Отырысқа Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов және екінші деңгейдегі банктердің, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиын барысында парламентшілерге Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторына несие беру бөлігіндегі тапсырмаларын орындаудың аралық нәтижелері туралы баяндалды.
Дөңгелек үстелді жүргізген Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, сенатор Сұлтанбек Мәкежанов соңғы екі жылда әлемдік экономика пандемия мен ауқымды саяси катаклизмдерге байланысты дағдарысты бастан кешіргенін, оның құрамдас бөлігі ретінде біздің ел экономикасы да айтарлықтай қиындықтарға тап болғанын айтты. Сондықтан дағдарысты еңсеру және экономиканың одан әрі дамуын ынталандыру үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттілігі туындап отыр. «Осындай шаралардың бірі – отандық экономикаға несие беруді кеңейту», деді ол.
– Несиелеу – дамудың маңызды функцияларының бірі. Нарықтық экономика жағдайында несиелер экономиканың қажетті айналым қаражаттарына деген қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, оның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Еліміз үшін шикізаттық экономикаға, түпкілікті тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісі саласына несие беру ерекше маңызды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 наурыздағы «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында отандық кәсіпкерлік субъектілері мен еліміздің халқын қолдауға бағытталған бірқатар тапсырма берді, – деді сенатор.
Дөңгелек үстел басында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов сөз алып, өз ведомстволары тарапынан Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторына несие беруді кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Олар аталған тапсырмалардың орындалуы бойынша және күн тәртібіндегі проблемалар туралы айтып, оларды шешу бойынша ұсыныстарын жеткізді.
«Бүгінгі дөңгелек үстелде жемісті жұмыс атқарып, әзірленген ұсынымдар отандық экономиканың дамуына ықпал етеді. Қаржы және бюджет комитеті депутаттарының тарапынан аталмыш мәселе бойынша депутаттық сауалдар жолдау, түрлі іс-шаралар өткізу және заң шығару барысында осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», деді отырысты қорытындылаған Сұлтанбек Мәкежанов.