынды азамат­тарға қам­қорлық жасады. Мен де сол кісі­ден бата алғанмын. Ал қазіргі таңда аға буын мен жастардың арасы алшақтап бара жатса, ол, әрине, өкінішті. Дертке айналмасын деп тілейік. Не болғанда да, әдебиеттегі салаластық, сабақтастық жойылмауы керек. Олай болмаса, әде­биеттің дамуы­на үлкен нұқсан келеді. Осыны естен шығармаған жөн.

– Кезінде Маралтайлар «Тұлпарға мінген Ұлы даланың тарпаң мінезді ұлы боламын» деп күркіреп, поэзияға өз үнімен, екпінімен, өзгеше дауысы­мен келді. Ал қазіргі жастар әдебиетке үндемей келе салатындай ма, қалай?

– Әркімнің мінезі әртүрлі ғой. Біреулер дүбірлетін, дүркіретіп келеді. Енді біреулер жайлап басып кеп, өзінің мүмкіндігін бірте-бірте танытады. Қалай келсе де, мейлі, әдебиетке талантты дүниелер берсе болды емес пе? Әрине жастардың ішінде талантты қаламгерлер бар. Кейбіреулеріне кәдімгідей тәнті боламын. Солардан көп үміт күтемін. Мені шошытатыны, әлеуметтік желілерде шикілі-пісілі өлеңдерін жариялап, оған әдебиеттің нәрін де, дәмін де сезбейтін біреулердің қолпаштап қол соғатынына таңғаламын. Бұлар оқырманның талғамын бұзады ғой. Содан қауіптенемін.

– Мейлі, қандай заман болса да, сіз әділдікті жақтап бәрін бетке айтып келесіз, жалпы адам қаншалықты әділетті бола алады?

– Адамның әділетті болуы, шын­дықты айтуы жеке басыңа көп қиын­дық әкеледі. Мәселен, мен кезінде Жаңаөзенде бейбіт адамдарға оқ атылған кезде, бірден «Жас алаш» газетінің бірінші бетіне «Қан жібер­мейді» деген мақала жарияладым. «Азаттық» радиосынан сөйлеп, жоға­ры жаққа ызалы қарсылығымды біл­дір­дім. Сонда байқағаным, сенің әділеттілігің билікке мүлде жақпайды екен. Бірден шеттетілесің. Жиналыс, кон­ференцияларға шақырмайды. Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты болсам да, мемлекеттік стипендияны он жылдан астам уақыт бойы бірде-бір рет бер­меді. Сені адам қатарынан шығарып тас­тайды. Жаныңа бататыны, саған «хал­турщик» деңгейінде қарайды. Басқа да түрлі әрекет жасайды. Тиісті органдар да қарап қалмайды. Бұларды тарқатып айтудың бұл жерде қажеті жоқ. Құқай көрсету әбден етек алады. Жалпы, көрген күнің осылай болады.

Әрине, мен сонда да бұғып қалған жоқпын. «Тақта отырған тұтқын», «Әруақ атады» деген, басқа да өлең­дерімді үздіксіз жариялап отырдым. Кек алу үшін емес, ақиқатты айту үшін. Қазір батырлар көп болып кетті. Кезінде төбесі көрінбейтіндер бүгін бәрін өздері тындырғандай сөздер айтады. Соларға қарап қүлкің келеді.

Айта кетейін, мен оппозициялық партиялардың бірде-біреуіне мүше болған емеспін. Жиналыстарына шақырған кезде, өзіме керек болып жатса ғана қатысатынмын. Бізде оппозицияны жау көреді. Олар да осы елдің азаматтары емес пе? Әрине, олардың артық сөйлейтін де кездері бар. Оның себебі, бізде не нәрсеге де, соның ішінде оппозицияға да мәдениет жетіспейді... Бір сөзбен айтқанда, шындықты айту – ауыр, бірақ оған төзе білу керек.

– Жазамын деп жоспарлап, бірақ жазылмай қалған шығармаларыңыз бар ма?

