Қаржы • 11 Мамыр, 2023

Қаржы институтының қатары көбейеді

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, екі микроқаржы ұйымы екінші деңгейлі банк атануға ниетті болып отыр.

Қаржы институтының қатары көбейеді

«Бізде екінші деңгейлі банк атанғысы келетін екі ірі микроқаржылық ұйым бар. Олар – KMF және Solva. Олардың портфелі және капитал жеткіліктілік мөлшері банкке айналуға мүмкіндік береді. Былтыр тиісті заңнамалық түзе­ту­лер жасалды. Соның арқасында мик­ро­қаржылық ұйымның әуелі лицен­зия­­сын тапсырып, сосын барып банк лицензиясын алуға өтінім беретін талап жойылды», деді.

Әбілқасымова жаңа банктердің ашылуына қатысты талаптарды жеңіл­де­ту үшін банк жүйесі туралы заңға түзе­тулерді әзірлеп отырғандарын да мә­лім­деді.

«Осы түзетулер қабылданғаннан кейін екінші деңгейлі банк ашуға деген ниет­тілер көбейеді деп үміттенеміз», деді агенттік басшысы.

Агенттік төрағасы отандық банктер­ге қатысты қайталама санкция тура­лы са­уалға да жауап берді. Оның ай­туын­­ша, біздің қаржы институттары анти­ре­сейлік санкцияларды бұзып отыр­ған жоқ.

«Өз тарапымыздан банк жүйесін­де ондай қателіктердің болмауы үшін барлық шараны қабылдаймыз. Мін­де­тіміз – отандық банктерге қандай да бір қайталама санкциялардың салынуына жол бермеу. Шетелдік реттеушілер енгізген санкцияға сәйкес болу үшін қазір барлық банк өздерінің ком­­­­плаенс жүйесін қатаңдатты. Сонымен қатар заңнамалық деңгейде банк­тер үшін клиенттердің белгілі бір стандарттарды сақтауына қатысты мін­дет­ті талап бекітілді. Бұл ақша ауда­ры­­мы, трансшекаралық төлемдерді жүзе­ге асыруға байланысты. Негізінен, клиент­терді, соңғы бенефициар ие­ле­рін тексеру, мониторинг және кли­енттер операцияларын зерделеу жүр­гі­зі­леді. Өз тарапымыздан барлық қа­жетті нормативтік-құқықтық базаны, тәуекелдерді басқару жүйесіне қатысты талаптарды бекіттік. Ол талаптар тек банк секторына ғана емес, қаржы нарығының барлық салаларына – сақтандыру, бағалы қағаздар және микроқаржы ұйымдарына да арналған», деді М.Әбілқасымова.

Сонымен қатар ол 2022 жылы ресейліктердің біздің банктерден 500 мыңнан астам шот ашқанын да хабарлады. Оның сөзінше екінші деңгейлі банктер шот аша отырып, барлық тиісті тексерулерді жүргізген. Қазір бес банк – Halyk Bank, «Банк ЦентрКредит», Банк ВТБ (Казақстан), Freedom Bank және Bereke Bank отандық және ресейлік азаматтардың «Мир» картасына қызмет көрсетеді. Айтуынша, АҚШ Қаржы министрлігі делегациясы тарапынан «Мир» төлем жүйесін пайдалануға қатысты ешқандай шектеу болмаған.