Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қаржылық орнықтылықты арттыру бағдарламасынан бөлек мемлекет ірі және жүйе қалыптастырушы банктерге де қолдау көрсеткен. Агенттік дерегі бойынша 2017 жылдан бері 6,9 трлн теңгенің «нашар» несиелері есептен шығарылған. 8 төлем қабілеті жоқ екінші деңгейлі банктен лицензия қайтарылған. Стрестік актив мөлшері 7,7-ден 2,3 трлн теңгеге дейін қысқарған. Проблемалық несие портфелі бойынша 982,4 млрд теңгеге провизия қалыптасқан. Төленбегеніне 90 күннен асқан несие деңгейі 12,3-тен (2017 жылғы) 3,3 пайызға (2021 жылғы) төмендеген.
Мемлекет қолдауын алған 6 банк 8,267 трлн теңгеге жаңа займ берген. Соның 4,01 трлн теңгесі – заңды тұлғаларға, 4,257 трлн теңгесі жеке тұлғаларға ұсынылған. Қазір аталған 6 банктің еншісінде 1,8 трлн теңге көлемінде мемлекет қаржысы әлі бар. Сауықтыру бағдарламасына «Еуразиялық банк», «Нұрбанк» және «Банк ЦентрКредит» қатысуды жалғастырып жатыр.
«Мемлекеттік қолдау дегеніміз – банктің депозиттер, облигациялар, несиелер бойынша банкке оны қайтарып алу үшін келесі көздерден тиімді шарттарда беретін міндеттемелері: мемлекеттік бюджет, Ұлттық қор, Ұлттық банк, Қазақстанның тұрақты даму қоры, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты. Сондай-ақ экономиканы несиелеу бойынша мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде экономиканың түрлі салаларындағы кәсіпкерлік субъектілер, ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыру аясында алынған қаражат мемлекеттік қарыз қаражаты болып есептелмейді. Дивидендтерді бөлу мемлекеттік қолдау арқылы алынған кірістерге жатпайды. Банктер дивиденд ретінде тек мемлекеттік қолдаудан түсетін кірістен тазартылған операциялық пайданы бөле алады. Бұл ретте банктердің дивидендті мемлекеттік қолдаудан дисконт (кіріс) шегерілгеннен кейін оң капитал болған жағдайда ғана төлей алатынын ескеру керек», дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.
Бұл ретте 2014 жылы Forte Bank-ке қолдау көрсету кезінде мемлекеттік бюджеттің, Ұлттық қордың, Ұлттық банктің немесе оның еншілес ұйымдарының қаражаты пайдаланылмаған. Сондықтан қазіргі заң талабы бұл банкке қатысты емес. Банктің басқарма төрағасы Бекжан Пірматовтың айтуынша, қаржы институты мемлекеттік бюджеттің де, Ұлттық қордың да қаражатын пайдаланған емес.
«Банктің бұрынғы акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 2015 жылы өз үлесін Болат Өтемұратовқа сатып несие ұйымы акционерлер құрамынан шығып кетті. 2014 жылы соңғы қайта құрылымдау шарты бойынша қор Forte Bank-те реттелген депозитті орналастыруы, тиісінше ол депозит 2024 жылға дейінгі капиталда ескерілуге тиіс болды. Бұл банктің орнықтылығын күшейту үшін жасалды. Қаражатты орналастырғаннан кейін төрт жылдан соң көлемі 220 млрд теңге болатын бұл депозит 2024 жылға дейін өтеу мерзімімен Forte облигациясына конвертацияланды. Сосын бұл капитал қалыптастырушы депозитті Forte 2018 жылы мерзімінен бұрын өтеді. Бұдан кейін «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін компаниялармен басқа мәміле болды», деді Пірматов.
Несие ұйымы 2018 жылы әділ құны 75, 75 және 71 млрд теңге болған «Самұрық-Қазына», «Қазақстан Темір Жолы» және «ҚазАтомПром» облигацияларын сатып алған.
«Біз бұл ақшаны өзімізде қалдырмай, әлгі компанияларға кредит есебінде қайтарып бердік. Бұл мәміле олар үшін де, біз үшін де қызықты болды. Коммерциялық мәміле деп айта аламыз, ол жерде мемлекеттік бюджет немесе Ұлттық қор қаржысын пайдалану болған жоқ. Сондай-ақ бұл қаржылық сауықтыру үшін алынған жоқ. Таза несиелеу мақсатында алынды», дейді банк басшысы.
Осылайша, өзге алты банк мемлекет алдында ресми борышты болып саналады және қарызды қайтаруды бекітілген тәртіп бойынша іске асырады. Биыл қаңтарда агенттік мемлекет көмегін алған банктердің дивиденд төлеуін шектейтін заң жобасын орналастырған еді. Осыдан соң жеті айдан кейін агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов аталған шектеудің 7 екінші деңгейлі банкке қатысты екенін айтқан. Алайда кейінірек тізімге 6 банктің ғана кіргені мәлім болды.
Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, банктер мемлекеттен алған ақшасын бірден қайтарып тастай алмайды.
«Реттелген облигацияларға мемлекеттік қолдау қаражаты (шығаруды тек қана кредиттік ұйымдар жүзеге асыруға құқылы эмиссиялық бағалы қағаздар) банктің қаржылық орнықтылығы және жұмыс істемейтін займдар бойынша провизия қалыптастыру үшін берілді. Сол себепті ақшаны бір сәтте қайтару банктердің орнықтылығы үшін үлкен тәуекел тудыруы мүмкін. Барлық банктер қалыптасқан капитал қорын ескере отырып, мерзімінен бұрын кесте бойынша қайтара алатын мемлекеттік қолдау мөлшерін дербес айқындайтын болады», деп түсіндірді агенттік төрағасы.
Осы ретте агенттік банктерге қатысты 4 талап енгізіп отыр. Бірінші талап бойынша қаржы институттары мемлекеттік қолдау құралдары арқылы түскен табыстан дивиденд бере алмайды. Екінші талап бойынша мемлекеттік қолдаудан жеңілдікті немесе кірісті шегергеннен кейін оң капиталдың болуы ескеріледі. Үшінші талап бойынша банктер мемлекеттік қолдауды мерзімінен бұрын қайтаруға міндетті, бұл ретте қайтарым сомасы төленген дивидендтерге пропорционалды түрде есептелетін болады – дивидендтер сомасының кемінде 10% және 66%-ынан аспауға тиіс. Төртіншіден, төленген дивиденд көлемін тәуелсіз аудиторлар міндетті түрде растауға тиіс. Мемлекет қолдауын алып және қолдауын алмай түскен табыстың ара-жігін анықтау да қиын емес көрінеді.
«Кез келген банктің қаржылық есептілігінде бәрі анық жазылады: операциялық қызметтен түскен кіріс, займ беруден түскен кіріс, түрлі қаржылық құралдардан түскен табыс деген сияқты. Соның ішінде қай кірістің мемлекеттік қолдау құралдарынан түскені де көрініп тұрады», дейді агенттік төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.
Бекітіліп отырған тәртіп бойынша капиталдағы мемлекеттік қолдаудан түскен кіріс мөлшері төмен банктер үшін жыл сайын мемлекетке қайтаратын сома төленген дивиденд сомасының 10 пайызынан кем болмауы керек. Ал егер капиталдағы мемлекеттік қолдау кірісінің мөлшері айтарлықтай болса, жыл сайынғы қайтаратын сомасы кемінде 66 пайыз болып белгіленеді.