– Мен ғұмыры ешқандай шығар­мамды алдын ала жоспарлап жазған емеспін. Мен үшін тақырып – өмірдің өзі. Айналаңа қарашы, мені жаз деп қаптаған тақырып тұнып тұр ғой.

– Туған жеріңізге барып тұрасыз ба? Нендей өзгеріс бар?

– Киелі Түркістаннан таяқ тас­там жерде кеше ел басқарған Нұртас Оңдасынов ауылы тұр. Сол жерде дүниеге келдім. Түркістанның өзінде оқыдым.

Түркістанға бұрын жылына кем де­генде екі-үш рет баратын едім. Ден­сау­лыққа байланысты қазір сиреді. Былтыр барғанмын. Түркістан облыс болып құрылды. Бұл бір игілікті іс болды. Қазір Түркістан мүлде өзгеріп кеткен. Тау бетінен жаңа Түркістан бой көтерген. Мені алаңдатаны – Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесінің тағ­дыры. Бұл кесененің айналасын көгал­дандырып жатыр. Қарағанға әде­мі-ақ. Үздіксіз суарылады. Содан кесене ылғал тартып барады. Басқа да проблемалар жетерлік, осыны тиісті орындар мұқият тексеріп, оны болашаққа сақтап қалуға кіріссе жөн болар еді. Әйтпесе күндердің күнінде опық жегізуі мүмкін.

– Қазіргі ақындар қоғамның талабына сай ма?

– Бұл бір өзекті мәселе. Әлдекімдер қоғамдық өмірді жазсаң, саясатқа ұрынасың. Ал саяси өлеңді ешкім оқы­майды, оның өмірі қысқа деп, осы ойын жастардың бойына құюмен жүр­гендерін білемін. Бұл қайдан шыққан сөз? Тамыры қайда? Айтайын. Кеңес өкі­меті кезінде газеттердің бірінші бетін­де жарамсақ ақындардың ком­мунистік партия мен Ленинді әспеттеген өлеңдері басылатын да жататын. Тіпті пленум, сессиялар туралы өлеңдер шығып жататынын көзі­міз көрді. Міне, осыдан саясисымақ тақы­рыптар жұрттың жиренішін тудырды. Сөйтіп, саяси өлең дегеннен оқырман қауым жерініп кетті. Ал саяси өлең әлдекімдерді тек мақтай беру емес қой.

Абай, Махамбеттер айналасындағы саяси өрескел әрекеттерге деген өз қар­сылықтарын айтумен өтті ғой. Мәсе­лен, Абай отаршыл саясат әкелген қараң­ғылыққа қарсы күрес ашса, Махамбет сол саясаттың қолшоқпары болған Жәң­гірге «хан емессің қасқыр­сың, қас албасты басқырсың» демеп пе еді. Олар – отаршылыққа қарсы шыққан на­ғыз күрескерлер. Ал жыраулық поэзия­ны қараңызшы. Олар тұтасымен қоғам туралы, қалқандары қаңғырлап, алмас қылыштары жарқылдап күреске ша­қырып тұр емес пе? Жалпы, сая­сат дегеніміз – адамзат өміріндегі ұлы құбылыс. Ол зор қуатқа ие. Сол сая­сат­тың күшімен бір мемлекеттер бостандық алып, бір мемлекеттер жоқ болып кетеді. Ол адамның психоло­гиясын, дүниетанымын, болмыс-бі­ті­мін өзгертіп жібереді. Адаммен бір­ге қоғам да өзгереді. Ондай ұлы құбы­лыстан өзіңді-өзің алшақ ұстау – ақын­ға ұят. Өйткені сол саясаттан адам­ның да, қоғамның да тағдыры айқын­далады. Сондықтан да жастар дәстүр­лі поэзиямыздың діңгегі болып санала­тын қоғамдық өмірдің сыры мен қы­рына тереңірек үңілгенін, оның ұстаным­дарын бойларына барынша сіңіргенін қалар едім.

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

«Egemen Qazaqstan»