Несие • 11 Мамыр, 2023

Несие беру – нарық шарты

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенатта «Экономиканың нақты секторына несие беруді кеңейту жөніндегі шаралар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Несие беру –  нарық шарты

Отырысқа Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірах­манов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов және екінші деңгейдегі банктердің, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында парламентші­лерге Мемлекет басшысының эконо­ми­­­ка­ның нақты секторына несие беру бөлігіндегі тапсырмаларын орындау­дың аралық нәтижелері туралы баяндалды.

Дөңгелек үстелді жүргізген Қаржы және бюджет комитетінің төраға­сы, сенатор Сұлтанбек Мәке­жанов соңғы екі жылда әлемдік эконо­мика пандемия мен ауқымды саяси катак­лизмдерге байланысты дағ­да­рысты бастан кешіргенін, оның құрамдас бөлігі ретінде біздің ел эко­номикасы да айтарлықтай қиын­дық­тарға тап болғанын айтты. Сон­дықтан дағдарысты еңсеру және эконо­ми­каның одан әрі дамуын ынта­лан­дыру үшін тиісті шаралар қабыл­дау қажеттілігі туындап отыр. «Осын­дай шаралардың бірі – отандық эконо­микаға несие беруді кеңейту», деді ол.

– Несиелеу – дамудың маңызды функцияларының бірі. Нарықтық экономика жағдайында несиелер эко­номиканың қажетті айналым қара­жаттарына деген қажеттіліктерін қанағаттандыра отырып, оның үздік­сіз жұмысын қамтамасыз етеді. Елі­міз үшін шикізаттық экономикаға, түпкілікті тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісі саласына несие беру ерекше маңызды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 наурыздағы «Экономика­ның нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлығында отандық кәсіпкерлік субъектілері мен еліміздің халқын қолдауға бағытталған бірқатар тапсырма берді, – деді сенатор.

Дөңгелек үстел басында Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақ­сылықов, Қаржы нарығын рет­­теу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов, Ауыл шаруа­шылығы вице-министрі Рүстем Құрманов сөз алып, өз ведомстволары тарапынан Мемлекет басшысының экономиканың нақты секторына несие беруді кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Олар аталған тапсырмалардың орындалуы бойынша және күн тәртібіндегі проблемалар туралы айтып, оларды шешу бойынша ұсыныстарын жеткізді.

«Бүгінгі дөңгелек үстелде жемісті жұмыс атқарып, әзірленген ұсы­нымдар отандық экономиканың дамуына ықпал етеді. Қар­жы және бюджет комитеті депу­тат­тарының тарапынан аталмыш мәселе бойынша депутаттық сауалдар жолдау, түрлі іс-шаралар өткізу және заң шығару барысында осы бағыттағы жұмыс­тар жалғасын табады», деді отырысты қорытындылаған Сұлтанбек Мәкежанов.