Мұндай бастаманы Қорғаныс министрлігі әскерге баруға ынталандыру үшін ойлап тапқан. Бұған мемлекет тарапынан қаржы бөлінбейді. Шығынды университеттер өтейді. Бірақ бұл жеңілдік мемлекеттік грант болмағандықтан шәкіртақы берілмейді. Соның өзінде, тегін оқу үшін 15 мың сарбаз арнайы іріктеуден өтіп жатыр.
– Қазір компьютерлік бағдарламамен іріктеу өтіп жатыр. Қорытындысы осы арқылы шығады. Оның үстіне Қорғаныс министрінің бұйрығымен жеке арнайы комиссия құрылады. Әскери қызметтің нәтижесі бойынша тегін жоғары білім беру мәселесін осы комиссиясының өкілдері шешеді. Осылайша, олар ең үздіктеріне ұсыным береді, – деді Қорғаныс министрлігі білім және ғылым департаменті басшысының орынбасары Бегім Нұрмаханов.
Үміткерлерді іріктеу төрт түрлі әдіспен жүзеге асырылады. Яғни сарбаздың жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру деңгейі, жеке тәртібі, жауынгерлік кезекшілігін атқару кезінде міндеттерді толық орындауы және психологиялық жай-күйі бағаланады. Бұдан өткендер университет пен білім беру бағдарламасын өзі таңдайды. Әскерден кейін екі жыл ішінде оқуға түсуге мүмкіндік болады.
– Бастаманы Қорғаныс министрлігі былтырдан бастап қолға алды. 2022 жылы еліміздегі жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойылған болатын. Бірінші кезекте Отан алдындағы әскери борышын өтеген азаматтар еліміздің кез келген жоғары оқу орнына ұлттық бірыңғай тестілеусіз, ақылы негіздегі оқуға түсе алады. Ал сарбаздардың ішіндегі бір жыл бойына үздік нәтиже көрсеткендері тегін оқуға түсуге мүмкіндік алады. Біз тұрақты түрде жылына 3 мыңға тарта азаматқа тегін оқу мүмкіндігін береміз деген ойдамыз. Қазір жобаға еліміздегі 70-тен аса жоғары оқу орны қолдау білдірді. Сондықтан бұл бағдарлама жүйеленіп, әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз. Бір айта кетерлігі, бүгінде әскер қатарына келуге ынта танытып жатқан, әскери қызметке деген қызығушылығы туған жастар қатары артқанын байқадық, – деді Қорғаныс министрлігі тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті бастығының орынбасары Руслан Жангулин.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Қаржы нарығын зерттеу агенттігімен бірлесе меморандумға қол қойып, сарбаздарға кредиттік демалыс беруді бастады. Бұл әскердегі азаматтардың тұтынушылық несиелерді, шағын қарыздарды өтеуді 13 айға кейінге қалдыру мүмкіндігі. Оған өтініш беру үшін банкке сарбаздың өзі баруы міндетті емес. Тек әскери бөлімде борышын өтеп жүргені туралы сенімхатты жақын туыстарының біріне берсе болды. Бүгінде бұл игілікті еліміздегі 3,5 мың әскери қызметші пайдаланып үлгерген.